Қызылордада мемқызметшілердің артық жұмыс жасау дерегі азайды

173

0

Қызылордада соңғы 3 айда мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу дерегі 15 есе азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде аймақтағы 24 департамент пен басқармада жұмыс аяғында компьютерлерді автоматты түрде өшіру бағдарламалары орнатылған.

«Қоғам өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік мекемелерде жұмыс уақытының сақталуына, заңсыз артық жұмыс істеу фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізіп жатырмыз.Сондай-ақ, соңғы 4 ай көлемінде облыстық мекемелер үйіндегі СКУД жүйесі арқылы қызметшілердің жұмыстан қайту уақыттарына талдау жүргізілді. Анықталғандай, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қыркүйек айында 791 сағат жұмыста артық кідірген болса, қазан айында 240 сағат, қараша айында 157 сағат, ал желтоқсанда 53 сағатқа азайған», – деді Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің  басшысы Абзал Мұхимов.

Алдын алу шараларының нәтижесінде қызылордалық қызметкерлердің жұмыста қалу деректері кеміген. Еңбек тәртібін бұзуға жол берген мемлекеттік мекеме басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті шешімдер қабылдау үшін облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына жинақталған материалдар жолданды.

Бұған дейін Қызылордада білім мекемесі басшылары жемқор қызметкері үшін жауапкершілікке тартылатынын хабарлаған болатынбыз.  

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<