Тұрсынқожа Үсенов: Аймақта 9 айда 2541 қылмыс тіркелген

599

0

Елімізде құқықтық тәртіпті орнату, сондай-ақ адамдардың қауіпсіз ортада қолайлы өмір сүруге жағдай жасау өзекті де маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан да қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу профилактикалық жұмысын күшейту керек. Саладағы осындай басым бағыттарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ерекше тоқталған болатын.

Осы орайда мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды өңірдегі заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы ақпараттандыру мақсатында брифинг өтті. Брифингте ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқарманың азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Тұрсынқожа Үсенов баяндама жасап, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстағы қылмыс ахуалы туралы ақпаратпен таныстырды.

Тұрсынқожа Үсеновтың айтуынша, 2022 жылдың 9 айымен облыс аумағында жалпы 2541 қылмыс тіркелген, бұл былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 12 пайызға  төмендеген.

«Атап айтсақ, ауыр қылмыстар 10,8 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 9,1 пайызға төмендесе, керсінше онша ауыр емес қылмыстар 4,8 пайызға өскен. Ал аса ауыр қылмыстар өз деңгейінде қалған. Жасалған қылмыстарды талдау барысында өткен жылмен салыстырғанда адам өлтіру 5,6 пайызға, қарақшылық 20 пайызға, тонау 24,4 пайызға, қорқытып алу 33,3пайызға,ұрлық 11,8 пайызға, мал ұрлығы 22,1 пайызға, алаяқтық 8,3 пайызға, интернет алаяқтығы 13 пайызға, бұзақылық 6,8 пайызға, зорлау 50 пайызға және есірткіге қатысты қылмыстар 2,9 пайызға төмендеген. Ал денсаулыққа ауыр зиян келтіру 3,7 пайызға өскен. Жалпы қылмыстың 33 пайызға немесе әрбір үшіншісін ұрлық қылмысы құрайды. Дегенмен, осы ұрлық қылмысының ішінде ұялы телефон ұрлау 199-тен 174-ке, пәтер ұрлығы 180-ден 88-ге төмендеген. Қоғамдық орында жасалған қылмыстардың саны 628-ден 598-ге дейін немесе 4,8 пайызға төмендеген. 1186 адам қылмыстық құқықбұзушылық жасаса, оның 975-ы яғни 82,2 пайызы жұмыссыздармен жасалған. Облыс көлемінде орын алған қылмыстардың 70,8 пайызы Қызылорда қаласында тіркелген. Екінші орында 5,5 пайызбен Шиелі ауданы, үшінші орында 5,1 пайызбен Арал ауданы ауданы тұр. Облыс бойынша қылмыс Қармақшы ауданында аз тіркелген, жалпы тіркелген қылмыстардың үлесіне шаққанда 3,3 пайызды құрап отыр. Тағы бір айта кететін жайт, Қылмыстың жай-күйін анықтаудың бір құралы Комитет әзірлеген «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» аналитикалық жүйесі болып табылады. Аталған карта келесі қағида бойынша жұмыс жасайды. Қылмыс жасалып, ол қылмыстық қудалау органдарында тіркеледі. Осы уақыттан бастап, қылмыс картада пайда болады, онда қылмыс жасалған күні, уақыты, мекен-жайы және қылмыстың түрі көрсетіледі. Бұл карта ғаламтор желісінде http://qamqor.gov.kz мекен-жайы бойынша кез-келген азаматқа қол жетімді», – дейді Тұрсынқожа Үсенов.

Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқарманың қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Қанат Жалғасов та баяндама жасады. 

Қанат Жалғасовтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің тапсырмасын орындау шеңберінде «е-Заң-Көмегі», «Е-сараптама», «Офлайн қосымша» жобалары іске қосылған. Сондай-ақ саланы цифрландыру мақсатында сот сараптамасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен өзара іс-қимыл процестерінің электрондық форматтағы Қызылорда облысы бойынша 1516 сараптама қортындысы енгізілген автоматтандырылған пилоттық жоба да жасалған. Сотқа дейінгі тергеу сатысында қылмыстық процесті жүргізетін органдардың адвокатты қорғаушы ретінде тағайындау, Заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы мемлекет кепілдік берген заң көмегін есептеу және төлеу процестерін автоматтандыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Брифингте аталған салада облысымыздың құқық қоғау органдары тарапынан жүйелі түрде шешімін таппай келе жатқан құқықбұзушылықтар талданып, олардың алдын алуға қатысты бірқатар шешімдер қабылдануын қажет ететіндігі тұжырымдалып, басым бағыттар айқындалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<