Қызылордада тұрғындардан 534 млн теңгені алдап алған азаматша ұсталды

224

0

Қызылорда қаласында қаржы пирамидасы арқылы 350-ге жуық азаматтың ақшасын заңсыз алған алаяқ қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласында тұратын азаматша «Whats App» мессенджері арқылы «Айлуна Голд» деген атаумен бірнеше топ ашқан. Сол арқылы қысқа мерзімде аз ақша салып, қомақты қаржы табуға болатыны туралы жалған жарнама таратады. Жарнамада бар-жоғы 5-8 күн аралығында салған ақшаларының үстінен 60 пайыз үстемақы алып отыратыны айтылған. «Нәтижесінде, 2 айдың ішінде оңай олжадан дәмелі 345 азамат 534 млн. теңгеден астам қаржыны әлгі азаматшаның «Qiwi Кошелек» электрондық төлем жүйесіне және «Kaspi Gold» банкомат картасына аударып берген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда. Онда қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету жағдайы көрсетілген. Осындай жағдайларды ескере отырып Қызылорда облысының прокуратурасы оңай жолмен олжа табамын деп, алаяқтардың құрығына түсіп қалмауға шақырады», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай. Бұдан бұрын Қызылордада 4 млн-нан астам теңгенің зергерлік бұйымдарын ұрлаған тұрғын сотталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<