«Жалған» қауын

457

0

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары «Қапланбек» кеден бекетінде Өзбекстаннан елімізге қауынды контрабандалық жолмен тасымалдағандардың жолын кесті, деп хабарлады egemen.kz.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылауды жүргізу кезінде көлікке тиелген тауарларды қарап тексеруге мүмкіндік беретін инспекциялық тексеріп-қарау кешендерін сәтті қолданып келеді. Ал егер кедендік декларацияларда көрсетілген тауар туралы мәліметтерде алшақтық болса, нақтыланған кедендік жете тексеру жүргізіледі.

Мәселен, 23 тамызда «Қапланбек» кеден бекетінде комитеттің ахуалдық орталығының қызметкерлері инспек­циялық тексеріп-қарау кешенінің суреттерін талдау кезінде мәлімделген құжаттардағы сәйкессіздікті анықтады. Құжаттарда көрсетілген қарбыздың орнына суретте сопақша пішіндес тауар көрінген. Комитеттің 2021 жылғы 12 қарашадағы №722 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік кіріс­тер органдары лауазымды тұлғаларының тексеріп қарау интроскопиялық техникасын қолдануы тәртібіне» сәйкес ахуалдық орталығы кеден заңнамасын бұзуға күдік туындаған мәліметтерді кедендік жете тексеруге жіберді.

Кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде (Ахуалдық орталықтың бейне сүйемелдеуі) «Қапланбек» кеден бекетінің қызметкерлері 62 тонна декла­рацияланбаған қауын тауарын анықтады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы 12 тонна «қауын» тауарын және 66 тонна «қарбыз» тауарын алып өтпек болған.

Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында импорттаушылар декларацияларда неғұрлым арзан тауарды мәлімдейтінін атап өткен жөн. Анықталған бұзушылықтар бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қолданыстағы заңнамамен жауапкершілікке тартылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<