Субсидия: онлайн алудың жолы оңай болмай тұр

463

0

Фото: ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің қолын байлап, адымын тұсап отырған мәселенің бірі – субсидия. Бұған дейін аграршылар Qoldau.kz платформасындағы электрондық сервис арқылы қолдау тауып келген. Бірақ қазынадан бөлінген қыруар қаржыдан қағылған көп шаруаның бұл платформаға өкпесі қара қазандай еді. Мұның аудан мен ауыл үшін тиімсіз екенін жиі айтатын малшы мен егіншінің ұсыныс-пікірлері ескеріліп, Qoldau.kz-тің кем-кетігі түзеліп қалған-ды. Бірақ «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» кері келіп, биылдан бастап бұл платформа жұмысын тоқтатып, оның орнына Gosagro.kz пайда болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қаңтарда іске қосылатынын айтқан бұл портал әлі жұмысын бастаған жоқ. Осының кесірінен облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмай, сенделіп жүр.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тығырыққа тіреген осы мәселені Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитетінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, несие серіктестіктерінің өкілдері талқылап, ұсыныстарын айтты.

Осыған дейін саладағы кәсіпкерлер «Сыбаға», «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында 20 пайызбен несие алып келген. Оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Биыл несие пайызы өскен. Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген Gosagro.kz порталының әлі күнге іске қосылмауынан фермерлер қаңтар-ақпан айларына арналған субсидияны ала алмаса, несиені 22 пайызбен төлеуге мәжбүр болады. Бұл – бар тапқанын шаруасын жолға қоюға жұмсап отырған елдегілер үшін ауыр салмақ.

– Айналып келгенде қиналатын – ауылдағы шаруа. Мысалы, ақпанда алған несиені төлей алмасақ, «қара тізімге» енетініміз айдан ақиқат. Бірақ 22 пайызды төлеу қалтаға ауыр соғып тұр. Қыстан әрең шыққан малды саудалағаннан береке таппайсың. Осылайша мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған біздің жағдайымызды ойлайтын ешкім болмай тұр, – дейді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов.

Облыстағы жауапты мемлекеттік орган басшылары да бұл мәселеден хабардар. Олар былтырдан бері министрлікке отыздан аса ұсыныс берген. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы болып тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетовтің айтуынша, бұлар министрлікке жаңа ақпараттық жүйе толық іске қосылып кеткенше бұрынғы Qoldau.kz-пен жұмыс істеуді ұсынған. Бірақ әзірге мәселе шешімін табар түрі жоқ.

Республика көлемінде тек қаңтар айына ғана кәсіпкерлер 1 млрд теңгеге жуық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия ала алмай отыр. Бұл туралы отырысқа онлайн қатысқан «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова айтты.

Шаруалар мәселесін талқылауда Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков портал 1 ақпаннан бастап іске қосылатынын айтып отыр. Жақын арада диқан мен малшыны жаңа платформамен жұмыс істеудің қыр-сырына үйрететін топ ауылдарға жол тартатын көрінеді.

– Жаңа порталдың кемшін тұстары көп болып тұр. Оның мерзімінде жұмыс істеп кетеріне де сенім аз. Сондықтан да біз шаруа қожалықтарынан өтінімдерді 2-3 ай қағаз түрінде қабылдауды ұсынар едік. Qoldau.kz жаңадан қабылданған жылдары осындай тәжірибе болған. Тіпті жаңа порталды жетілдіру жолында шаруалармен ақылдасып, солардың ұсыныс-тілектерін де ескерген артық болмайды. Әзірше шаруалар үшін несиені 6 пайызбен төлеуге мүмкіндік беріп, қалғанын портал ашылған соң Үкімет есебінен өтеуге де болар еді. Қалай болғанда елдегілер қиналмайтын жағын қарастырған жөн, – дейді жергілікті кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова.

Ауылда мал бағып отырғандардың пікірінше, несиені мемлекет тарапынан субсидиялауды бір жүйеге түсіру керек. «Әйтеуір амалдап, 22 пайызбен төлерміз. Кейін мемлекет оның 16 пайызын субсидиялайды. Ақшаны бір қалтадан алып, бір қалтаға салғандай қылмай, неге бірден 6 пайызбен несие бермеске?» дейді Жаңақорған ауданынан келген кәсіпкер, «Жер қазына» ЖШС директоры Ерлан Махамбет.

Сала мамандары субсидияға қатысты бұл сарсаң қолдан жасалып отырған мәселе екенін айтады.

– Жұмыс істеп тұрған платформаның күшін жойып, күлдібадам бағдарламаны енгізу ақылға еш сыймайды. Шырылдап келген шаруаларға не айтарымызды да білмейміз. Жаңа портал ақпаннан бастап іске қосылады дегенге илана қою қиын болып тұр. Біздің несие серіктестігі арқылы 186 қарыз алушыға 300 млн теңге субсидия қажет. Егер портал жұмысын бастамаса, фермерлер осы ақшаны өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады, – дейді «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы Алмат Абдуллаев.

Несие серіктестігінің басшысы тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынып отыр.

Жалпы, шаруаға берілетін несие пайызы жылдан-жылға аспандап барады. Осыдан да көп кәсіпкер өзінше амалдауға көшкен. Ал субсидияның маңайындағы мына сарсаң онсыз да тиімділігі күмәнді болып тұрған несиеге деген елдің сеніміне селкеу түсіріп тұр. «Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекет алдындағы міндеттемемізді адал орындап отырған бізге «тәжірибе жасайтын қоян» ретінде қарағаны жанымызға батады. Бізге жан-жақты жетілген, кедергісі жоқ қолдау керек», дейді шаруалар.

Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<