Астанада өңірлік экологиялық саммит – RES 2026 ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесінің қазіргі жаһандық маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен халықаралық серіктестердің бір алаңда бас қосуын жоғары бағалады.
Біздің мемлекет ретінде Орталық Азия елдері және әріптестерімізбен осындай алаңда бас қосып отырғанымызға қуаныштымын, – деді Президент.
Саммиттің Жер күні аясында өтіп отырғанына назар аударған Тоқаев бұл кездесу ортақ жауапкершілікті күшейтетінін айтты.
Бүгін біз ортақ үйіміз – Жер планетасын қорғау жолындағы жауапкершілігімізді бөлісу үшін жиналып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент экология ұғымының тек климатпен шектелмейтінін атап өтті.Экология тек климат мәселесі емес. Ол – адам өмірінің негізі: таза ауа, қауіпсіз су, құнарлы топырақ, тұрақты азық-түлік жүйесі. Бұл – қоғам тұрақтылығы мен келер ұрпақтың болашағы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысқан мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс білдірді.
Атап айтқанда, саммитке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Грузия өкілі. Сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Сербия, Пәкістан және тағы 50-ден астам елдің жоғары деңгейдегі өкілдері қатысқаны атап өтілді.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит алғаш рет Астанада 22-24 сәуір арлығында өтіп жатыр, оған Орталық Азия елдерінен, Еуропалық Одақтан, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан және Таяу Шығыстан шамамен 1500 өкіл қатысуда.






