Сыр бойының саңлақ перзенті, қазақ руханиятына ерен еңбек сіңірген фольклоршы ғалым, қоғам қайраткері Мардан Байділдаевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханада «Әдебиет ғылымының жанашыры» атты кеш өтіп, кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш аясында қатысушыларға ғалымның өнегелі өмірі мен еңбектері таныстырылып, қазақтың бай ауыз әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі насихатталды. Оқырмандардың, оның ішінде, студент жастардың ұлттық мәдениетке, халық мұрасына деген құрметін арттыруға бағытталған іс-шара мазмұнына сай өз деңгейінде өтті.
Тағылымды жиынға жырау, ҚР Мәдениет қайраткері, «Болашақ» университетінің «Филология, тарих және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Б.Саймағанбетов, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғ.Әбілда, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры басшысының орынбасары, жырау С.Жақсығұлов, облыстық филармонияның ғылыми қызметкері Н.Жақсығұлова қатысты.
Кеш қонақтары ғалымның қазақ мәдениеті мен өнерін терең зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп, халқымыздың әдеби қорын жаңғыртуға қосқан зор үлесін атап өтті. Одан бөлек, ел ішіндегі талантты жастарға қолдау көрсетіп, талай-талай рухани құнды мұраның әдебиет тарихында қалуына тікелей ықпал еткені жайлы әңгімеледі.
Айталық, ғалымның ел білетін еңбегінің бір парасы, Шығыс жауһары – «Шаһнаманың» Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударған 40 мың жолдық қолжазбасын тауып, оқырманға ұсынған. Сондай-ақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеумен айналыса жүріп, айтыс өнерінің қайта жандануына айрықша ден қойған. Бұдан бөлек, белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаевпен бірге «Қорқыт ата» кітабын аударған, Қорқыт күйлерінің төл нұсқасын сақтап қалуға көп еңбек сіңірген.
М.Байділдаевтің «Бес ғасыр жырлайды», «Үш ғасыр жырлайды», «Ақындар творчествосы», «Ақын-жыраулар» атты танымдық жинақтары бүгінде ел руханиятындағы баға жетпес байлық десек болады. Қазіргі жыршы-жыраулар сол жауһар дүниелерді жаһанға танытып, тыңдаушыларын таңғалдырып жүр. Бұл, әрине, ғалым еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Жұртының жүрегінде аты
қалған,
Өшпестей қазына боп хаты
қалған.
Біртуар даналардың бірегейі
Баласы Келдібайдың
Шахымардан.
Шахымардан дегендей бекзат
жігіт,
Жүретін бар қазақты жекжат
қылып.
Өзінің өлшеулі аз ғұмырында,
Жасады ел-жұртына көп жақсылық, – деп келетін өлең жолдарында айтылғандай, қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында ғалымның еңбегі ұшан-теңіз!
Бүгінде туған жері Жалағаш ауданы Еңбек ауылындағы орта мектеп Мардан Байділдаев есімімен аталады. Мектепте ғалым атындағы музей кабинеті бар. Онда ғалымның өміріне қатысты құнды деректер мен көзі тірісінде тұтынған бұйымдары сақталған.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





