Жыл басынан Астанаға қанша ресейлік келді

844

0

Жыл басынан бері елордаға 29 мыңнан астам шетелдік келген, оның ішінде 4 мың ресейлік бар. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұханбет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері Астана қаласында 29 мыңнан астам шетелдік азамат тіркелген, оның ішінде 4 мыңы – Ресей азаматтары. Осылайша, есептік кезеңде қабылданған шаралар нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 5 мыңнан астам шетелдік жауапкершілікке тартылды. Елден 867-сі шығарылды», – деді А. Баймұханбет елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге шетелдіктерді шақырған, алайда олардың елде болу ережелерін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін 1083 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Өзге елден жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 93 жұмыс беруші жауапқа тартылды.

«Оған қоса, полиция департаментінің қызметкерлері 887 шетелдіктің жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына қамады. Тіркеу және құжаттандыру ережелерін бұзған 2866 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді басқарма бастығы.

Сондай-ақ көші-қон қызметкерлері объектілерде алдын алу шараларын жүргізу кезінде, құжаттарды қабылдау мен рәсімдеу кезінде шетелдік жұмыс күші арасында шетелдіктердің құқықтық жағдайы бойынша заңнама талаптары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<