Тағзым орны таза болсын!

5

0

Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті.

Өңірдегі тарихи-мәдени ескерт­кіштер, киелі орындар мен көпшілік зиярат ететін барлық аумаққа көр­кейту-көгалдандыру жұмыстары ұйым­дастырылды. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу секілді жұмыстар да жүргізілді.

Сауабы мол игі шараға барша облыс тұрғындарымен қатар мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ассамблея, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және жастар белсене қатысты.

Президентіміз «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады» деп, жалпы­ұлт­тық бағдарламаға айналған бас­та­маның мәнін ашып берді.

Киелі орындарды зиярат етудің бұрыннан қалыптасқан ережелері бар. Оның ең негізгісі тазалықпен байланысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық өт­кенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындырады.

Халқымыздың дүниетанымында қорымдар – тек жерлеу орны ғана емес, дүниеден өткендерге құрмет көрсететін, ата-баба рухына тағзым ететін қасиетті жер. Сондықтан кесене­лердің, қорымдардың таза­лығына, қараусыз қалмауына ерек­ше мән беріледі.

Осындай тағылымды бастамалар арқылы қоғамда тазалыққа деген жауапкершілік артып, ұлттық құндылықтарымызға құрмет нығая түседі.

Айта кету  керек, облыста 72 нысан киелі орындар тізбесіне енгі­зілген. Қасиетті кесенелерге жер­гілікті бюджеттен және демеу­шілердің қолдауымен реставрация, жөн­деу жұмыстарын жүргізіп, келу­ші­лерге ыңғайлы әрі қолжетімді ету мақсатында инфрақұрылымдары жақ­сартылды.

Акция аясында аймақтағы 200-ге жуық қасиетті орындар мен зират­тардың аумағын тазалау жұмыс­тарына 20 мыңнан аса тұрғын белсенді қатысты.

Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады.

«СБ» ақпарат