Салоннан жаңа күйінде алғаш рет көлік алып тұрмын – автонесие алған Бекзат Тілеген

759

0

Жеңілдетілген автонесиеге алғаш болып ие болған астаналық Бекзат Тілеген өз қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автонесиені рәсімдеуге бағдарлама басталған 16 мамыр күні кірістім. Банкке барып өтініш бердім, олар 3 күн күту керектігін айтты. 3 күннен соң банк менеджері хабарласып, көлікті рәсімдеуге шақырды. 3-4 күннің ішінде көлікке қол жеткізіп отырмын. Алған автокөлігімнің құны 6,5 млн теңге. Шынымды айтсам, өте ыңғайлы бағдарлама. Өзімде бұрын машина болған, бірақ салоннан жаңа күйінде алғаш рет көлік иеленіп тұрмын. Мен барған салонда 2 көлік түрі болды, соның бірін таңдап, рәсімдедім. Автонесие алу процесі ашық әрі кедергісіз өтті», – деді астаналық Бекзат Тілеген.

Оның айтуынша, аталған бағдарламаның 16 мамырда іске қосылатынын алдын ала білген.

«Түсінгенім, клиенттің тұрақты жұмысы болғаны абзал. Сондай-ақ, жеке тұлғаның несие тарихы таза болғаны жөн. Өзім машина құрастыру бойынша инженермін. Отбасым, 2 балам бар», – дейді ол.

Бұған дейін жеңілдетілген автонесиемен алғашқы клиенттің көлік алғаны туралы хабарлаған едік. Айта кетейік, кеше жеңілдетілген автонесие алуға ниет білдірген 4 290 азаматтың өтініші мақұлданғаны хабарланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<