ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАСТАРҒА АРТЫЛҒАН СЕНІМ

227

0

 «Болашақ» университетінің студенттері тікелей трансляция арқылы Астанада өткен «Жастар жылының» ашылу салтанатын тамашалады. Шара барысында қатысушылар жүзеге асқан табысты жобалармен танысып, түрлі салада жетістікке жеткен қатарластарының пікірін тыңдады. Бұл жыл еліміздегі, соның ішінде өңірдегі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, шығармашылық әлеуетті көтеріп, зияткерлік қабілетті дамытуға жәрдемдесетін мүмкіндіктер жылы екенін бірауыздан айтып жатты. 

– Бүгінгі шарада біраз жаңашылдықтың куәсі болдық. Соның ішінде әлемнің жетекші оқу орындарының курстарын қолжетімді ететін Астана ашық университеті құрылатыны ерекше әсер қалдырды. Оның идеясы қашықтықтан білім беру мен ашық онлайн-курстар тәжірибесіне негізделген. Мұндай курстардың әдістемесі мен технологиясы білім беруді дербестендіреді, әр адам өзіне ыңғайлы уақытта және өзіне ыңғайлы жылдамдықпен оқи алады. Сонымен қатар  Президент жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналдыруды тапсырды. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру да қажет деп танылды. Осыған қарап, мемлекеттің қозғаушы күші саналатын жастарға қолдау толастамайтынын аңғаруға болады. Елбасының жастарды ерекше атап өтуі, біздегі жауапкершілікті арттырады. Бұл жауапкершілікті алу діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне дайын болу дегенді білдіреді, – деді студент Арайлым Болат.

Расында, қазір жас буынға қолдау зор, мүмкіндік мол. Бүгінде бабаларымыздың табаны тимеген жерге, балаларымыздың қаламы тиюде. Мыңдаған жас шетелден білімін жетілдіріп келеді. Жаңа дүниелерді игеріп, тың технологиялардың тілін тапқан. Ал, мұның барлығы білікті мамандардың қатарын көбейтуге сеп болатыны, біздің жарқын болашаққа деген сенімімізді одан әрі күшейтетіні сөзсіз.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<