Сәбиді судан құтқарды

605

0

Жуырда естіген мына бір хабар жүрекке жылу ұялатып, «осындай жайтты көбірек насихаттасақ, ел ішінде жақсылыққа деген сенім жоғалмас еді-ау» деген ойға келдік. Әлеуметтік желіні парақтап отырып оқыған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін білуі мүмкін деген адамдарға хабарластық. Өстіп отырып өзіміз іздеген ауыл дәрігерінің де телефон нөмірін тауып алдық.

Кейіпкеріміз Аралбай Мәмбетжанов Қазалы ауданындағы Майдакөл ауылында тұратын тіс дәрігері. Ауылда тұрса да әлеуметтік желі мен мерзімді баспасөз арқылы қоғамдағы үлкенді-кішілі оқиғаларға үн қосып отыратын азамат.

Кеш біліп жүрген біз екен, ауыл дәрігерінің айтуынша, соңы қайғылы аяқтала жаздаған оқыс жағдай осы жылғы тамыз айында болыпты. Осындағы ерлі-зайыптылар жақындары қайтыс болып, соған көңіл айтуға кетеді. Қаладағыдай құрдай қатынап жатқан көлік болмаған соң да ауылдағылардың алаңы аздау ғой. Сонда да үйдегі бір жарым жасар кішкентайды ересектерге тапсырып кетіпті. Күнде болмаса да інілеріне жиі бас-көз болып қалатын естияр екі ұл да алаңсыз ойнап, кішкентайды көзден таса қылып алса керек. Барған жерінен тез оралған әке-шешесі 1,5 жасар баланың үйге жақын жармада ағып бара жатқанын бір-ақ көреді ғой.

– Баланың шешесі маған телефон шалып, баладан тіршілік белгісі байқалмайтынын хабарлады, – дейді Аралбай Аяғанұлы. – Дереу жеттім, шынымен де сәл кешіксек баладан айырылып қалғандай екенбіз. Тез арада ес-түссіз жатқан сәбидің су киімдерін шешкізіп, қарысқан аузын ашып, тілінің ұшынан басып тұрып жұтқан суын құстырдым. Тұншығып қалған бала бірден шар етіп жылап қоя берді. Жедел жасанды дем беріп, жүрекке жанама массаж жасап, аяқ-қолын уқалап, аудандық ауруханаға аттандырдық.

Еңбек жолын жаңа бастаған маман болса, мұндай сәтте абдырап қалар ма еді, сәбиді сақтап қалам деген дәрігер бірінші тәжірибеге сүйенді. Ауруханаға жеткенге дейінгі 60 шақырымдық жолды уайымдап, тыным таппай кеткен ол «бала жансақтау бөліміне қабылданды» деген хабар жеткенде арқасынан ауыр жүк түскендей болған еді. Ауруханада ем алған сәби аз күнде сауығып, үйіне оралды.

Осыдан екі жыл бұрынғы пандемия кезінде Аралбай Аяғанұлының ауыл сыртындағы бекеттен Астанадан келе жатқан азаматтың бойынан дерт белгісін байқап, дабыл қаққан екен. Оның болжамы дәл шығып, науқас дер кезінде оқшауландырылыпты. Жуырда ауыл дәрігері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кейде дәрігер қызметінен мін тапсақ, «оу, сонда Гиппократ серті қайда қалды?» деп жататынымыз бар. Әсілі, ақ халат киген маманның кәсібилігі сертпен емес, жақсылық жасауға асыққан ниетпен, қиын сәтте қаймықпайтын жүрекпен өлшенсе керек.

egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<