Қызылорда облысына баратын туристер легі артқан

290

0

Ұлы дала елі өркениеттер байланысының өзегіне айналып отыр.
Көне дәуірлердегі керуен жолдарының ізін Сыр өңірінен де көптеп кездестіруге болады. Ал қазір сол сүрлеулер заманауи кейіпке еніп, темір тұлпарлар қатынасы жанданды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айқындай, түскен Ұлы Жібек жолының ел дамуындағы маңызы қандай?
Қызылорда облысының Қазалы қаласындағы «Керуен сарай» сонау Ұлы Жібек жолының жұрнағы, – дейді ғалымдар. Бұл жерде түйе тізген керуендер тынығып, алыс-беріс қызған. Яғни бүгінгінің логистикалық орталығы мен кемпингі деуге болады.
Әзілхан Тәжікеев, «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі:
– Керуен сарайларымыз бұл Жанкентте де бар, бұл асарлардың ішінде «Алтын асарда», бұл ең үлкен қала Сырдың бойындағы Женттегі керуен сарайлар. Бұлардағы бақшалардың орны. Осылардың бәрі керуен жолының, Ұлы Жібек жолының бір үлкен бағыты біздің жерімізбен өткендігін дәлелдеп беріп отыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі Ұлы Жібек жолының маршрутына сай келеді. Демек бабалар сүрлеуі бүгін де өміршеңдігін жойған жоқ.
Досхан Сәтбай, тарих ғылымдарының докторы:
– Мінекей, осы Ұлы Жібек жолын дұрыс пайдалану, осы бағытта аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ, бұрыннан да келе жатқан осы Сыр бойының барлығы да транзиттік жол ғой. Ендігі жерде осы мүмкіндікті пайдалану. Өйткені бірде-бір Орта Азияның республикалары бізсіз күн көре алмайды, логистикасы шешілмейді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің еліміз бойынша ең көп бөлігі Сыр өңірін бойлай өтеді. Бүгінде күрежолдағы көлік ағымы тәулігіне 9 мыңға жетті. Оның 800-ден астамы жүк тасымалдаушылар. Жаңғырған Ұлы Жібек жолы аймақта кәсіпкерліктің дамуына да жол ашты.
Дінмұхамед Болатбеков, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
– Жол бойындағы көлік кешендерінің салу бойынша 44 нүкте белгіленген болатын. Осы күнге дейін қазір 24-і іске қосылды. Барлық облысымызға алып келетін экономика жағынан қазіргі кезде 5 млрд 437 млн теңгенің инвестициясы құрылып, 24 жол бойындағы қызметтің инвестициясы сондай болды.
Мамандар жаңарған жолмен бірге туристер легінің де артқанын айтады. Олардың дені Сыр бойындағы көне ескерткіштер мен Байқоңыр ғарыш айлағын тамашалаушылар. Сондықтан халықаралық дәліздің Қызылорда облысындағы бөлігінен тағы 20 сервистік қызмет көрсету кешенін салу жоспарда бар. Бұл дегеніңіз, қосымша мыңға жуық жанның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Одан бөлек облыстың салық базасы кеңейіп, экономикасының ілгерілеуіне үлес қосары сөзсіз.

«Хабар 24»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<