Тарих таңдаған тұлғалар

389

0

Сенбі күні Жаңақорған ауданында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҰОС ардагерлері, Әлім Мұхамеджановтың 100 жылдығы мен Ғафур Мұхамеджановтың 95 жылдығына арналған «Тарих таңдаған тұлғалар» атты танымдық-тағылымдық конференция өтті. Аудандық мәдениет үйіндегі шараны аудан әкімі Сұлтан Мақашов жүргізіп отырды.

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында тарихи тұлғалардың өнегесін жастарға дәріптеп, олардың жеткен жетістіктері мен ел игілігі үшін жасаған жұмыс­тарын насихаттау – аса жауапты жұмыс. Бұл өскелең ұрпақтың патриоттық рухын асқақтатып, тарихи санасын оятып, бәсекеге сай қалыптасуында қажет екені сөзсіз. Міне, осы орайда өткенді саралап, болашақты бағамдап, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» жолын ұрпақтар сабақтас­тығына айналдыру құптарлық іс.

– Бүгінгі «Тарих таңдаған тұлғалар» атты танымдық-тағылымдық конференция аудан жұртшылығы ғана емес Сыр еліне, республика жұртшылығына кеңінен танымал Әлім және Ғафур Мұхамеджановтардың 100 және 95 жылдығына арналады, – деді аудан басшысы. Тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі, қабілет-қарымы, азаматтық көзқарасын танытатын бүгінгі танымдық-тағылымдық конференцияның сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, шараға атсалысқан барша ағайын мен келген  қонақтарға алғысын білдірді.

Ағайынды Мұхамед­жа­нов­­тардың өмір жолы жайлы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ержан Уәйіс тартымды баяндама жасады. Сонан соң «Қызылорда облысының  Құрметті азаматы», ардагер-дәрігер Тұрғанбай Маханов, Ғ.Мұхамеджановтың көзін көріп, жүйелі сөзін санасына тоқып, пікірлес, сұхбаттас болып тәлімін бойы­на сіңірген шәкірттерінің бірі,  Сыр еліне танымал мемлекеттік басқару саласының құрметті ардагері Қорғанбек Қайруллаев естеліктер айтты. «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» Рахым Мауияұлы әңгімені қызықты өрбітіп, тарихи тұлғалардың орнын одан әрі биіктете түсті. Жиын барысында ­конференцияның құрметті қонағы ҚР Қарулы Күштерінің генерал-майоры Алмасбек Әбдірахманов естелік айтып, бірқатар ардагерлерді С.Нұрмағанбетов атындағы медальмен марапаттады. Әлім және Ғафур ағаларымыздың ұрпақтары атынан, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академия­сының  вице-ректоры Әлия Ғафурқызы шараға қатысушылар мен ұйымдастыру­шыларға алғысын білдірді.

Конференцияда естелік кітаптар оқырман қолына тиіп, соңынан ас берілді. 

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<