Жол және сапа

216

0

 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жол инфрақұрылымының сапасына аса көңіл бөлуді тапсырған. Осы бағытта облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті қала және аудан әкімдіктеріндегі сала мамандарының қатыс­уымен «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында аймақтағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша мәжіліс өткізді.
Бүгінде өңірде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3451 шақырымды құраса, оның ­1016-сы республикалық, 563-і облыс­тық, ал 1872-сі аудандық маңызы бар жолдар қатарында. Биыл жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 12,1 млрд қаржыға 192 шақырым көлік жолдары, көшелер мен көпірлерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу құрылысының кіреберіс жолын салуға 112,9 млн теңге (3,5 шақырым) бөлінсе, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында орташа жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге барлығы 584,6 млн теңге қаржы қаралған. Оның ішінде Жосалы кентінің 8 көшесі мен Жалағаш кентінің 7 көшесіне жөндеу жұмыстары бар.
Қазалы ауданының «Әлсейіт» учаскесіндегі Сырдария өзенінің көпірі мен Қызылорда қаласы дария жағалауындағы Шіркейлі арнасының көпірі биыл пайдалануға беріледі деген үміт бар. Бұдан бөлек, Қазалы және Жалағаш аудандарында автомобиль жолдары орналасқан көпір өткелдеріне күрделі жөндеу өтіп жатыр. Айтпақшы, Шиелі кентіндегі теміржол арқылы өтетін автомобиль көпіріне облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, сатып алу конкурсы өткізілуде.
Қаланың сол жағалауындағы 2-магистральды көшенің құрылыс жұмыстарына биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражат толығымен игеріліп, құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтатылыпты. Бұл жобалар 2020 жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан басқа, Жаңақорғандағы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шалқия» автомобиль жолы толығымен күрделі жөндеуден өткізіліп,  пайдалануға берілген. Осы аудандағы ұзындығы 47 шақырым құрайтын «Келінтөбе-Қандөз-Көктөбе» автомобиль жо­лына облыстық бюджеттен биыл бөлінген 1316,3 млн теңгеге 28 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілген. Келесі жылы  толық пайдалануға беру жоспарланыпты.
Биыл қалаға қарасты Қара­өзек пен Қызылөзек ауылына кіреберіс 3 шақырымдық жол жөнделсе, Қармақшыдағы Иіркөл ауылына кіретін 16 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Қосымша «Са­мара-Шымкент-Талдыарал» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қала ішіндегі кейбір көшелерді жөндеуге (барлығы 21 көше) облыстық бюджеттен 581,1 млн теңге қаралған. Қазіргі 17 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген.
– Облыстық және аудандық жолдар сапасын қадағалау барысында 78 рет жолға шығып, ішінара тексеру кезінде 257 сынама алынды. Нәтижесінде бірнеше жолдан кемшіліктер табылды. Мысалы, «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» мен  Әйтеке би кіреберіс пен айналма автожолы, асфальт жамылғысы қалыңдығының сәйкес келмеу, жолдың тегіс салынбау, т.б. себептері анықталды. Бұл кемшіліктер жайлы мердігер компанияларға хат жолданған, бірақ, әзірге ол ақау­лар жөнделмей отыр, – дейді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК басшысының міндетін атқарушы Ержан Усманов.
Жол сапасын қадағалайтын «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК биыл 20 наурыздан бастап тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Мекеме тарапынан анықталған жол салудағы кемшіліктер дер кезінде жөнделмесе, құзырлы органдар көмегіне жүгінетінін де жеткізді. Тексеруде анықталған 30-ға жуық ақаудың 18-і әлі де қалыпқа келтірілмеген.
Айта кету керек, биыл облыс­тық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішін   65% жеткізу ме­желенген. Ал, 9 айдың қорытындысымен 10,6 млрд теңге игеріліп, жылдық жоспар 85 процентке орындалады деп күтілуде.

Ержан ҚОЖАСОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<