Ұрылар бақташысыз малды түн ішінде атып алған

273

0

Өткен аптада облыс көлемінде республикалық «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараны департаменттің криминалды полиция басқармасы ұйымдастырды. 

Өткізілген іс-шараның 3 күнінде 6 қылмыс тіркеліп, кезекші тәулікте ашылды. Сонымен қатар, бұрын жасалған 7 мал ұрлығы ашылды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданында 2018 жылдың аяғынан жайылым мен қорадан мал ұрлығы қылмыстарын жасаған қылмыстық топ құрықталды. Олар түнгі мезгілде бақташысыз жайылымда жүрген малды атып алып, сойып, етін облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлерге арзан бағамен сатып отырған.

Жалпы осы мерзімде жәбірленуші 4 азаматтан арыз түсіп, олардан 3 жылқы, 2 ірі қара малы ұрланғаны және оларға  жалпы 1,5 млн теңге шамасындағы шығын келтіргені анықталды. Құрықталған 22-31 жас аралығындағы 6 азаматтың Жалағаш ауданының тұрғындары екені анықталып, олар өз қылмыстарын толығымен мойындаған. Сонымен қатар, олардың тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында 12 және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтықтары мен мал етін тасымалдаған автокөлік тәркіленді.

Қылмыскерлер мал ұрлығы қылмысынан бөлек заңсыз қару сақтағаны үшін де жауапкершілікке тартылады. Ұсталғандарға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде және олардың басқа қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<