Сыр өңірінде күрес спортының дамуына серпін береді

642

0

Қызылорда қаласында басталатын грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатына еліміздің барлық өңірінен және Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларынан келген 1290 балуан қатысады, Бұл чемпионат өз кезегінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру мен мен насихаттау, ювеналды қылмыстың алдын алу, сонымен қатар Қазақстандағы олимпиадалық күрес түрлерінің беделін арттыру және дәріптеу ісіне үлкен үлес қоспақ. Сондай-ақ Азия және әлем чемпионаттарына қатысу үшін Қазақстан құрама командаларын қалыптастыру мақсатын көздейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов осындай пікір білдірді.

Даңқты балуаны сәуірдің 16-на дейін созылатын ел біріншілігі Дүниежүзілік күрес федерациясы бекіткен жаңа форматта өтетінін жеткізді. Атап айтқанда бұл чемпионатта 17 жасатағы жаспірімдер және 23 жастан аспаған спортшылар 10 салмақ бойынша күреседі.

Дәулет Болатұлы брифинг барысында алдағы кезеңде ел балуандары бағын сынайтын бірнеше ірі жарыстар туралы да ақпарат беріп өтті. Мәселен, сәуір айының 19-ы мен 24-і аралығында Монғолия астанасы Улан-Батор қаласында ересектер арасында Азия чемпионаты өткізілсе, мамыр айының 3-і мен 6-сы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында жастар арасында Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық турнир болады. Сондай-ақ мамыр айында Алматы қаласында ересектер арасындағы халықаралық рейтингтік жарыстар ұйымдастырылмақ.

Д.Тұрлыханов чемпионаттың ұйымдастырылу дайындығына көңілі толатынын жеткізіп, Қызылорда облысы әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық күрес федерациясы атына ризашылығын жеткізді.

Брифингке қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов Қызылорда қаласында өтетін ел біріншілігі осы күрес түрлерінің өңірімізде дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<