Қазақстан мен Өзбекстан сенаторлары Арал мәселесін талқылады

542

0

Қазақстан Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен бірге екі ел парламенттері палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның үшінші отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Комиссияның жұмысын аша отырып, Мәулен Әшімбаев қазіргі кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сындарлы және сенімді диалог құрғанын атап өтті.

«Бүгінде біздің көшбасшыларымыз ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың үлгісін көрсетіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапарын бауырлас Өзбекстанға жасады. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша біздің әріптестігіміз одақтас қатынас деңгейіне көтерілді. Біздің Палаталар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Комиссияның екі тең төрағасының белсенді жұмысын атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлардың талқылайтын негізгі мәселелердің бірі – Арал теңізі апатының салдарын жою бойынша өзара іс-қимыл перспективалары.

«Аралдың құрғауын БҰҰ және бүкіл әлемдік қоғамдастық қазіргі заманның жаһандық экологиялық проблемаларының бірі деп таныды. Қазақстан мен Өзбекстан Арал өңіріндегі жағдайды едәуір дәрежеде тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиісті шараларды және жобаларды іске асырып жатыр. Бүгін комиссия отырысында біздің депутат әріптестеріміз осы өткір экологиялық проблеманы шешу үшін парламенттер тарапынан бірлескен жұмыс бойынша одан әрі ұсыныстар мен идеялар көтеретініне сенімдімін»,-деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, отырыс барысында сенаторлар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ екі ел қалаларының байланысын нығайту мәселелерін талқылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<