Қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті

1847

0

Фото: ашық дереккөз

Облыс көлемінде өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының індеттік жағдайы қолайсыз болып қалыптасты. 48 күдікті жағдай тіркеліп, 13 науқастың диагонозы расталды. КҚГҚ табиғи ошақтарында аурудың көзі әрі тасымалдаушысы болып саналатын иксод кенелерінің табиғатқа шығу белсенділігі жоғары.

Ауруды ерте анықтап, дер кезінде емдеу шараларын жүргізу мақсатында медицина қызметкерлері арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының клиникасы, диагностикасы, алдын алу шаралары бойынша семинар-тренингтер тұрақты ұйымдастырылуда. Сондай ауқымды шаралардың бірі «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларын күшейту» тақырыбындағы республикалық семинар Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Аталмыш шарада санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова аймақтағы эпидемиологиялық ахуал мен індетке қарсы атқарылып жатқан шаралар барысын баяндады, аса қауіпті аурумен күресуде аурудың эпидемиологиясы, сақтану шаралары, олардың алыс және жақын зардаптары, қорғаныс киімдерін пайдалану, қанмен жұмыс жасайтын және алғашқы медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлері арасында ауруханаішілік ауру жұқтыруды, кәсіби аурушаңдықты болдырмау бойынша медициналық қызметкерлернің біліктілігі мен дайындықарының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Әлия Мүтәліпқызы тұрғындар арасында кене шағу жағдайларына немқұрайлықпен қарап, үй жағдайында өздігінен емделіп, ауруды асқындырып алатын жағдайлар бар екендігіне алаңдаушылық білдіріп, тұрғындар арасында да ақпараттандыруды күшейтудің өзектілігін айтып, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар туралы айтты.

Семинарда Конго-қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық белгілері, диагностикасы мен емдеушаралары туралы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Ержан Ыдырысов айтты. Сонымен қатар медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде жасақталғандығын жеткізді.

Әлемдегі және Қазақстан Республикасындағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты эпидемиологиялық жағдай, проблемалық мәселелер мен 2024 жылға арналған болжам бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы Ахан Тілеуов мәлімдесе, эпизоотиялық жағдайды анықтаудағы зоологиялық жұмыстың маңыздылығы туралы осы орталықтың Аса қауіпті инфекциялар мониторинг бөлімінің зоологы Өмірбек Үсенов баяндады. Аса қауіпті инфекциялардың зертханалық диагностикасы, сынама алу және жолдама толтыру мәселелері де сөз болды, бұл туралы «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Анар Айқодықова баяндады.

Семинар барысында мамандар аса қауіпті инфекциялар бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға баға беріп, түйткілді мәселелер  қозғалды, оларды шешу жолдары жан-жақты қарастырылды. Салааралық байланыс барысындағы сұрақтар қойылып, мамандар тәжірибе алмасты. Халық арасында аса қауіпті аурулардың таралуын болдырмау бойынша нақты тапсырмалар беріліп, бірқатар шешімдер қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<