Қызылордада мүгедектерге арналған спорт клубы ашылды

222

0

Облыс әкімдігінің қолдауымен биылғы жылдың қаңтар айында Қызылорда тарихында алғашқы рет «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Клубта 14 спорт түрі қамтылған, 27 жаттықтырушы жұмыс жасайды.
Спорт клубы мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында оқу-жаттығу, жарысу, дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбиелеу қызметін жүзеге асыру үшін құрылған.
Клубтың мақсаты – облыста көру, есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты зақымдалған азаматтарды спортпен тұрақты түрде айналысу арқылы қоғамда өзіндік орны бар екенін дәлелдеу.
Коммуналдық мекеме спортпен шұғылданамын дейтін осындай жандардың барлық санатына қызмет көрсетіп, жоғары білікті спортшыларды даярлау жұмыстарын жалғастыратын болады.
Клуб директоры қызметіне отырып ойнау волейболынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Пара Азия ойындарының қола жүлдегері Эрик Қасқабаев тағайындалды.  
Клуб директорының айтуынша, негізгі бағыт облыс бойынша мүгедек жандарды бұқаралық спортқа тарту, олардың әлеуметпен етене араласып, белсенді өмір сүруі, қызығушылық пен қажеттілігін ескере отырып, ортақ құндылықтарға тарту, зиянды әрекеттерден алыстату. Осы бағытта арнайы дайындалған жоспар бойынша спорттың бірнеше түрінен жаттығулар өткізіп, жарыстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, клубта парадзюдо, еркін күрес, қол күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы 64, үстел теннисі, шағын-футбол, баскетбол, жағажай волейболы, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, арбадағы би және стенд ату сияқты спорттың 14 түрі дамытылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<