Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғауда атқарылған жұмыстар, өңірдегі сыбайлас жемқорлық ахуалы және алдын алу үшін қабылданған шаралар, әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды.
Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі» деп атап өтті. «Заң үстемдігін орнықтырып, құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне тосқауыл қою керек» деген міндет қойды.
Аймақ басшысы осы талаптар өңірдегі барлық мемлекеттік органның қызметінде бұлжытпай орындалуға тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды қызметкерлерге түсіндіріп, оның талаптарын мүлтіксіз сақтау керек. Медициналық ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қайта зерделеп, рәсімдерді кезең-кезеңімен автоматтандыруға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Денсаулық сақтау саласына халықтың сенімі бәрінен маңызды. Сондықтан басқармаға қарасты барлық медициналық ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды түбегейлі күшейтіп, әрбір бас дәрігердің жеке жауапкершілігін арттыру керек. Бірде-бір заң бұзушылық пен негізді шағым бақылаусыз қалмауы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Сонымен қатар, масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алуда ведомствоаралық жұмысты жандандырып, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына бақылауды күшейту тапсырылды.
Қылмыс деңгейі жоғары елді мекендерде «Ішімдіксіз ауыл» жобасын кеңейту үшін жергілікті ақсақалдар, қоғамдық кеңестер, учаскелік полиция инспекторлары және қоғам белсенділері нақты профилактикалық жұмыс жүргізуі тиіс.
Отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар және әлеуметтік қызметтерге бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қатаң бақылау маңызды. Бұл ресурстар қолайсыз отбасыларды ерте анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталуы қажет. Осыған байланысты отбасын қолдау орталықтарының қызметін ведомствоаралық деңгейде қайта қарау жүктелді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі





