Қазақстанда аталып өтетін Отбасы күні – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, берекелі жанұялардың өнегесін насихаттайтын ерекше мереке. Бұл күн – қоғам тұрақтылығының негізі саналатын отбасының маңызын айшықтай түседі. Әсіресе, Отан алдындағы жауапты қызметті отбасылық өмірмен қатар алып жүрген әскери жанұялардың орны бөлек.
Талдықорған қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінде қызмет ететін Жасұлан Қуанышбайұлы мен Балжан Нұржанқызы – сондай жарасымды отбасылардың бірі. Тағдырлары әскери ортада тоғысқан жас жұп 2024 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-анаға айналған.
Капитан Жасұлан Қуанышбайұлы әскери бөлімнің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметін басқарады. Ал Балжан Нұржанқызы бөлімнің психологы ретінде әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалын нығайту бағытында еңбек етіп келеді. Екеуін табыстырған ортақ қасиет – әскери қызметке деген адалдық пен елге қызмет етуге деген жауапкершілік.
– Бейбітшілік пен тұрақтылық – тәуелсіз еліміздің ең басты байлығы. Ел тыныштығын сақтау – тек әскери қызметшілердің ғана емес, барша азаматтың ортақ парызы. Отбасындағы сыйластық пен қолдау адамға кез келген қиындықты еңсеруге күш береді, – дейді жас отбасы.
Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жас жанұя үшін ең маңызды құндылық – өзара сенім мен бірлік. Осындай әскери отбасылар қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, елге деген адал қызметтің жарқын үлгісіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі





