Шәкірт зейініне шуақ құйған

277

0

 Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Абылай хан атындағы №140 орта мектепте мазмұнды шара өтті. Оған «Дара жол» жобасы аясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Аңсатова бастаған университет оқытушылары қатысты.

Алдымен университет доценті Минсара Қараманова мен профессор Шарбан Майгелдиева ізденуден жалықпайтын, мамандығына деген сүйіспеншілігімен ерекшеленетін ұстаздарға шынайы лебізін білдірді. Сондай-ақ, жиында жаңашыл ұстаздар білім беру жүйесіндегі әдістемелерімен бөлісті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін де шет қалдырмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есеге арттыруды тапсырғанын, бұл ұстаздарға деген айрықша қолдаудың белгісі екендігін алға тартты. Педагог мәртебесінің айқындалғанына да ризашылықтарын жеткізді.

Басқосуда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша  педагогикалық біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Сәкен Серікбаев ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп, тәрбие тағылымын дарытатын ұстаздар қауымы жетістік төрінен түспесін деген тілегін айтты. Шара соңында мектеп түлектері Дамира Аманжолова мен Динара Икрам да болашақта тынбай тер төгіп, абыройлы іс атқарып жүрген ұстаздар қауымының ізін жалғайтындықтарын жеткізді.

Мөлдір Қалымбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<