Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты

148

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.

– Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.

– Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

– Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», ЖСДП, «Ақ жол», ҚХП, «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйледі. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-Министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.

Жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<