Қызылқұмның қызы

3

0

Бәрі де ойда жоқта өзгерді. Агро­фактың төртінші курсын аяқтап, ер­тең ауылға қайтамын деп жиналып отыр­ған. Кеш түсе жерлесі Бәтима келді.

– Сені кетіп қалды ма деп келе жатыр едім, 2-3 күн кідірсең, менің соң­ғы емтиханым бітеді…

– Көріп тұрсың ғой дайындалып қойдым, – деген Назеркенің жауабына мән бере қоймаған Бәтима әлдене айтуға оқталды. Көзі күлімдеп тұр…

Орта мектепті бітіре сала екеуі Ал­матыға келген. Бәтима қыздар педа­гогикалық институтына, Назерке ауыл шаруашылығы институтына түскен. Екі оқу орнында оқып, бөлек жатақха­на­да тұрғанымен олар жиі көрісетін. Көбіне уақыт тауып, іздеп келетін Бә­тима еді. «Назерке, сен көп қозғала қой­майсың, мені іздемейсің» деген­дей өкпелей қалатын да, артынша бә­рін ұмытып, құрбысының көңілін ау­лай­тын, көрген-білгенін айтып, әрі қарай екеуі сырласа кететін. Мектепте бірге оқыған құрбыларын, балауса шақтың небір қызықты оқиғаларын еске түсіріп, бір серпілетін. Қашанда жайраң қағып жүретін құрдасының бүгін тіпте өзгеше екенін жаңа кіріп келгенде көзінен байқаған. Бірақ, ай­тарын айтар деп, мән-жайды сұраған жоқ. Көп күттірмеген Бәтима:

– Есен далада тұр, – деп сөз аяғын жұтты.

– Е, ол неге кірмейді, менен ұяла ма?

– Қасында бір туысқаны бар, бізді күтеді.

– Мені неге қосып отырсың, бүгін тынығып алып, ертең ерте жолға шы­ғамын, Қызылордаға жету оңай дейсің бе?

Бәтима кідіріп қалды. Назерке Есен­ді білетін. Бәтимамен бірге екі рет ки­ноға, бір рет кафеге апарған «по­ли­техтің» студенті.

– Назерке киінші, Алматыны тү­німен кезбейтін шығармыз…

– Есеннің қасындағы кім, қандай туысқаны?

– Мынадай жігіт! Құрбысы бас­бармаған қайқайтты. Әскери ұшқыш екен…

– Қайда барамыз?

– Оны шыққасын көреміз, тезірек болшы?!

– Қойшы, зауқым соқпайды.

Сезімтал қыз Назеркенің кет әрі емес екенін байқады білем, қиылып тұрып алды…

Өзін Дәуірмін деп таныстырған жігіт сыптай тартылған ұзын бойлы, аққұбаша келген, әп-әдемі екен. Сал­мақты, сыпайы көрінді. Үстіндегі ұш­қыш­тың киімі өзіне жарасып-ақ тұр. Дәуір Есеннің жерлесі әрі жамағайыны болып шықты. Бұдан үш жыл бұрын Ресейдің Саратов қаласындағы жо­ғар­ы әскери училищесін үздік бітірген, қазір сынаушы-ұшқыш екен. Таксиге отырған төртеуі «Алматы» қонақүйін­дегі мейрамханаға түсті. Ірі шаһардағы бұл жерді екі қыз бұрын көрмеген, жан-жақтарына қарағыштай берді.

– Еркін қысылмай отырыңыздар, не алдырғыларыңыз келеді айтыңыздар? – деп Дәуір сыртына «Меню» деп жа­зылған екі бет қатты мұқабаны қыз­дарға ұсынды. Бәтима қарап-қарап оты­рып, Назеркеге сырғытты. Ол көз жү­гірте қоймағасын, жігіттер өздері қарады. Келген даяшыдан сұрастыра отырып, тапсырыс берді. Қуырылған тауық еті, салат, қорғасынмен мұқият оралған екі жалпақ шоколад, апельсин шырыны және бір шиша армян коньягы бар ас мәзірі лезде жетті. Ауылдан шық­қан екі қыз да ішімдікке жоқ еді. Жігіттер өтіне бергесін бір-екі ұрт­таған. Манадан үндей қоймаған Наз­ерке сөзге тартылды. Дәуірдің қойған сұрақтарына қысқа да болса жауап бере бастады. Өзі де Дәуірдің өмірдерегінен хабардар болды. Петропавл қаласында дүниеге келіпті. Он жасында ата-анасынан айырылған ол Саратов қа­ла­сындағы балалар үйінде тәрбие­ле­­неді. Мектеп бітіргесін әскери авиа­цияны қалап оқуға түседі. Еңбек де­ма­лысын алып, әдейі Алматыны кө­руге келген. Екі күннен бері осында көрінеді. Із­дестіріп, кеше жамағайыны Есенді та­уып алыпты. Оркестр бір керемет вальс ойнай бастаған. Дәуір биге ша­қырды. Назерке осы бидің ырғағын ұнатушы еді. Екеуі бірде қалықтап, бірде құйындай шыркөбелек айналып жараса кетті. Мұнан соң да екі рет жұптасқан. Әрі-беріден соң, бидің қы­зығымен қастарында Есен мен Бә­тиманың бар екенін де ұмытқандай. Түннің бір уағында қыздардың жатақ­ханаға кіре алмайтынын білгесін Дә­уір қонақүйден екі қызға бір бөлме алып жайғастырды. Азанда теміржол вокзалына барып, Қызылордаға қарай қозғалатын пойызға отырамын деген жоспары іске аспады. Ұйықтап қалып­ты. Сәскеге таман есік қоңыра­уын Есен келіп баспағанда әлі де жата берер ме еді…

– Дәуірдің нөміріне бас сұғып шы­ғайық, – деген Есеннің сөзін жерге тастамай үшінші қабатқа көтерілген. Қыздар келгенде «люкстің» жалпақ столы ас-суға толып тұр екен.

«Мұндайда жомарт жігіт болады екен-ау» деп ойлады Назерке. Ал Бә­тима өзінің ақкөңілділігіне басып, таң­данысын жасыра алмай екі көзі жайнап шыға келді:

– Ой, не деген бай дастарқан?!

– Бұған дейін қазақ қыздарымен бірге жүріп, дастарқандас болғаным жоқ. Ресейде сіздер сияқты қаракөз, әдемі қыздарды шам алып іздесең де таппайсың. Осында келгендегі бір мақ­сатым – көрікті қала Алматыны кө­ру болса, екіншісі өздеріңіздей қыз­дар­мен танысу еді, – деп Дәуір күліп алды. Шамасы шындығы болар, мұн­дай азаматтар астарлап сөйлеуді біле бермес, өйткені алған тәрбиесі солай ғой, – деген ой келді Назеркеге. Бұл ойы расқа шықты: – Назерке мен үшін 3-4 күн ауылыңа қайтпай тұра тұршы, сені жақсы көріп қалдым, қоштасқым келмейді, – деп қарап тұр. Бұл ор­нынан атап тұра келіп еді, Дәуір де бірге көтерілді. Аузынан шыққан сөзі ретсіздеу болғанын түсінді білем:

– Кешір, Назерке, менде бөтендей ой болған жоқ, тек сенің кетіп қалға­ныңды қаламадым. Дәуір қолын ұсын­ды…

Үш күннен соң, екі жігіт қыз­дарды ауылдарына шығарып салу үшін теміржол вокзалына келген. Қы­зыл­ордаға қарай жүретін пойыздың келуіне біраз уақыт бар екен. Төртеуі вокзал мейрамханасына кірді. Біршама күндер қыдыртқан жігіттерге, әсіресе Дәуірге риза болған қыздар жолашар жасамақшы болған, алайда Дәуір:

– Сендер студентсіңдер, бұларың жарамайды, – деп тапсырысты бұл жолы да өзі бере бастады. Тамақтанып алған соң, олар перронға шықты. Есен мен Бәтиманың әлденеге айнала берген сәтін пайдаланып:

– Өзіңізді ойлап, сағынып жүретін шығармыз, – деді жігіт.

– Шығарсыз ба, әлде сағынасыз ба?

– Әрине сағынамын.

– Хат жазарсыз.

– Солай етемін ғой, енді қашан көрісер екенбіз?

– Оны сіз білесіз, туу алыстағы Ресейге іздеп бара қоймаспын.

Осы сәт пойыздың келуі хабар­ланған.

– Ешкімім жоқ. Өзің естігендей балалар үйінде тәрбиелендім. Туыс­қан­да­рым да табылмады. Енді өзің бар деп қана жүремін Сабағыңды жақ­сы оқы. Институтты жақсы бітіріп, ата-анаңның үмітін ақта. Тағы да кез­десерміз қоштаспайық, көріскенше күн жақсы болсын. Дәуір қатты толқып тұр­ғандай еді.

Пойыз жылжи берді. Сонда ғана Назерке кесімді сөзін айтты:

– Қоштасқым келмейді, естисің бе Дәуір, менің де қош-тас-қым келмейді, – деп үзіп-үзіп айқайлады.

Жолда бара жатқанда, Дәуірмен бірге болған аз ғана күндердегі ұмы­тыл­майтын сәттер көз алдынан тізбек­теліп өте берген. Дәуір кештетіп кез­дес­кен Назеркенің алғашқы махаббаты еді…

***

…Жазғы каникул бітіп, Алматыға келгенде жатақхана поштасында Дә­уір­ден екі хат келіп жатыр екен. Ал­ғашқы хатында қызметіне кіріске­нін, қазіргі күндері Мәскеу маңында әс­кери-әуе жаттығуында жүргенін жа­зыпты. Алматыда түскен суреттерді план­шетіне салып алғанын айтқан. Екінші хатын орыс тілінде сағынышқа толы жолдармен жазыпты. Соңында хатты алғасын, хат күтемін деген…

…Агрофактың соңғы курс сту­дент­терін екі ай мерзімге өндірістік тә­жірибеден өту үшін аймақтарға жі­беріп жатты. Назерке ойланбастан, Қызылордаға жол тартты.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы мұны ең көп күріш өнді­ретін ауданға жолдады. Аудандық ауыл ша­руашылығы бөліміне келді. Бөлім басшысы біршама сөйлескен соң: Қыз баласың ғой, қиындау тиіп жүрер, ор­талық элеваторға алып қалайын. Жайлы орын тауып беремін, – деді.

– Сонда мен не үйренемін аға, егін алқабына барайын, тәжірибе жинауым қажет ғой. Өзім қалаған мамандықтың қиындығынан қашпаймын, – дегесін сәл ойланып қалған Байтас Қараман­ұлы: – Екі сағаттан кейін қайта кір, сонда қайда жіберетініміз белгілі бола­ды, – деп қолын қызметтік телефонның тұт­қасына соза берді.

Келісілген уақытта келгенде каби­нетте екеу отырды.

– Міне, айтып отырған практикан­тымыз, есімі Назерке. Екінші адам ор­нынан көтерілді де, сәлемдесті. Қыз шы­рамытты. Бұрынырақ агрофакты «үздік» бітіріп кеткен Қасымхан емес пе? Ия, тап соның өзі.

– Сіз Қасымхан емессіз бе?

– Қасымханмын. – Жігіт те көз айырмай қарап тұрып: – Сіздер бірінші курсты бітіргенде мен институтты аяқтап кеттім ғой, – деп күлімсіреді.

– Бір-біріңді біледі екенсіңдер, онда жолдарың болсын, сізді бұл жігіт өз кең­шарына апарады. Су жаңа бортты «Уазик» батысқа қарай созылған айдау жолға түсті. Қасымхан Алматыны сұ­райды, Назерке жауап береді.

– Қасымхан аға, үйленген шығар­сыз?

– Жоқ үйленгенім жоқ, сәті келмей жүр?!

– Сәті келмей жүр ме, әлде лайықты қыз кездеспеді ме? Қыз бұл сұрағының артықтау кеткенін білді. Бірақ, ауыздан шығып кеткесін қайтесің…

Қасымхан сәл кідірістен соң, «бұй­рық болмай жүрген шығар» дей салды.

Жарты сағаттай жүріп, ауылға жетті. Директор орталық қырмандағы кабинетінде екен. Қасымхан қызды ер­тіп кірді. Жас ортасына жетіп қалған арықтау, ақ шашты, бозаңдау кісі мән-жайды толық білгесін: – Осында орын бар, демалыңыз шаруа жайын ертең шешеміз, – деді. Штаб үйіндегі бір шағын бөлмені дайындапты, сонда жайғасты. Кешкі тамақты қырман асханасынан ішіп келіп жатқасын ұйықтап кеткен.

Ертесіне директор Әбсаттар Пі­ре­кеев қырмандағы тұқым зертхана­сында аға агрономның қасында жұмыс жасауға кеңес берді.

– Ауданның күріш егетін барлық шаруашылықтарына осы жерден кү­ріш­тің «Ақмаржан» сортын екінші клас­ты кондицияға жеткізіп берумен ай­налысамыз. Егер басқа кеңшарларға неғұрлым тез, таза тұқым дайындап сатсақ, шаруашылықтың рентабілділігі артып, пайдаға шығамыз. Ауыл ең­бек­керлерінің табысы молайып, тұр­мы­сы жақсарады, сіздің қызметіңіз ең жауапты жерде, – деді директор. Қыз­дың ойы егінді алқапқа, яғни бір брига­даға бару еді, мұны бастық сезді білем:

Бізде күріш егісімен айналысатын алты бригада бар, арасында бри­га­даларға шығып та қайтатын боласыз. Күрішті ору мен бастырудың арасында алшақтық болмауы тиіс, оның агро­техникасын көзбен көріп, көңілге тү­йе­тін боласыз, асықпаңыз, – деп күлім­сіреді.

Тұқым дайындау жөніндегі аға агроном көп жылдық тәжірибесі бар Мәжит деген кісі екен. Қасымхан мен Мәжит ағайы зертханадағы арнайы құ­рал-жабдықтармен таныстырды. – Мәкеңнен көп нәрсе үйренуге болады, сәттілік тілеймін, – деп Қасымхан асығыстау шығып кетті. – Қырманда күннен-күнге астық көбейіп жатыр, қыркүйек айының ортасы осын­дай болады. Ертеңнен бастап бұл жер үш ауысымда жұмыс істейді. Кү­ріш­ті бір тазалап алғасын, арнайы агре­гаттарға саламыз. Мұнда бәрі механи­каландырылған. Бір ауысымда 7-8 ғана адам еңбек етеді. Сізге ол жақты да бақылап тұру керек. Қазір аудандық тұқым инспекциясының бас­тығы да келіп қалар, – деген сөзі­нен бұл жердегі тіршіліктің өте қауырт және жауапты екендігін сезінді. Аг­регаттардың жұмыстарын көру үшін қырман ішін аралады. Жал-жал үйі­ліп жатқан күріштердің арасында алуан түрлі техникалар бар екен. Кө­бісі жаңа көрінді. Астық тиегіштің лен­талы түрі практикантты қатты қы­­зықтырды. Тұмсығын үйілген кү­ріш­ке кіргізіп жіберген, иір-иір ай­нал­­малы шнектер-астықты жалпақ ремен­лентаға ығыстырып, ол өз ке­зегінде дәндерді зырғытып апарып, ав­томашина қорабына құйып жатыр. Қорабы толған автомашина күрішті тізбектеліп қатар-қатар орналасқан қондырғыларға жеткізеді екен…

Арада жарты сағаттай уақыт өт­кен­де қырман қақпасынан бортты «УАЗ» автокөлігі кіріп келе жатты. – Мі­не, аудандық тұқым инспекция­сының бас­тығы келді, – деді Мәжит ағасы солай қарай бұрылып. Машинадан түскен ұзын бойлы әйел бұл екеуіне қарай беттеді.

– Алматы ауыл шаруашылығы институтынан бізге тәжірибеден өтуге келген студент, есімі Назерке, – деп таныстырды аға агронам.

– Мен Ажармын. Таңертең сенің осы кеңшарға жіберілгеніңді естігем. Мұнда келгенің оңды болған, дән-тұқымнан өседі, халықтың: «тұқымын ал да, жерге бар» дейтіні де сон­дық­­тан болар. Біздер бірінші репро­дук­цияны ғылыми-тәжірибе стансасы­нан алып, оны көбейтеміз. Естіп жат­қан шығарсың, аудан шаруашы­лық­тары күріш тұқымын тек осы жер­ден ғана алады. Ажармен екі арадағы таныс-білістік зертханада жал­ғасты. Институтты жеті жыл бұрын бі­тіргенін, туған ауылына келіп агроном, сосын бас агроном, екі жылдан бері аудандық тұқым инс­пек­ция­сының бас­тығы қызметін атқа­рып жүрге­нін айтқан… Сол күні Ажар қайтпай, На­­зер­кенің қасында қалды. Түн­нің бір­ уағына дейін екеуі сырласты. Бір таң­ға­ларлығы алғашқы ма­хаббат ту­ралы екеуінің тағдырлары ұқсас шық­ты. Ажардың да алғашқы ұнат­қаны Хасен есімді ұшқыш жігіт екен. Ата-анасының айтқанына көніп, институт бітіріп келгесін, көршінің баласына тұрмысқа шыққан. Бірақ әлі күнге Хасен көңілінен кетпейтін көрінеді.

– Сонда қалай болды тәте, сүймеген адаммен бірге өмір сүру дегенің – менің ақылыма қонбайды, – деп жіберді қыз.

– Кейде өкінемін, бірақ екі қызым өсіп келеді, соларды медет тұтамын.

– Бодаш аға не қызмет істейді?

 – Жоғары білімді құрылысшы…

– Сен менің қателігімді қайталама, махаббатпен ойнауға болмайды.

– Дұрыс ғой, десе де ол алыста, өте алыста… Қызметі де бізге келе бер­мейді…

– Әне, көрдің бе, алыстағы арма­ныңды жақындатуға тәуекелің жетпей тұр, мен де сөйткенмін… Назерке көзіне ытқып келген жасты, 2-3 рет сығып-сығып алды да, тым-тырыс қалды. Со­лай жатып ұйықтап кеткен. Түс көр­ді: «Өзі туып-өскен Қызылқұмның бір қойнауындағы таныс бұлақтың ба­­сында отыр. Көз ұшында осылай қарай қарақұрым қой қаптап келеді. Бірте-бірте мал соңында тортөбел атқа мінген шопан әкесі Дулаттың сұлбасы көріне бастады. Осы сәт, ия осы сәтте аспаннан қатты гүріл естілді. Сәлден соң пәрегі шыр айналған тікұшақ үс­тіне төніп келді де, бұлақты бір ай­налып өтті. Қойлар тым-тырақай қаш­ты. Анадайда ат үстіндегі әкесі қо­лын алға қарай сілкілеп, айқайлаған­дай бо­лады. Әрірек барып қонған тік­ұшақтан біреу түсіп келе жатты, кім болды екен өзі? Дәуір емес пе, сол сияқты? Жа­қындай бергенде таныды, Дәуір емес, Қасымхан…

– Сені алып кетейін деп келдім. На­зеркенің қолын босатпай біраз ұстап тұрды да, тікұшаққа қарай жете­лей жөнелді. Осы екі ортада тортө­белден асыға түскен әкесі жетті. Қол­дар ажы­рады да, бұл сол орнында қалып қойды. Әкесі мен Қасымхан сырттап кетіп, біраз сөйлесті. Не айтып тұр өздері деген ой Назеркені тағат­сыз­дандыра бастады. Бір сәт әкесі келіп маң­дайынан сүйді де: – Қызым, бара ғой, мен келістім, шешеңе айтармын, – деп атына отырып қыратқа қарай құ­йындатып шаба жөнелді…».

Оянып кеткен… Бұл қандай түс бол­ды өзі? Дәуір дегенім Қасымхан бола кеткені несі? Оның менде несі бар? Тікұшақтағы Дәуір болғанда ғой… Ен­ді ұйықтай алмады, әрі-сәрі оймен біраз арпалысып, көрер таңды көзімен атқарған. Тұрып жуынды да, тоқ шәй­некті қосты. Көрген түсін Ажарға айт­паққа бекінген, бірақ айта алмады. Күні бойы дел-сал күйде жүрді… Зерт­ханада отырған. Қасымхан кірді.

– Алтыншы бригадаға барып қай­тайық, күрішті ору мен бастыру жұ­мыстары қалай жүріп жатыр, дән ысы­рабы бар ма көзімізбен көреміз, – дегесін дереу жиналып, екеуі егін­жайды бетке алған. Рөлде отырған Қа­сымханға көз қиығын салды. Жігітті бір-екі рет жөткірініп, әңгімеге тарт­қысы келген еді. Бірақ, оның қасында қыз отырғанымен шаруасы жоқ… Шы­дамады білем:

– Қасымхан, мен түс көрдім, – деп қалды.

– Ие, ол қандай түс екен?

– Түсімде сен мені тікұшаққа отырғызып алып кеттің.

Жігіт күліп жіберді де:

– Қайда алып кеттім, мен ұшқыш емеспін ғой.

– Неге күлесің, мен алып кетуге тұрмайтын қызбын ба?

– Олай ойламаймын.

– Сен әуелі Дәуір едің, жақындап келгенде Қасымхан болып шықтың.

– Дәуір деген кім? Ештеңеге түсін­беген бас агроном мәшиненің жүрісін ірікті.

Назерке сөзінің діттеген жеріне тигенін білді. «Міне, қызбен сөйлесуді білмейтін жігітке осылай болғаны жақсы» деді іштей.

– Түсіңді айта бер, жорып көрейін.

– Ондай қасиетің бар болса, күл­мегенің жақсы еді ғой.

– Ал, құлағым сенде.

Қасымхан бұрылып, алғаш рет қыз жүзіне сұраулы пішінмен тіктеле қарады.

Назерке әңгімені қалай жеткізерін білмей кідірді.

– Сен қанша қаласаң, сонша тың­дауға әзірмін.

Ішкі сырын әлі танып-білмеген адамға ағынан жарылды.

Әңгімесін әріден, Алматыдағы Дә­уірмен кездескен күндерден бастап, түнде көрген түсімен аяқтады.

– Ол жігіт сені сағынып жүр екен, біраздан бері хат жазбадың ба?

– Қол тимей кетті ғой.

– Бүгін қолың босағасын, қалайда хат жаз. Әйтпесе…

– Әйтпесе не болады екен?

– Әйтпесе, Дәуірге айналып кетіп жүрерміз?!

– Олай болу оп-оңай деп ойлайсыз ба?

– Әрине, оңай емес, дегенмен сұлу қызға кім көз салмайды, оның үстіне атамыз қазақта:

«Жібектің түйіні бір, жас-жастың тілегі бір» деген сөз бар емес пе?

– Өз құлағыма өзім сенбей отыр­мын, мұныңыз қалай бас агроном жолдас?

Қасымхан жақтан жауап естілмеді. Олар егінжайға жетті. Ортадағы атыз­да қаңқайып тұрған комбайнның жа­нына келіп тоқтаған. Машинадан түс­кен екеуге қарай қалған адамдармен Назерке сыпайы амандасты. Қасымхан серігін таныстырды…

Бригада механигі комбайнның бұ­зылған жерін жөндеп, жарты сағат­та іске қосатынын айтты. Қалған екі комбайнның астық бастырып жатқа­нын көргесін, жетінші танаптағы жат­каларға қарай бет алды. Осы жерде бри­гадир Қонысбекті кездестірді. Екі жатка тоқтаусыз жүріп жатыр екен. Бас агроном өндіріс бригадиріне ору мен бастырудың арасын ұзатпауын тапсырды. Назерке күріш дестелерінің арасын аударыстырып қарады. Түп-түзу тартылған дестелер қалың. Орақ сапалы. Егісті түгел аралап көріп, қай­туға бет алғанда түс болған. Қасым­хан «Уазиктің» кішкене радиоқабыл­дағышын қосып еді, егінжай ерлеріне деп беріліп жатқан концерттің үсті­нен түсті: «…Алғашқы махаббат жү­рек­ті тербейді, мәңгілік бақ құсым қош­тасқым келмейді…» деп өз әнін шыр­қап жатқан Марат Омаровтың үніне құлақ түрген Назеркенің көз алдына Дәуір келе қалды да, қиялы Алма­ты­дағы өткен күндерді шарлады. «Қош­тасқым келмейді» деп еді-ау, мен де солай дегем… Қасымхан өнерден де құралақан жігіт емес еді. Домбыра, баян аспабтарында ойнап, ән де са­латын. Шәмші мен Әсеттің біраз ән­дерін нақышымен қайыратын. Арқа­ның кең тынысты, асқақ әндерін үйре­ніп жүрген ол мектеп бітіргесін кон­сер­ваторияға түскісі келді, бірақ анасы қолайламады:

– Осы ауылда агроном жоқ, сырттан келеді, тұрақтамайды. Агрономдық оқу­ға бар, балам, әкеңнің де арманы сені агроном ету еді… Қасымхан ана­сының айтқанынан шықпай, Алма­ты­ның ауыл шаруашылығы инсти­тутына құжат тапсырған…

Темірбек ЕСЖАНОВ

(Жалғасы бар)