Өрттен 2 сіңлісін құтқарған жасөспірім марапатталды

204

0

Павлодарда екі сіңілісін өрттен құтқарып қалған № 39 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ангелина Завьялова марапатталды, – деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

Облыстық ТЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Самат Асайынов басшылық пен жеке құрамның атынан Ангелинаға батыл іс-әрекеттері үшін алғыс білдірді.

Ер жүрек қыздың сынып жетекшісі Людмила Кутнова Ангелина сыныптың ең үздік оқушыларының бірі, өте жауапты екенін атап өтті.

«Мен бұл іс-әрекетке таң қалған жоқпын, өйткені мектепте ТЖ қызметкерлері балаларды әртүрлі төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйреткен. Біздің мектептің әрбір оқушысы осындай батыл іс-әрекетке қабілетті», – дейді педагог.

 Ангелинаның анасы Наталья Завьялованың айтуынша, 21 ақпанда Ангелина Завьялова мектептегі сабақтан кейін атасының үйіне келген. Оқушы демалып жатып қалған кезде кенеттен қорқып қалған сіңілілері оятқан.

«Үйде түтін мен өрттің иісі сезілген. Ол ас үйде атасын іздеген, бірақ таба алмаған соң үйде жоқ деп ойлаған. Бір бөлменің терезесінен Ангелина кіретін есіктің жанып жатқанын көрген. Сол кезде дереу үйдегі киіммен терезе арқылы сыртқа шығып, кейін сіңілісін алып шыққан. Осы уақытта қыздарды көріп қалған көрші көмекке келіп, оларды үйіне алып барған», – дейді Наталья Завьялова.

Ардагерлер кеңесінің төрайымы Хакима Асқарова ТЖ департаментінің басшылығына Ангелинаны жоғары марапатқа ұсынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<