Жаңа оқу жылы қарсаңында елордада өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясында С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицей директоры, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Ләззат Әбенова Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Білім саласында 25 жылдан астам қызмет ете жүріп, шәкірттерін биіктерге жетелей білген ұстаз еңбегі лайықты бағаланып, аймақ ұстаздарының абыройын еселей түсті.
Ләззат Өтегенқызы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар ол 1993 жылы №12 орта мектебін «Үздік аттестатпен» аяқтады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Гуманитарлық университетінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және «Болашақ» университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 1995 жылы Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында дикторлық қызметтен бастады. Іргелі ұжымдағы шығармашыл ортада тәжірибе алып, 1999 жылы өз мамандығы бойынша Қызылорда қаласындағы №3 гимназияға орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасты. Ал 2005 жылдан бастап орыс сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 2008-2013 жылдар аралығында №3 мектеп-лицейінде директордың ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Біліктілік санаты – педагог-зерттеуші. Теориялық білімі жоғары, оқытудың әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген, сабақтары сапалылығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
Айта кетейік, №3 IT-мектеп-лицейінде 2021 жылдан бастап мектеп директоры Ләззат Әбенованың авторлық жобасы – «Бағдарламалау мектебі» іске қосылды. Бұл жоба оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамытып, оларды болашақ кәсіби бағдарға жетелейтін маңызды бастама. Бүгінде «Мектепті басқаруды автоматтандыру», «Пәндерді оқытуда ІТ мүмкіндіктерін қолдану», «Бағдарламалау мектебі үйірмелері» секілді үш бағытта жүзеге асырылып отырған жоба өз нәтижесін беруде.
Мектеп-лицей шәкірттері үш жыл қатарынан республикалық және халықаралық ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен, Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық зерттеу жобалары конкурсында Arduino негізіндегі қауіпсіздік моделін жасаған 11-сынып оқушысы жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ мектеп-лицей оқушылары «Зерде», Smart City Hackaton, «Robotek Grand Turnament» сияқты байқауларда жеңіс тұғырынан көрінді.
Сабақ барысында ЖИ технологияларын енгізу мұғалімдердің кәсіби дамуына да серпін берді. Сондай-ақ мектептегі DIGITAL STUDIO телестудиясы арқылы бірнеше жаңашыл жобалар іске қосылып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға айтарлықтай ықпал етіп отыр.
– Ең бастысы, шәкірттердің ынтасы мен еңбегі жемісін беріп, лицейіміз республика бойынша «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Алдағы уақытта №3 IT-мектеп-лицейі жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тереңірек енгізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде Python-да жасанды интеллект курсы, Unity ортасында қазақша анимация әзірлеу, IT-журналистика бағытын дамыту қолға алынбақ.
«Бағдарламалау мектебі» – тек бір мектептің тәжірибесі емес, еліміздің орта білім жүйесіне енгізуге болатын үлгі, – дейді мектеп директоры Ләззат Әбенова.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





