СЕНІМ МЕН СЕРПІН

253

0

  Қайта түлеген Арал өңірінде өрісті іс өркен жайды. Кіммен тілдессеңіз де, теңіз төскейіндегі соны серпін, жағымды жаңалықтарды тебіреніспен  жеткізеді. Олай болмағанда ше?! Осынау жігер-қайраты көк теңізіндей буырқанған, атақонысын көзінің қарашығындай қастерлейтін адуын теңіздің бұла перзенттері бастарынан небір кепті өткермеді? Кезінде кір жуып, кіндік қаны тамған қасиетті мекенінен амалсыздан үдере көшіп, елдің әр қиырына тарыдай шашырап кеткенін кім ұмытады? Елбасының қамқорлығы арқасында кенезесі кепкен теңіз қайта шалқып, атакәсіп жанданып, көштің басы атажұртқа қайта бұрылғаны да шындық. Бүгінгі Арал теңіз маржанын аулап, өңдеп, экспортқа шығарумен ғана шектелмей, сан саласына нәр жүгірген, кәсібі қияға қанат қаққан өңір саналады.   

Бұл теңізді өңірде ешқандай түйінді түйткіл жоқ дегенді аңғартпайды. Шындықты бүр­кеп, жауырды жаба тоқым­дау жарамас. Десе де, жергілікті биліктің жүйелі бастама­лары жұмыстың алға жылжуына оң әсерін тигізуде.

Осының арқасында өткен жыл қорытындысымен Арал ау­даны кәсіпкерлік саласы­ның көрсеткіші бойынша респуб­ли­кадағы 290-ға жуық аудан ішінен алдыңғы лектен табылып, 28,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артық деген сөз. Әрбір жақсы нәтиже – төгілген телегей тердің жемісі. 

Көрсеткіштер дәйекті дерек, нақты есептен құрала­ды. Аудан бюджетінің шығыста­ры  алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 118,7 процентке өскен. Ша­ғын және орта бизнес су­­бъек­тілерінде бірқатар аза­мат­тар тұрақты жұмыспен қамтыл­ған. Мемлекеттік бағ­дарла­малар аясында қаржы инс­титут­тары арқылы аудан кә­сіпкерлеріне қомақты несие берілген. Нәтижесінде  тір­келген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 109,3 процентке өскен.

Аграрлық салада  алға жыл­жу байқалады. Төрт түлік – маңғаз даланың сәні. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 6,6 млрд теңгені құраса, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі, құс шаруашылығында да өсім бар.                       

Бағаны тұрақтандыру күн тәртібіне тұрақты қойылған. Осы мақсатта Астанада, Ақтө­беде, облыс көлемінде ауыл ша­руашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

Арал туралы әңгіме қозғалса, су маржаны – балық көзге елестейді. Ауданда  жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын,  7 балық өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы 6919 тонна балық ауланып, 3575 тоннасы өңделген. Сондай-ақ, 1950 тонна  балық өнімдері экспортқа шығарылды. Арал өңірі ба­лықшыларының дәстүрлі ІV слетіне Ресейден, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облысынан делегаттар  қатысуы шара маңызын аша түсті.

Теңіз төскейіндегі жұртшы­лық алдағы күнге сеніммен қа­райды.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<