«Ақ сарайдағы» банкомат

388

0

Ұлы жолдың бойымен сапарға шыққан адам ерсілі-қарсылы көлік ағыны арылмайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің жарты әлемді жалғаудағы маңызы мен бірегейлігіне күн сайын көз жеткізіп жүр. Кейінгі жылдары тақтайдай тегіс, айнадай жарқыраған жолда көз тоқтатып қарайтын ғимараттар да көбейген. Ғимараттар салуда нысан иелерінің оның сәулеті мен келбетіне баса мән беретіні байқалады. Осы қызмет көрсету нысандарындағы жұмыс ырғағының қалыпты екені қасындағы көлік ағынынан аңғарылады.

Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы тұсындағы «Ақсарай» кешені де анадайдан көз тартар көркем орынға айна­лған. Қешен құрамындағы кафе, дүкен, қонақ үй, сауна, автокөлік жөндеу орталығы және автотұрақтан жолаушылар арылмайды. Жақында «Ақсарай» қызмет көрсету кешенінде  «Халық банктің» банкоматы орнатылды. Банкоматтың ақша алу, ақша салу, ақша жіберу функциялары бар.

Бұл қызметті тек ауыл тұрғындары мен жолаушылар ғана емес, көршілес елді мекен жұртшылығы да алады. Жақын жерде орналасқан банкоматтың көпшілікке пайдасы көп.

Кәсібі дөңгелеп тұрған «Ақсарайға» жолаушылардан өзге жақын маңдағы ауыл тұрғындары моншаға, кафеге келеді. Барлық жағдайы жасалған қонақ үй алыс жолға шыққан адамдардың тынығып алуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Мұнда тоқтағандар көліктерінің қауіпсіздігіне алаңдамайды, дәмді тағамға, дайын моншаға, өз ісін білетін көлік жөндеушілердің қызметіне алғыс айтып кетеді.

Еліміздің 5 облысын көктей өтетін транзиттік дәліздің 812 шақырымы біздің аймаққа тиесілі. Магистраль бойымен қатынайтын көлік саны артқан соң жол бойы сервисі нысандарын салу қажеттілігі туындады. Қазір А,В,С,Д санаттағы сервистік қызмет көрсету нысандары Ұлттық стандартқа сәйкестендірілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<