АҚТӨС

985

0

Бұл оқиға бұдан шамасы 15-20 жыл бұрын болған. Қайтпас есімді ақсақалдың малын көрші үйдегі Ақтөс деген ит қайта-қайта өлтіре берген соң ақыры иесін араға салып жүріп мылтықпен аттырған екен. Қайтпас ақсақал жасы жетпістен асса да, атына заты сай қадалған жерден қан алатын, ерегіс десе қайтпайтын жан болатын. Жас кезінде шопан болып, қой баққан көрінеді. Бес жылдықтардың белгілеген тапсырмасын асыра орындау үшін барын сала еңбек те еткен. «Ол сондай бір заман еді ғой» – деп, бүгінгі ақсақалдар әңгімелеп отырғанын талай естідік.  

Кеңес үкіметі тарқап, тоқырау заманы болғанда сол қойларын бірінші болып жекешелендіргендердің бірі де осы Қайтпас шал болды. «Өмір бойы көрген-білгенім мал, малсыз қайда барамын, өзім бақтым, өзім қалай көбейтудің жолын білемін» – деп айтқанынан қайтпай тұрып алған. Мұның мұндай қыңырлығын білген басшылар да тоқырау заманында алған малын санап әлек болмады. Себебі, өткен қыста қар көп жауып, күн райы жылдағыға қарағанда суық болды. Табиғаттың мұндай тосын мінезінен шопандар шығынға ұшырады. Ал, Қайтпас ақсақал болса «Малымның көбін қасқыр жеді, қалғаны суыққа үсіп өлді, мынау он-он бес қойды еңбекақым ретінде алуға құқым бар» – деп бой бермеді.

Шындығына келгенде Қайтпас шалдың малы шығынға ұшыраған жоқ. Тіпті, қасқыр да көп тимеді. Қойлары жақсы төлдеп, мал басы біраз өсіп қалды. Өзінше жетпіс жыл үстемдік құрған кеңестік үкімет тарқап, тоқырау заманының келгеніне қуанып жүр. Қуанбағанда қайтсін, ен байлыққа кенеліп жатса. Ішінен «Құдай өмір бойғы еңбегімді еледі, енді малдың басын көбейтуді ойлау керек» – деп неше түрлі қиялға батып жүр. Жатса-тұрса ойлайтыны малының басын көбейту, сол арқылы байлыққа кенелу. Малдың басын қалай көбейтуді жақсы білетін Қайтпас алдағы бес жыл бойы не істейтіндіктерін де ойластырып жоспарлап қойды. Баяғы бесжылдықтардан көп сабақ алған ғой шамасы. Айғаным есімді жұбайы мен Өмірсерік атты жалғыз ұлын қасына ертіп, отбасылық кәсіп етуді көздеп отыр. Өздерінше малдарын қайта-қайта санап, құдайға шүкірлік етіп, қайтсек еңбегіміз жанып, кәсібіміз жандана түседі деп топшылаумен әлек. Ақыры, ежелгі кәсіптерін жандандырып іске кірісіп те кетеді. Осылайша, екі-үш жылдың көлемінде-ақ мал басы көбейіп, елдегі ауқатты жандардың санатына ене бастады. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп уақыт шіркін, жеткізген бе. Қайтпас ақсақал байыған үстіне байи түссем деп ойлады. «Құдай берген деген осы» деп кәсібін домалата берді. Бұлардың етек-жеңін жиып, елдегі ауқаттылардың қатарына еніп келе жатқанын жұрт білді.

Бір күні Қайтпас шал кемпірінің:

 – Ойбай-ау, ойбай, қайдасыңдар? Мына құрғыр малды шетінен қырып барады. Шал-ау, шал болсайшы енді. Ай, Өмірсерік, кім, келін қайдасыңдар бәрің – деген ащы әрі зарлы дауысын естіген бойда жүгіріп келді. Қараса қорадағы қойларды көршінің иті шетінен құйрықтан тартып, құйрық майларын сылып, оңға бір, солға бір лақтырып жүр екен. Қора ішінің ойпаң-тойпаңы шыққан. Маңыраған қойлар қорадан шыға алмаған соң қайда қашарын, қайда барып тығыларын білмей әлек. Оның бұл әрекетін көргенде алғашқыда Қайтпас ақсақал аңырып, абдырап қалды. Көршінің итін бірден таныды.

 – Әй, мынау Ақтөс қой, өзін жын қаққан ба? Жат ей, жат. Кет әрі хауйан – деп итті кемпірі екеуі қос жақтап жүріп әрең дегенде қуып тықты. Бұл кезде Өмірсерік мал бағуға кеткен еді. Ал, келіндері, осы үйдегі малмен жұмысы жоқ жалғыз адам Ақпейіл болса азық-түлік алу үшін аудан орталығына кеткен. Екі қарттың абыр-сабыр болып, не істерлерін білмей жатқаны содан.

– Қап, үйде балалардың да болмай қалғанын қарашы – деп Айғаным апай зар қағып отырса, Қайтпас шал қолындағы таяғымен итті қуған бойда көршінің үйіне кіріп барды. 

– Әй, кім бар? Әсет! Мынау сенің миғұла итің құтырған сияқты, жаңа ғана қорадағы төлдеуге жақын деп қалдырған малымыздың бірнешеуін қырып кетті. Кемпіріміз екеуіміз әзер қудық – деп ентігіп, иттің егесіне болған жайды баяндап берді. Әсет болса Қайтпас ақсақалдың бұл сөзіне нана қоймады. Себебі, оның Ақтөсі нағыз қазақы төбет еді. Ауылдың шетіне келген талай көкжалды тықсырта қуған да осы Ақтөс. Тіпті, көрші ауылға шауып, тыныштық бермеген қасқырдың арланын да тұзаққа осы Ақтөс арқылы түсірген. Жұрттың бәрі Әсеттің Ақтөсін мақтап, әңгіме етіп жүрген. Ал, енді малды қасқырша қырды дегенге қалай сенеді. 

– Қайпеке, сіз басқа итпен шатастырып тұрған шығарсыз, Ақтөсті білесіз ғой, қайдағы малға тиген, қайта керісінше қасқыр алатын санаулы иттердің бірі емес пе? – деп итін ақтап бағуда.

Өмірсерік кешкісін  бұл әңгімені естігенде жыңданып кете жаздады. Мылтығын алып Әсетке айтпастан Ақтөсті атып салды, бірақ, атқан оғы тимеді. Ақтөс қашып құтылды. Әсет болса ауылдың басқа тұрғындарын ертіп, бұл жерде бір жаңсақтықтың барын айтып, итіне араша түсті. Ауыл тұрғындары Әсеттің итінің бұған дейін жұртқа тек пайдасы тигенін, мұндай иттер таптыра бермейтінін, оны өлтірсе ауыл бөрінің ойнағына айналатынын негіз еткен ауыл үлкендері қолына мылтығын алып ұмтылған Өмірсерікті қайта атпауға әрең көндіреді. Әсіресе, Сұлтан қарияның сөздері өтімді болды. Ол:

– Ит – жеті қазынаның бірі. Текті иттің тұқымы қазір құрып бара жатыр. Бұрындары мұндай иттер бүтін бір ауылды асыраған. Әсеттің иті де қазір бір емес, бірнеше ауылға қорған болып тұр. Соның арқасында қасқырлар қастық қылмайтын болды, – деп жұртты сабырға шақырып, мұндай итті атуға болмайтынын айтып өтеді. Ал, Сұлтан ақсақалдың сөзін жалғаған Өтеген шал да

– Сұлтекең дұрыс айтады. Ей, Қайпеке, сіздің көргеніңіз ол ит емес шығар. Мынау ұлың да бізге дес бермей отыр. Азшылық көпшілікке бағынбай ма. Жетер енді, бәрімізді де елейтін түрлерің жоқ қой, – деп бағаналы бері жұрттың сөзін тыңдамай отырған әкелі балалы Қайтпас пен Өмірсерікті тыйып тастады. Ақыры, не керек, Қайтпастың үйіндегілер көптің дегеніне көніп, Әсеттің итін атпайтын болды.

Арада екі жұмадай ғана уақыт өтті. Қайтпас ақсақал Әсеттікіне келіп:   

– Итің тағы да қорамдағы малға қасқырдай тиісті, – деп байбалам көтереді. Тағы да сенбеген Әсет:

 – Мүмкін емес, – деп күмілжіп, осы сөзін бірнеше рет қайталайды. Оның бұлай жауап қатуына Қайтпас ақсақал қатты ашуланады.

         – Қалай мүмкін емес, мен мына көздеріммен көрдім ғой, саған одан артық не керек? Менің көргенім сенің төбетің.

         – Мүмкін емес, өткенде бүкіл ауылдың жұрты айтты ғой менің итімнің қандай екенін.

         – Сонда сен мені мына аппақ сақалыммен алдап тұр ғой деп ойлаймысың?

         – Сіздің қадалған жерден қан алмай қоймайтыныңызды жұрттың бәрі біледі ғой. Менің итім немен жақпай қалғанын білмеймін. Бірақ, маған біткен мұндай қасқыр алар итті өзіңізде болмағаны үшін де қызғанып жүрген шығарсыз.

         –Ей, көк соққан неме, сен недеп оттап кеттің. Өткен жолы Өмірсерікті бүкіл ауыл болып зорға тоқтатпап па едіңдер. Енді бүгінгі күннен кейін тоқтату мүмкін емес шығар. Одан да қорама барып көрсейші итіңнің не істегенін.

         – Жүріңіз көрсек көрейік – деп ит пен құстай болып, бірін-бірі енді көрместей ұрысып жатқан Қайтпас шал мен Әсет қойлардың қырылып жатқан жеріне келеді. Бағаналы бері Қайтпас ақсақалға дес бермей келген Әсет бұл жерде абдырап тұрып қалды. Қараса бес-алты қойдың құйрығы жоқ, енді төрт-бесеуі мойнынан тіс арқылы бауыздалған. Әсеттің келгенін көрген Айғаным апай да күйінгеннен ойындағысын айтып, әбден ұрсып алды.

         – Не деген адамсың өзің? Өткенде айтқанымызда сенбей жаныңа жұрттың бәрін жиып, иттің емес қасқырдың ісі деп, біздікілерді басқан сымақ болдыңдар. Айналайындар-ау, ол кезде де, қазір де сенің итіңнің ісі екенін мен өз көзіммен көрдім ғой – дейді ашуланып.

         – Шын айтып тұрсыз ба апа? Расымен де мынау Ақтөстің ісі ме, қалайша бұлай, қалайша бұлай? – деген Әсет не істерін білмей, бұрышқа сылқ ете отыра кетті.

Сол түні Әсет Қайтпастардың үйіне қонып, Өмірсерік екеуі қорадағы малды күзетіп шықты. Түнде Әсеттің жұрттың бәрі жеті қазынаның біріне балап жүрген иті келіп, қасқырдан бетер қойды қыра бастады. Өмірсерік шолақ мылтығымен атып салды. Әсеттің жаны ауырып, жүрегі алқымына тығылды. Қайтсін енді, сорлының баласындай жақсы көретін итін мылтықпен атса.  Атқан оқ тиді… Бірақ, жаралы күйде қашып кетті.  Бұл екеуі қансырап бір жерде өлер деді. Таң ата үйіне оарлаған Әсет күшік кезінен қолға ұстап, баласындай қарап өсірген итінің неге мұндай әрекетке барғанын түсіне алмай көп ойланды. Басқалар Әсетке қазақы төбеттің мұндай ірі түрін асырағаны үшін де рахмет айтып жүрді. Себебі, мұндай ірі иттердің қатары азайып бара жатқанын жұрт білетін. Оның үстіне малға өшіккен ұрылар да, анда-санда сырттан ұлып, іштен шабатын қасқырлар да азайып қалған. Тіпті, бірнеше мәрте бұл иттің бөрінің борталағын шығарғанын жұрт көрген. Ендігі ісі мынау. Бір қызығы тек Қайтпастың ғана малына тиеді. Ауыл-аймақта, тіпті, көрші елдімекендерде бірде бір адамның малына тиіспеген. Әсет те ойланып: «Неге Қайтпас шалдың малы?» – деп бірнеше рет өз-өзіне сұрақ қойып, әбден басы қатты.

         Өмірсеріктің атқан оғынан жараланып кеткен Ақтөс төбет олар ойлағандай қансырап өлмепті. Одан кейін де екі-үш күн қатарынан Қайпекеңнің малын қырды. Қарап отырса осы бір иттің өзі Қайтпастардың жүзге тарта қойын өлтірген. Қыруар шығын. Қораның тұс-тұсынан тұзақ құрып, әйтеуір Ақтөсті қолға түсіріп, таяқпен ұрып, мылтықпен төрт-бес жерден атып өлтіріп, Әсеттің босағасына әкеліп тастайды.

         Күндердің күні өтіп, Қайтпастың кемпірі Айғаным апайдың жетпіске келген туылған күнінде баласы Өмірсерік ауылды түгел шақырып дүркіреген той жасайды. Той үстінде неше түрлі әңгіме айтылады. Бұрнағы жылдары малдарын қасқырдай қырған Әсеттің иті де әңгімеге өзек болады. Сөзден сөз шығып осы иттің Қайтпастың малынан басқанікіне тиіспегені де айтылады. Бұрын бұл жағын неге ойланбағанын сөз еткен Қайтпас ақсақал Әсеттің итін күшік кезінде өздерінің ауласына  кіргенде күрекпен ұрғанын айтып, шамасы кек сақтап қалуы мүмкін деп топшылады. Оның бұл әңгімені жайбарақат айтып отырғанын Әсет сабырмен тыңдай алмай орнынан тұрып кетті. Баяғы Ақтөске араша болған Өтеген сол жерде отырғандарға адам түгілі  малдың да киесі болатынын айтып, жайдан-жай ешкімге тіпті, еш нәрсеге қол көтеруге болмайтынын түсіндіріп бақты.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<