Рекорд: Талдықорғанда бір мезетте 50 сәбидің тұсауы кесілді

285

0

Фото: Жеңіс Ысқабай

Жетісу облысында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында бір мезетте 50 сәбидің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балақайлардың тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білікті дәрігерлер мен танымал тұлғалар кесті.  

Алғаш тәй-тәй қадамын жасаған балалардың ішінде талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кішкентай сәбиі бар.

«Бір жасар баламызды айтулы шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлымызға Мұрагер деп ат қойғанбыз. Наурыздың онкүндігі аясында осы үлкен ауқымдағы тұсаукесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қадам жасағынын жақсы ырымға балаймыз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдаймыз. Барша жұртшылықты Наурыз мерекемінен құттықтаймыз», – дейді Гүлнұр Дәуренбекова.

Айта кетейік, аталған іс-шара елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. 

Рәсімге арнайы «КИнЭС» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков қатысып, тұсауы кесілген сәбилердің ата-аналарын құттықтады. 

«50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы фактінің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын сертификат табыстамақпын. Балалардың жолы ашық болсын!», – деген тілегін жеткізді Б.Тастүлеков. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<