Салғырттық сапаны төмендетеді

217

0

Мемлекеттік басқаруды қалыптастыру процесінің басты бағытының бірі – қызмет көрсету жүйесін дамыту. Бұл ретте «Сапаны арттыру үшін қандай шара қолға алынуда? Жауапкершілік жүгі зор қызметте салғырттық бар ма?» деген сауал туындауы орынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы да жуырда осы мәселені талқылады. Отырысқа департамент басшысы Нұрман Талқанбаев төрағалық етті.
Жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мемлекеттік қызметтер мони­торингі бөлімінің басшысы Жанбота Жұмабаева атқарыл­ған жұмыстың ауқымы кең екен­­дігін атап өтіп, алға меже­ленген жоспарды баян етті. Бө­лім басшысының айтуынша, бү­гінде мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтер тізіліміндегі 740 қыз­меттің 192-сін жергілікті ат­қарушы органдар ұсынады. Оның ішінде «Damu-Med», «Е-ли­цензиялау», «Е-собес» се­кілді 22 ақпараттық жүйе бар.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтерді ашық және тиімді ұсынуды жүк­теді. Бұған дейін Елбасының «Қа­зақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жыл соңына дейін көр­сетілетін мемлекеттік қыз­мет­тердің 80, ал 2020 жылы кемінде 90 проценті электронды форматқа көшу туралы айт­ты. Бұл орайда облыста жыл со­ңына дейін 56 қызмет түрі ав­томаттандырылмақ. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бі­лім саласындағы 4 қызметті ав­то­маттандыру жоспарлану­да, алайда оның ішінде 2 қыз­меттің стандарты бүгінге дейін бекітілмей отыр. Бұдан бөлек, қа­зір жер қатынастары саласында ЖАО-мен 14 қызмет түрі көрсетілсе, оның 3-еуі «Е-ли­цензиялау» ДҚ АЖ-де авто­маттандырылған. Қалған 11 қыз­метті орталықтандырылған түр­де автоматтандыру қажет. «Өңірлік геоақпараттар жүйе­сін» құруға да облыстан 177 млн теңге бөлінді. Аталған жүйеге бас жоспар, түбегейлі жоспарлау жо­балары, инженерлік жүйе мен бос жер учаскелері жайлы ақ­парат енеді, – деді Ж.Жұма­баева.
Мұнан соң жұмыс тобы келе­сі шешімді ұсынды. Об­лыс­тық білім басқармасы 1 қазанға дейін «Е-МДБҰ» базасын «Е-Акимат» базасымен интеграциялау жұмысын толық жүргізуі керек. Сонымен қатар қала, аудан әкімдіктеріне электронды қызметтердің үлесін арттыру ұсынылды.
Отырыста бұдан бөлек  атау­лы әлеуметтік көмекті тағай­ындау қызметіне қатысты бір­­қатар мәселе көтерілді. Об­лыс­тық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар басқармасының бас­шысы Талғат Дүйсебаев ат­қа­рылған жұмыстарға тоқта­­лып, 25695 отбасыға көмек та­ғайындалғанын жеткізді. Жүйе­де орын алған олқы­лық­­тар да бар екен. АӘК тағай­ын­дау кезінде отбасының матери­алдық жағдайын зерттей­тін және ұсынылған мәлімет­тің дұ­рыс­тығын тексеретін учаске­лік комиссия түпкілікті зерттеу жүргізбей, жұмыспен қамту орта­лықтарына қағаз жүзінде ұсынылған ақпараттарды ғана негізге алған. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін болдырмау мақ­са­тында ҚР Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­­нистр­лігіне отбасының ма­тер­иалдық жағдайын тексеру жұ­мыстарын әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ҮЕҰ арқылы жүргізу ұсынылуда.
– Қазір ҚР Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің «Еңбек ресурстарын дамыту» орталығы арқылы алынған мәлімет бойынша об­лыстағы 3637 отбасына АӘК тағайындалуының дұрыстығы қайта тексерілуде. Бұған дейін 1-2 тоқсанда табысын жа­сыр­ған 1101 отбасына 898,3 млн теңге көмек тоқтатылды. Оның 155,6 млн теңгесі бюджетке қай­тарылуы тиіс, – деді Т.Дүйсебаев.
Басқарма басшысы өткен жылы жылдық табысы 1 млн теңгеден асатын, бірақ АӘК алған 160 отбасының және салық есептілігін нөлдік табыс­пен тапсырған 216 кәсіпкердің де тізімі облыстық кірістер департаментіне жолданғанын, қайта тексеру жұмыстары жүр­гі­зіл­генін алға тартты.
Жиын қорытындысында бас­қармаға «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» қызметінің регламентін бекітіп, мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала, аудан көлеміндегі орталықтарда түсіндірме жұмысын күшейту тапсырылды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<