Жазғы мектептің берері мол

889

0

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде жазғы мектептің жұмысы таныстырылды. Мұнда бастауыш және жоғары сыныптардан барлығы 500-ге жуық білім алушы дәріс алады. Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына бірнеше үйірмелер қамтылған. Солардың бірі – білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері «жасыл мектеп» жобасы аясында әртүрлі өсімдік түрлеріне тәжірбие жасап, тың дүниелермен айналысуды қолға алған.

– 26 мамырдан бастап жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Білім алушыларға 23 педагог сабақ береді. Оқушылардың шығармашылығы мен ойлау қабілетін жан-жақты дамуы үшін әртүрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, «Сoworking» орталығы, «Дарынды дос» жолдастық көмек көрсету жобасы, «Жасыл мектеп», домбыра сыныбы, және IT бағытындағы үйірмелер жас өрендердің шығармашылығын ұштастыруға арналған. Сондай-ақ, пәндік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу басты назарда. Мектеп ұстаздары, өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері, дебат клубы жоспарға сай түрлі бағытта сабақ үйретеді, – деді Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейдің директоры Айгүл Өткелбаева.

Айта кету керек, облыстағы 295 мектептің 117 мыңға жуық оқушысы жазғы мектепке қатысуға ниетті. Оларға 14 мыңнан астам педагог сабақ беріп, арнайы сыныптар жасақталды.

– Білім беру ұйымдарында 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектеп жүргізіледі. Оқу пәндері бойынша күніне 3-4 сабақ 40 минуттан өткізіледі. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Сонымен қатар еркін киім үлгісін киюге рұқсат берілген. Айта кететін жайт, мұғалімдерге еңбек ақы толық төленетін болады. Кезекті еңбек демалысының күндері өзгеріссіз беріледі, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулеталиев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<