ЖҰМЫЛА КҮРЕСКЕН ІС НӘТИЖЕ БЕРЕДІ

179

0

 Елімізде қоғам өзегіне түскен жегі құрттай жемқорлықты жою мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жемқорлық мемлекеттік органдардың қызметіне кері əсерін тигізіп, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзатындықтан, онымен күресте көп болып жұмылу нәтиже бермек. 

Бейсенбіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі облыс бойынша арнайы мониторингтік топтың отырысы өтіп, онда атқарылған жұмыстар бойынша хабарламалар тыңдалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов бұл кеселмен күресте идеологиялық-ақпараттық қолдаудың маңызына тоқталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі мемлекеттік органдардың ресми парақшаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттау үздіксіз жүргізіліп келеді. Ойы орамды, абырой-беделі бар азаматтардың пікірін негізге алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, тағы басқа формада ақпараттық-насихаттау жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Азаматтық қоғам өкілдері де сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған «Азаматтық қоғам» әлеуметтік қызметін жүзеге асырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізу үшін әлеуметтік зерттеуге сүйенеді. Тұрғындардың сыбайлас жемқорлық мәселесіне көзқарастарына арналған әлеу­меттік сауалнама қорытындыланды. Рес­пон­денттердің сыбайлас жемқорлық жағдайымен кезікпегендері бұл жағдайды бастан өткергендерге қарағанда әлдеқайда көп. Сондай-ақ, маңызды әрі жедел проблемасын шешу үшін пара беретіндерге қарағанда, сыйақы бермейтін тұрғындар үлесі молырақ.

Басқарма қызметкерлері арасында заң бұзушылықтарды болдырмаудың алдын алуға байланысты іс-шаралар  жос­пары бекітілген. Апта сайын заңмен көзделетін жауапкершіліктері  түсіндіріліп келеді. Мемлекеттік сатып алу аясында көрсетілген қызметтерді веб-портал арқылы электрондық нұсқада жолдау жолға қойылды.

Жалпы идеологиялық жұмыс, ақпараттық насихат – көзге көрінбейтін, нәтижесі ешқандай өлшем бірлікпен өлшенбейтін, бастысы – уақытты талап ететін сала. Дегенмен азаматтарды жемқорлықтан аулақ болуға, пара алмауға, бермеуге үндеу, оның соңы қандай келеңсіздіктерге апаратынын көрсету, айту арқылы алға жылжимыз. Біреудің қателігінен екінші адамның сабақ алуына, оны қайталамауға тырысуына насихаттық күрес арқылы қол жетпек. Бұл реттегі жұмыстарды ұйымдастыруда түпкі мақсатты көздеп, нәтижеге ұмтылу керек.

Ұрпақтың рухын, берік әрі кемел қыламыз десек, кез келген салада еңбек етіп жүрген әрбіріміз жемқорлық жағдайына жанымыздың төзбейтінін көрсетуіміз ләзім. Бұл орайда бірінші орынға жеке мүдде шықса, онда ұрпақ алдындағы аманат орындалмай қалады.

Топ мүшелері хабарламашыға өз сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Күн тәртібі бойынша Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Жаниязов, Жаңақорған ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Ә.Абдуллаевтың баяндамалары тыңдалып, ұсыныстар берілді. Мониторингтік топтың төрайымы А.Ізденнің айтуынша, аудандардағы мониторингтік топтардың құрамын жаңалау керек. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<