Біз білгенде «Ақ шағала» дейтін бірнеше ән бар. Жүрек айдынындағы өзінің ақ шағаласын іздеп шарқ ұрған қаншама жандар болған, олар қазір де жоқ емес… Бір әннің шығу тарихын сөз ете келе жасындай жарқ етіп, құйрықты жұлдыздай ағып өткен аса талантты ақын жайлы қалам тербеуді жөн көрдік. Ол – ақын, ол – композитор, ол – әнші, ол – көшбасшы. Ол – табиғат ана ажар-көрікті аямай беріп, сымбатты етіп жаратқан сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, «ҚазМУ-дың Сәкені» атанған Бауыржан Үсенов.
Бауыржан Үсенов Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Қошқар ата ауылында 1960 жылдың 16 тамызында дүниеге келген. Сол ауылдағы Абай атындағы орта мектепте білім алған. Әскери борышын өтеп қайтқасын Қазақ Мемлекеттік университеті журналистика факультетінің дайындық курсына түседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін қаламгер Әнуарбек Әуелбектің «Жыр найзағайы» атты көлемді мақаласынан үзінді жазайық: «Өмірде сан түрлі адамдар кездеседі, әрине бәрінің өз орны, өз жолы бар. Бауыржанның орны жүрек төрінде мәңгіге қалды. Өз өлеңдерімен қоса, өзі құрмет тұтатын ақындардың өлеңдерін жиі қайталап, айтып жүретін. Үлкеніміз Мейрамбек Шілдебаев, одан кейін Бауыржан Үсенов, Ескендір Ертаев, Талғат Батырханов және мен – бесеуміз ҚазМУ қалашығындағы №8 жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Бұл филология факультетінің жатақханасы болатын. Дайындық бөлімінде филфак пен журфактың тыңдаушылары бір топта оқитын еді. Сол бір сәттер көңілде ыстық қалпында ұмытылмай сақталып қалды…» Бауыржан Үсенов келе сала жұрттың жүрегінде сақталатындай жауһар жырлар жазған. Журналистика факультетінің ұстазы Мамытбек Қалдыбай бірінші курста оқып жүрген бота тірсек 4 студентін Бауыржан Момышұлына ертіп апарып, батасын алдыртыпты. Солардың бірі Үсенов екен…
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан былай деп еске алады: «1981 жылы ҚАЗМУ қалашығында Бауыржан Үсеновпен таныстым. Ол дайындық курсынан өтіп келген екен. ҚАЗМУ қалашығының аумағы үлкен, әлі көп құрылыстар түсе қоймаған кезі. Маужырап, тұнып тұрған тұмса табиғат! Кешкілік әр жақтан талап қылып келіп, студент атанған бір топ жігіттер аулақтау жерге жиналып, сұхбат құрдық, ән айттық. Ай жарығында кезектесіп өлеңдерімізді оқыдық… Бауыржан да оқыды, сосын әсем-қоңыр үнімен бірнеше ән салды. Сұмдық әнші екен. Сол түн менің мәңгі есімде қалды. Талантты ақын, талантты сазгер-керемет туындылар тудырды. Әндері бір әлем, әншілігі бір әлем болған Бауыржан бұрынғы өткен сал-серілердің соңғы тұяғындай еді. Бұл пәниде бар жарығын шаша алмай, бар бүршігін аша алмай кеткендер аз болмаған ғой, Бауыржан солардың бірі және бірегейі болатын…».
«Ақ шағала» әніне келейік. «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Әубәкір Смайыл былай деп сыр шертеді: «1986 жылдың қыркүйек айында ҚазМУ-дың бір топ студенттері ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмек беру үшін Қостанай облысына бардық. Оның ішінен 12 жігітті бөліп алып, Бауыржан Үсеновті басшы етіп, Қозыбаев атындағы колхозға әкелді. Жаңадан салынған мектептің бітпей қалған жұмыстарын аяқтап, бітіріп беру бізге тапсырылды. Осы 12 жігіттің бәрі кейін елге танымал азаматтар болды. Бауыржан маған бір әннің дүниеге келгенін, бірақ әлі мәтіні жоқ екенін айтып: «Әубәкір екеуміз шығармашылық одақ жасайық» деп өтініш білдірді. Мен қолыма қалам алып, «Ақ шағала» деген өлең жазуға кірістім. Бұл менің әнге алғашқы мәтін жазуым еді, мұнан кейін ешқандай әнге мәтін жазған емеспін. Ән бірден ауыздан-ауызға тарап кетті. Алматыға қайтар жолда, пойыз үстінде студенттер лезде үйреніп алып, «Ақ шағаланы» шырқап қайтқанбыз… Келгесін де ән айтылып жүрді. Бірақ үлкен сахнаға шығады деп ойламаппын. Мұны Бауыржан тыңдай алмай кетті… Саят Медеуов пен Ақбота Керімбекованың орындауында «Ақ шағала» соншалықты әсем нақышпен ән-диалог ретінде айтылып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Қыздың сөзі (Мәтіндегі Ақботаның орындауындағы ән шумақтарын айтып отыр) менікі емес… Бірақ үйлесімді орындалып, жүрекжарды ән-диалог болып құлпырып кеткеніне қуанамын.» Реті келіп тұрғанда «Ақ шағала» әнінің толық мәтінін жазайық:
САЯТ: Дір-дір етіп бала белең
Бас бұрғызбай ағады екен
Жалғыз күтіп тұрмын сені
Жалғыз күтіп жағада мен
Көз жасындай көктен жұлдыз
Көкжиекке тамады әрең
Қоштасарда қолын бұлғай,
Қимастықпен қарағаны
Ұя салдың жағаға қай,
Менің аппақ шағалам-ай?
АҚБОТА: Мен сенің жанарыңнан
жасқанамын,
Қанатын қаға алмады аспан әнім.
Жол жаққа жаутаң-жаутаң
қараймын деп,
Қалмады қайтем менің басқа амалым.
Жол жаққа жаутаң-жаутаң
қараймын деп,
Қалмады қайтем аға басқа амалым.
САЯТ: Адамбыз ғой кінәлағыш,
Айыпты да тағар оңай.
Кеттің неге жырақ-алыс,
Кеттің неге ағаламай.
Мен таяздық таныттым ба,
Бақытымды бағаламай.
Бұл қоштасу қайбір жаным,
Тиді дейсің маған оңай.
Ұя салдың жағаға қай,
Менің аппақ шағалам-ай?
Ақбота: Жыры көп айтары бар
қыз баланың,
Жазықсыз жүрегімнің ізде бағын.
Жас түгіл, жанарыңда күлкі ойнатып,
Мен сені өзімнен де қызғанамын.
Жас түгіл жанарыңда күлкі ойнатып,
Мен сені өзімнен де қызғанамын.
Екеуі қосылып:
Көз жасындай көктен жұлдыз,
Көкжиекке тамады әрең.
Қоштасарда қолын бұлғай,
Қимастықпен қарағаны.
Ұя салдың жағаға қай,
Менің аппақ шағалам-ай?
Ұя салдың жағаға қай,
Менің аппақ шағалам-ай?
Тыңдап отырып риза боласың… Бұл әнге дейін де «Раймалы мен Бегімайдың жырын» келістіре ән-диалог ретінде тебірене әрі құлпырта шырқаған Ақбота Керімбекова мен Саят Медеуовті ән әлемінің жұлдыздары десек болады. Әсіресе Ақботаның еңбегі өлшеусіз. Олай дейтін себебіміз, Ақбота ән-диалогты өнер өлкесіне бірінші әкелуші деп білсек керек. Алғаш рет біздің жерлесіміз, марқұм Нәби Аймұратовпен ән-диалог орындаған. Ол әннің аты да «Ақ шағала» болатын. Бірақ ол жоғарыда біз жазып отырған Бауыржан Үсеновтің «Ақ шағаласы» емес, басқа «Ақ шағала» еді. Бұл диалог-ән қазақ телевидениесінің «алтын қорында» сақтаулы… Негізгі тақырыпқа оралайық: Үсеновтің «Ақ шағаласы» кім болды екен? Әнді ол кімге арнаған? Бірге оқыған курстастары бір қызық жайды еске алады. Көрші филологтардың жатақханасында тұратын Қызылорданың қызы Гауһарға Бауыржан жүрегінің бар билігін берді:
Куә ғып Алматының барқыт түнін,
Сен мені құшағыңда балқыт күнім.
От көрген көбелектей келе берсем,
Ол сенің бар сұлудан артықтығың, –деп кешке қарай 8-ші жатақханадан шықпай қойып еді. Қалай дегенде Бауыржанның «Ақ шағаласы» өзінің сүйіктісі, кейін екі баласының анасы болған Тәжікенова Гауһар Жұматайқызына арналған болар?!
Осы жерде Бауыржанның бар сұлудан артық көрген Гауһарына құлақ асайық: «Бауыржан біздің бөлмеге жиі келіп жүрді. Кейде бөлмемізде отырып өлең жазады. Светқали Нұржан, Бауыржан Омаров, Еркін деген достарын бірге ертіп келетін. Ақыры бір күні Бауыржан маған ғашық екенін айтты…Содан соң Баукең екеуміздің арамыздағы таныстық үлкен махаббатқа ұласты. Ол кезде екеуміз де бірінші курста оқитынбыз. Сөйтіп 1985 жылы жазда шаңырақ көтердік. Мен төртінші курсты бітіріп, бесінші курсқа өткен кезім еді.
Ол мені үш жүзден таңдап алған аруым дейтін.»
Аз ғұмырында Бауыржан Үсенов мықты ақындығымен де, әнші-сазгерлігімен де танылған. Оның «Ақ шағаладан» бөлек бірнеше әндері болыпты. Ол шығармалары бізге жетпей тұр. Кезінде нотаға түспеді ме әлде өзінен басқа жұрт үйреніп, келістіре орындай алмады ма, ол жағы беймәлім… Жақында дереккөздерінен атыраулық әнші Әбдіхан Есенғалиевтің домбыраға қосып орындаған Бауыржан Үсеновтің «Перронда» деген әнін қайта-қайта тыңдадым. Минорлық ладта жазылған тәп-тәуір ән екен…
Ерекше тоқтала кетуіміз керек, Бауыржан 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Ол жайлы бірге болған досы Аманкелді Әбіл былайша еске алады:
«16 желтоқсан күні 4 қатар болып, орталық алаңға бет түзедік. Алаңға жақындай бергенде Бауыржан Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін бастады. Оған артта келе жатқан ҚазМУ студенттері түгел қосылып шырқағанда ән көкке шарықтады. Бауыржанның даусы керемет қайталанбас дауыс еді ғой… Алаңға кірдік. Күн суық, ызғарлы. Өрт сөндіргіш машиналар алаңға оқтын-оқтын су шашады.
– Бауке, мұның соңы жаман болады, қайтайық, – дегенімде: – Бұл жүз жылда қайталанбайды. Көресің тәуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады, – деді ол жұлып алғандай. Ол кезде тәуелсіздікті ауызға алмақ түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты еді.
Қайран досым тәуелсіздіктің босағасына келіп тұрып, тәуелсіздік таңының атқанын көре алмады…» Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Бауыржан Үсеновтің екі өлең кітабы бар екен. Соның 2012 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Менің бұлтым» атты жыр кітабын парақтадым. Кітаптың соңғы жағындағы «Желтоқсан жаңғырығы» поэмасының алғы сөзіне автор былай деп жазыпты: «Алматыға жолым түсіп бара қалсам, міндетті түрде «Республика» атындағы алаңға соғамын. Алаңға кіре бергенде денем түршігіп, төбе-құйқам шымырлап кетеді. Есіме дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасы түседі. Мұздақ алаңның үстінде жығылып-сүрініп атой салған демократияның алғашқы қарлығаштарының ішінде қанға боялса да, қайтпай тұрып алған қыз-жігіттердің арасында мен де, сен де бар едік, Қайрат! Бірақ, бір-бірімізді танымайтынбыз. Алаң ортасынан бір зор айқай шығып тұрды. Күні бүгінге дейін сол айқай құлағымда жүр. Сол дауыстың иесі сен шығарсың деп ойлаймын. Себебі, сенің жазаң бәріміздікінен ең ауыр жаза болды ғой…».
Бауыржан Үсенов мұрасын зерттеуші ақын Мырзахан Ахмет мынадай түйінді сөз айтады: «Бауыржан Үсеновтің өлеңдері өзінің көркемдігімен де, кемелдігімен де ерекше. Бірақ, ол осы уақытқа дейін өз оқырмандарын толық таба алмай келді. «Білгің келсе жырымды оқы, онда менің жүрегім тұр» деп ақынның өзі өсиет еткендей Бауыржанның кім екенін, қандай ақын болғанын білгісі келген әр қазақ оның өлеңін оқыса, сөз жоқ қазақ поэзиясының бір кәусарынан сусындаған болар еді. Сол кәусар бұлақтың көзі енді ашылды. Бұл ақынның сарғайып жатып, жарыққа әзер шыққан жыр кітабы.
«Иә, ақын деген өлмейді жыр аманда…» деген рас екен… Мақала аяғында Светқали Нұржан ақынның тағы бір естелік сөзін бергіміз келді: «1991 жылың сәуірінде Алматыға курсқа бардым. Сонда Бауыржан Тараздан келіп, оқуын жалғастырғалы жүр екен. Жұмабай Құлиев, Табылды Досымовпен бірге солардың бөлмесінде отырып біраз сырластық. Шыққасын Тимирязев көшесіне дейін бірге келдік. Қимай қоштастық. Бір автобус келіп тоқтап, есігін екі жаққа ырситып ашты да қайта жауып, жұтып жіберді. Сол ең соңғы жүздесуіміз екен, көп ұзамай суық хабар жетті.
Ілесіп ап соңына бір ақ құстың
Жыраққа ұшқым келіп ед,
жыраққа ұшқым.
Өртеніп жатыр екен тау баурайы,
Күйіп қалып қанатым құлап түстім, – деп өз тағдырын өзі болжаған Бауыржан небәрі 31 жасында пәниден бақиға аттанып кете барды. Өткен жылдың мамыр айында Жамбыл облыстық телеарнасы «ЖЫР-ҒҰМЫР» атты деректі фильм түсіріпті. Осында талантты ақынның тағдыры біршама баян етілген.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





