10 мың қаракөлше

1248

0

Оқта-текті архивімді ақтаратын дағдым бар-ды. «10 мың қаракөлше» деген жазбама көзім түсті. Онда былай деппін: «Арал» кеңшарының ұжымы оныншы бесжылдықты екі миллион жүз мың сом таза пайдамен қорытындылады. Оның ішінде 1980 жылғы пайдасы 700 мың сомның үстінде болды және олар 2460 центнер ет пен 759 центнер сүтті, 396 центнер жүн мен 14078 дана қаракөл елтірісін жоспардан артық тапсырды.  Бұларда ауданның өзге шаруашылықтары көтеріле алмаған екі жетістік, атап айтқанда: «Қаракөлше өндіру мен кәрі саулықтардың тірілей салмағын елу килодан етке тапсырады» делінген екен.

Қаракөлше өндіруді бұлар жылына екі рет, бірінші және төртінші тоқсандарда атқарған. Әрине, ол үшін көп еңбектену қажет және олар тісі жоқ, кәрі саулықтар ғой. Осы жайында кеңшардың бас зоотехнигі, об­лыстық партия комитетінің пле­нум мүшелігіне кандидат Жет­керген Нұрымовтан сұбхат алып­пын.

– Жылына екі рет  отар-отардан кәрі саулықтар жиналып, бұл іске бұрыннан қанық шопандарға бе­кітіледі, – деді менің сауалыма орай, – 1978 жылға дейін қолдан ұрықтандырып келдік те, кейін оны мүлде қойдық. Сөйтіп ша­ғы­лыс пунктін дайындау, осе­ма­натор тағайындау, құрал-жаб­дықтар әкелу, жұмыс кү­шін бөлу сияқты – басы ар­тық шаруалардан құтылдық. Айта­лық, тамыз айында «Бәймен» ба­зына екі не үш отар шамасы кәрі саулық отары әкелінеді. Ма­мандар ере келеді. Көлеңке жа­салады. Бұлақ суына саулықтар күніне бір рет, қошқарлар екі рет шомылдырылып, салқын­да­тылады. Бұл айда саулықтарды күйге келтіру үшін магстроль дәрісін қолданамыз. Бұл қойдың күйін жинақтайды. Магстроль жемге араластырылады.

– Ал, магстрольді жемге қосып бердіңіз, одан әрі ше?

– Одан он күн өткесін СЖК препаратын егеміз. Ал он ­бірін­ші күні байқаушы қошқар­ды жібереміз де күйге келгенін бө­лектеп, әр үш қойға бір-бір­ден қошқар қосып, еркін шағы­лыс­тырылады.

– Ал  қаракөлше қашан алынады?

– Біздің тәжірибемізде  135 күнді нысанға алып жүрміз. Қошқар жіберген күннен есеп­тейміз. Сонда тамыз айында ша­­ғылысқа түскені желтоқ­сан­ның орта тұсында етке тапсы­рылып, қаракөлшесі сойып алы­нады. Төлдеуі де жақсы. Қоныс Қосмағамбетов, Мейірхан Әлиха­нов есімді шопандар жүз ана­лықтан 104-106-дан қаракөлше алып жүр.

– Бұл кәрі саулықтардың бір жылда екінші рет төл беруі ғой, ә?

– Иә, екінші рет. Еркімен  емес, әрине. Ықтиярсыз ғой, – деді бас зоотехник күліп.

– Ойпыр-ай, жануардың тұла бойындағы бар нәрін әбден «сы­ғып» алған екенсіздер, – деп таңданыс білдіргем.

– Бәрі адам, адам игілігі үшін емес пе? – деп жауап берген-ді сонда Нұрымов мырзаңыз.

Осындай әдіспен аралдық­тар етке тапсырардағы кәрі сау­лықтардан оныншы бесжыл­дық­та 10 мыңдай қаракөлше алып­ты. Әр қаракөлше өндіруге 18 сом 89 тиын жұмсалған. Ал әрбірінің сату бағасы 30 сом 12 тиыннан айналған. Демек, әрбірінен 11 сом 23 тиын пайда. Осыны 10 мыңға көбей­тіңіз!

Қонысовтың қайсарлығы

Аға шопан Бөрібай Қонысов етке тапсырылатын кәрі саулық­тарын арнайы бағымға алатын кісілерге өткізуден бас тартады. Сол 1979 жылы ол өзіне бекі­тілген әр жүз саулықтан 164-тен қозы өргізген озаттардың қатарында екен.

Мамандар неге десе:

– Тоқты кезінен қабылдадым, содан бері жыл сайын төлін алып келем, әрбірінің мінез-құл­қы мәлім. Өзгеге  беруге қи­маймын. Қаракөлшесін де өзім  алам, етке де өзім тапсырам, – деп қасарысады.

– Ау-у, оған бір сенің күш-қуатың, мүмкіндігің жетпейді ғой…

– Отбасымыз болып кірісеміз, – дейді.

Мамандар айтады: Бұл біз шешетін мәселе емес. Бұл жұмыс кеңшар директоры Т.Сыры­мов­тың тікелей бақылауында. Сол кісіге барыңыз.

Директордың қабылдауына келеді. Т.Сырымов ойланады. Жігіттің қайсарлығына, өрлігіне сүйсінеді де:

– Әй, Бөрібай, онда сен кәрі саулықтың әр жүзінен 106-дан қаракөлше алып, әрбірін елу килодан етке тапсыруға уәде бер, осыған келісесің бе?! – дейді.

– Келісемін, жолдас директор! Тек әр қойдың ішім-жем «сыбағасын» жеткізіп беріңіз? – деп қасқайып тұрып алады.

Өрлік пен намыскерлік жеңе­ді. Бөрібай Қонысов жеті жүзге тарта  кәрі саулықтың әр жүзінен 112-ден қаракөлше алып, кәрі саулықтың әрбірін 51 килодан етке тапсырып шығады.

Сөйтіп Б.Қонысов қаһарманы­ңыз және бір ұрғашы тоқты отарын жасақтап, азаматқа тән ерлік ісін қайталауға кіріскен екен.

***

Әрине, бұл мұнан қырық жыл бұрынғы әңгіме. Одан бе­рі техника да, технология да жа­ңарды. Мамандар жетілді, десе де, қаракөлше өндіру жайы еш естілмейді. Әлде бұл әдіс ескірді ме? Рас, жеке қожалықтардың пәрмені жетпес, бірақ ауқымды, белді агрокешендер бар емес пе? Ал-л, бұған ғалым зоотехниктер пікір білдірсе, кәні?

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<