Азамат келбеті

801

0

Шөмішкөл – қос көлдің құрсауындағы шағын ауыл. Бұл ауылдағы ағайынның атакәсібі – балықшылық. 1970 жыл мен осы ауылдағы мектеп табалдырығын аттап, бірінші класты оқуды осында бастадым. Сол кезден бастап бұл елдің ақеділ ақсақалдарынан ақ пейіл аналарына дейін етене таныспын.

Ауылдағы мектепте бар болғаны үш жыл оқысам да бүгінге дейін маған ыстық елдің бірегейі осы ауыл. Біздің Шабан ауылы бұл жерден он бір шақырым. Алайда, мектебіміз болмаған соң Шөмішкөлге қатынап оқыдық. Ол кезде транспорт жоқ, мектепке жаяу-жалпылап қатынадық.

Біздің Шабанды да қос көл қаусырмалап тұр. Бірі – Ақшатау, екіншісі –Сорқақ. Ақшатау көлі көлемді, үлкен көл болғандықтан болар, Шөмішкөл балықшылары балықты көбіне осы көлден аулайды. Балық толы қара қайықтар түс ауа Ақшатаудың Шабан жақ жағалауына қарай бет түзейді. Кемі 10-15 қайық келіп жағаға қаз-қатар тізіле тоқтайды.

DCIM\100MEDIA\DJI_0056.JPG

Міне, осы топта балықшылар бригадирі Тарғын Әбілдаев ағамыз да бар. Бет-жүзін күн қақтаған, бәкене бойлы, жүзі жылы, көзінде мейірім шуағы сәулеленген осы кісі бір көрген адамның кез-келгеніне ыстық көрінуші еді.

– Әй, Алтыншаштың баласы, мә, мына екі сазанды шешеңе апар, – деп, беліме шыжымға талай байлап берген еді, жарықтық. Қос сазанды құм үстінде сырғанатып сүйреп келуші ем үйге. Сазанды сүйреу себебім, үлкен ғой, қолға ұстасам құйрығы жерге тиіп жүргізбейді және қолды салмағы қиып кетеді. Ал, сүйреу көп жеңіл. Кейін оқып, көз ашыла бастағанда білдік, шөмішкөлдік Әбілдаев Тарғын аға ауданға белгілі сақа балықшы екенін.

Сол тұста (1970-1980 жылдар) Арал аудандық газеті Тарғын Әбілдаев басқаратын балықшылар звеносының толағай табыстарын қалт жібермей жазып отыратын. Міне, осылайша парасатты азамат, пайымды маман өз биігіне ерен еңбекпен жеткенін білдік. Бұл кісі Арал теңізінің арыстан жал толқынын да қара қайықтың күшімен бағындырған батыр еді.

Сонау 1980 жылдардың соңында Балқаш көліне Арал балықшылары келісіммен балық аулауды үрдіске айналдырды. Міне, осы кезде де Тарғын Әбілдаев Балқаш көлінің төрінен көрінді. Биіктігі үш метр боп келетін адуын толқынға пысқырып та қарамаған Тарғын ағамыз бұл!

«Аға, мына толқыннан аман қаламыз-ба?» деген үрейлі інілеріне:

«Ой, пәлі! Толқын деген қораңдағы ерке күшігіңдей ғана ғой», – деп, езу тартады екен. Міне, осындай теңіз толқынымен таласа ырзық-береке терген ағамыздың келместік кемесіне мініп кете барғанына да бірнеше жыл болыпты. Уақыт шіркін, деген осылай ағын судай зырылдап өте береді екен.

Бұл Шөмішкөл ауылындағы бір ғана азаматтың ажар-келбеті…

Оңталап БАЗАРАЛЫ,

ақын,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<