Сыр дидарының саңлағы

892

0

Бұл күндері белгілі журналист Қаршыға Есімсейітованы білмейтін жан кемде-кем. Өнер мен руханият әлемінің қос соқпағы – ақындық пен журналистика саласының тізгінін қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ерен. «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің Сырдария ауданы Қызылжарма ауылында қарапайым малшы отбасында дүниеге келген Қаршыға Құрмашқызының пешенесіне ер кісіге бергісіз істерді атқаруға жазған ба дерсіз…

«Қыз болса да, ұл болса да «Қаршыға» деп ат қоямын»

 

– Мен қарапайым малшы отбасында дүниеге келіппін. Күнделікті күйбең тірліктің ортасында жүріп, дүниеге сәби әкелген анам Рсалды тағдырдың бұл сыйын біртоға мінезімен, жайбарақат қана қарсы алыпты. Желтоқсан айының қарлы боранында мал жайлап жүріп босанып қалған анам аса бір күтімді, ерекше мәпелеуді сұрамапты. Сәбиге аналық мейірімін төгіп, жанына жылу құюды ғана білген көрінеді, – дейді кейіпкеріміз сол бір қайта оралмас балалық шағын еске алып. – Есейе келе, әкемнің өте әңгімешіл, көнекөз қариялардан естігендерін көкірегіне түйе білгені, қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын па­йымдай алатыны маған көп әсер етті. Былайша айтқанда, «журналист» мамандығын таңдауыма әкемнің ықпалы мол болды.

Иә, десе дегендей, кейіпкеріміздің әкесі Құрмаш ақсақалдың өте ескі әңгімелерді майын тамыза айтатын әңгімешілдігі, жыр-дастандарды жыр­лап, көне кітаптарды жинауы, оны өз бетінше төте, араб тілдерінен қазақ тіліне аударып, жаза білуі – қаршадай Қаршыға қыздың өнерді түсінуіне, бүгінгі болмысының қалыптасуына көп ықпал етеді. Ол кісінің есте сақтау қабілеті – жадының күштілігі, шежіре, тарихи әңгімелерді көп білетіні, қай тақырыпқа ой қозғаса да тыңдаушысын баурап алатыны үлкен мектеп болды.

Айтпақшы, «Қаршыға» деген атты иемденуінің де өзіндік сыры бар. Ол дүниеге келетін күні Құрмаш қарт түс көреді. – «Түсімде жаздың әдемі бір күнінде өзен бойында жағалай тігілген ақшаңқан үйлерді көрдім. Ол үйлердің маңы толған адам. Жұрт өзен бетінде ұшып-қонып жүрген қаз-үйректерді тамашалап тамсануда. Бір кезде сол тыныштықты бұзып, жасындай жарқылдаған бір қаршыға құс өзен үстінде әрлі-берлі қанатымен ауаны тіліп, құстардың арасында ойнақ салды. Құстар оған ығысып жол берді. Ол құйындай ұшып келіп, сол көріністі тамашалап тұрған көп адамның ішінен менің қолыма қонды. Мен оны сипап тұрдым, інім Жұмаш оның аяғын байлады. Содан ояна келе түсімді: «Еркін өсетін бір бақытты бала дүниеге келеді. Қыз болса да, ұл болса да атын «Қаршыға» қоямын» деп жорыдым», – деп еске алады Құрмаш ақсақал бүгінде. Сол күні дүниеге келген қыз «Қаршыға» атанады.

Жастайынан ән айтуды ұнатқан ол 3-4 жасында әкесінің үйреткенін қонақтарға айтып беріп, оларды таңғалдырады екен. Бойы екі құлағынан буы бұрқыраған сары самаурыннан аспайтын қағылез қыз халық әндерінің бәрін нақышына келтіріп айтудан алдына жан салмай, ауыл-аймаққа «Құрмаштың әнші қызы» деген атпен танылады.

«Алматы «Алтын жұлдыз» иегері атандырды»

 

Қаршыға Құрмашқызы кішкене кезінен бастап күнделік, шағын әңгімелер жазады. Әкесінің жинаған шығыс әдебиеттері мен батырлар жырын жасынан жаттап өскен қараторы қыз мектепті үздікке бітіріп, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетінің табалдырығын аттайды. Университеттің алғашқы курсында жүргенде-ақ бұрымды қыздың балау­са жырлары «Жалын» альманағына, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жариялана бастайды. Осылайша, көкөрім студент кезінен бастап баспасөз беттерінде көрініп, өзінің балапан жырларын ұшыра бастайды. Сөйтіп, Күләш Ахметова, Зайда Елғондиева, Ханбибі Есенқараева, Тұрсынай Оразбаева сияқты жетпісінші жылдары әдеби дүрмекке түсіп, өз үндерін шығарып жүрген толқынның назарын аударып, елең еткізеді.

Жоғары оқу орнын үздік бітірген ол сол кездегі бас қала – Алматыда 23 жыл бойы еңбек етеді. «Қазақстан пионері» газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, республикалық халық шығармашылығы орталығында қызмет жасайды. Қазақ радиосының Балалар мен жастар бас редакциясында, «Қаламгер» әдеби бас редакциясында, «Шалқар» бас редакциясында 13 жыл аға редактор болды. Қарашаңырақта өткен осынау жылдарын бүгінде ол «өмір мектебім» деп сағына еске алады. Себебі, бұл өмір мектебінде оған қаншама өнер майталмандарымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, еңбек ардагерлерімен, ел қалаулыларымен, жас өркен таланттармен кездесіп, жүздесудің сәті түсті.

Қандай жағдай болмасын әкесінен өміріне өзек етіп ала білген қасиеті – төзімді серік ете білген Қаршыға ешқашан мансапқа ұмтылмады. Былайша айтқанда, дәті берік болды. Қазақ радиосында қызмет жасап жүрген алғашқы жылдары еліміздің маңдайалды қаламгерлерінен талай мақтау сөз естігенде де асып-таспады. Қаншама рет жоғары қызметтер ұсынса да оған қадам баспады. Табиғаты солай жаратылғандықтан ба, біреуді жұмсағаннан гөрі, сол жұмысты өзі атқарғаны көңілге сенім ұялатты.

Қазақ радиосының әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы «Ақсауыт» радиожурналы үшін Президент әрі Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев­тан сұхбат алды. Кілең мықты, «сен тұр, мен атайын» дейтін қаламгер, ақын аға-апаларының ортасына кейін келіп қосылса да, қаламының қарымын танытқан Қаршыға Есімсейітова көп ұзамай Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдызымен» марапатталды. Журналистикаға жанкешті еңбек сіңіріп келе жатқан қарымды қаламгердің Қазақ радиосында еңбек еткен тұста Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері атануы – оны өзге әріптестерінен даралап, журналистиканың қай саласында да құлашын жая қалам тербейтін шоқтығы биік майталман маман екенін айқындады. Ұлтымыздың небір ірі тұлғаларымен қызмет бабында сапарлас, дәмдес-тұздас бола жүріп, олар жайлы жасаған арнайы радиохабарлары бұл күнде Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.

Елбасы алдындағы тапқырлық

 

Журналист қызмет барысында көп адаммен кездеседі. Есінде ұзақ жылдар бойы сақталатын жайттар да болады. Қаршыға Құрмашқызы журналистік қызметі барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан екі рет сұхбат алды. Сірә, осындай тарихи оқиға ешқашан ұмытылмаса керек-ті. Соның бірі былай өрбіген еді.

Бұл 1994 жыл болатын. Кейіпкеріміз Қазақ радиосында жастарға арналған «Ақсауыт» радиожурналын жүргізетін. Бір күні Қорғаныс минис­трлігінің баспасөз хатшысы радиоға хабарласып, әскери жаттығу өтетінін, оған Бас қолбасшы қатысатынын, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ішінде оның да бар екендігін айтады. Белгіленген уақытта жаттығу өтетін жерде болады.

Сақадай сай тұрған әскери бөлімшелер жаттығуды бастап кетті. Жаяу әскерлер, танкілер, ұшақтар бірінен кейін бірі әп-сәтте тып-тыныш жатқан полигонды ұрыс даласына айналдырып жібереді. Қым-қуыт «соғыс» даласынан тікелей эфирде репортаж жүргізуде. Журналист қауымы жаттығу біткен соң, сұрақ қою­ға дайын тұр.

Елбасы жас тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы, мызғымас беріктігі, қауіпсіздігі жолында жас­тық жігерін көрсетіп келе жатқан жауынгерлерге өз алғысын білдіре келе, сая­си мәні бар мәселелерге тоқталады.

Тілшілер дайындап келген сұрақтарын қойып та үлгермейді. Себебі, Елбасы жиында сөз сөйлеу барысында барлық тақырыпқа кеңінен тоқталды. Қаршыға да қоятын сұрағына Елбасының сөйлеген сөзінен жауап алып үлгереді. Нұрсұлтан Әбішұлы ер жігіттердің ішіндегі жалғыз журналист қызға қарап:

– Қандай сұрақтарың бар? – дейді.

– Қазақ радиосы. Жастар редакциясынан. Нұр-аға, мына әскери киім өзіңізге жақсы жарасады екен. Біз әскери мемлекет емеспіз, қарапайым халық неге әскери киім киіп алған деп ойлайды, соны түсіндірсеңіз? Екінші сұрағым, осы киіміңіз жас мемлекетіміздің сарбаздарының әскери киім үлгісіне негіз бола ала ма? – деді барынша сабырлы қалпымен.

Жаңа ғана ресми қалыпта тұрған Елбасы кенет күліп жіберді. Киімін бір шолып өтіп, пилоткасын жөндеп қойды. Риясыз күліп алып:

– Бұл – Президенттің формасы. Бас қолбасшы болғандықтан мен өзіме әскери дәреже бере алмаймын. Полковникпін. Иығымда – елтаңба, сол қолымдағы белгі – еліміздің туы. Матасы өзіміздің Қарағандыныкі. Жылдың қай мезгіліне де ыңғайлы. Су өтпейді, жылы, созылмайды. Ұстап көруіңе болады, – деді күліп.

– Журналист үшін тапқырлық, аяқ астынан шешім қабылдай білу аса қажет. Тікелей эфирлерде жан алып, жан беріскен талай сәттер бастан өтті ғой. Бұл – менің мамандығымның ерекшелігі деп білемін, – дейді қаламгер бұл тұрғыда.

«Сыр толқындары өзіне тартты»

Сол кездегі бас қалада жүрсе де, туған жері – Сыр еліне жүрегі әркез ауып тұратын. Сыр толқындары өзіне тартатын. Адам баласы үшін «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген ұғым қағидаға айналған. Кейіпкеріміз Алматының қақ ортасындағы үй-жа­йын, Қазақ радиосындағы қызметін, студенттік жылдардағы достарын, шығармашылық ортаны бір-ақ күнде туған елдің ыстық құшағына ауыстырып, Сырға оралды. Осы іске бармас бұрын ол ұзақ ойланды. Бәрін таразыға салды. Алматыны қимайтын шығармын деп ойлаған әу баста.

«Сендер – орта буын журналистсіңдер. Біз – аға буынбыз. Мына кейінгі жастарды тәрбиелеу – сендердің міндеттерің емес пе?» деп кейіді оның елге кететінін естіген Қазақ радиосы ардагерлерінің бірі Төрехан ағай.

Қаршыға Есімсейітова – жур­налис­тиканы ә дегеннен Шиелі аудандық газетінен бастаған адам. Журфакқа дейін. Ал журфактан кейін Қазақ радиосында жұмыс жасады. Ұзақ жылдар балалар редакциясында болды, яғни, желкілдеп өскен құрақтай жеткіншектерге арналған хабарлар әзірлеп, жүргізді. Есін білетін ересектерге, айтқаныңды ұғатын үлкендерге, саясатты түсінетін сұңғылаларға емес, бал тілді балаларға, пәк жүрек, періште көңіл кішкентайларға, мектеп партасындағы шәкірттерге арналған дүниелерді дайындау қиынның қиыны. Бір қарағанда бұл тірлік оп-оңай болып көрінуі мүмкін. Ал бірақ баланың ұғым-түсінігіне, дүниетаныма сай сөйлеп, жазу жай жорналшының, қалам ұстаған екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бейнеті шаш етектен бұл шаруаны біздің Қаршыға еңсерді. Табандылығының, ізденімпаздығының, еңбеккештігінің арқасында. Еңсергені сол – оңтайына келген бұл жұмысты журналист бар ынта-ықыласымен қызыға, сүйсіне жүріп атқарды. Нәтижесінде, жылдар жылжи келе радиотыңдармандардың сүйікті тілшісіне айналды. Есімі елге әйгіленді. Осынау жемісті еңбегі еленіп, 1997 жылы алғашқылардың бірі болып республикалық телерадио академиясының «Алтын жұлдызын» иеленді. Қаршығаның туған жеріне оралып, облыстық теледидарға жұмысқа тұруы арнадағы талантты телемамандар қатарын толықтыра түсті. Қай кезде де тыным таппайтын Құрмашқызы «Жыр ошақ», «Өлең – сөздің патшасы», «Руханият», «Көкжиек», «Алтын қазық», «Мирас», «Ақсарай», «Көненің көзі – тарихтың өзі» деп аталатын хабарлар жасап, көрермендер назарына ұсынды. Тарих демекші, Қаршығаның Сыр өңірінің, жалпы қазақтың тарихи тұлғаларын насихаттап, ел жадында жаңғыртудағы еңбектері өз алдына бір төбе», – деп жазады танымал журналист Несібелі Рахметова өзінің әріптесі туралы.

Осылайша Алаштың анасы атанған кіндік қаны тамған жері Сыр бойына оралған тәжірибелі журналист Қызылорда облыстық телеарнасына редактор болып орналасты. Облыстық радио сол жылдары жабылып жатқан болатын. Тележурналист ретінде де аз ғана уақыттың ішінде өз ісін дөңгелентіп әкетті. Оның бұған дейін баспасөз бен радиода жинаған мол тәжірибесі телеарнадағы жұмысында әдемі жалғасын тапты. Қашаннан көпшіл, кеңпейілді, бауырмал Қаршығаға телевизиялық хабарлар дайындау да, түсіру тобымен тіл табысу да қиынға соққан жоқ. Облыстық телеарнаға қызметке орналасқан алғашқы айда-ақ оның жасаған тікелей эфирдегі сұхбаттары, деректі фильмдері мен сериялы хабарлары өз көрермендерінен жоғары бағасын алып үлгерді. Ол бастапқыда балалар, жастар тақырыбындағы хабарлар жүргізсе, кейіннен ұлттық, пат­риоттық тәрбие беретін әскери тақырыптарды да қозғады. «Алтынқазық» хабарын жүргізіп, ел дамуындағы айшықты істердің жаршысы бола білді. «Өзекжарды» бағдарламасында облыстағы өзекті проблемаларды бүкпесіз көтерді. Сөйтіп, журналистиканың бұл саласында да оның бағы жанып, мерейі үстем болды.

Туған жерінің тарихын түгендеген

Кейіпкеріміздің бойындағы туған жерге деген махаббаты ел-жер тарихын зерттеуге ұласты. Қазақ халқының тарихын бір кісідей жатқа біліп, майын тамыза әңгімелейтін шежіреші әкесінен бала кезден санасына сіңіре өскен аңыз-әңгімелері мен тарихи оқиғалары болашақта Қаршығаның кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтін істерді тындыруына себепші болды. Санасында жатталған үш жүздің алғаш бас қосқан ХV ғасырдан қалған жәдігері «Таңбалы тас» туралы деректі фильм түсіруге қол жеткізеді. Бетпақ даланың төсінде Жәнібек ханның «Хан жайлауы» атанған жердегі «Қаратұз» көлінің маңындағы «Таңбалы тас­қа» жету үшін демеу­ші тапты. Осы жердің мән-жайын жақсы білетін, кезінде 1981 жылы Бек Ыбыраев басшылық жасаған экспедицияға жол көрсеткен әкесі – Құрмаш Есімсейі­тов ақсақалды басшы етіп, сапарға шығады. Сол заманның көзіндей болып 82 таңба қалған қазақ тарихындағы теңдесі жоқ тарихи мекенге ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, марқұм Шайтұрсын Әбді­баев та бірге барады. Есімсейітованың қайсарлығының арқасында осы сапар сәтті болып, келер ұрпаққа тағы бір тағылымды дүние мұраға қалдырылады. Осы түсірілген тарихи деректі фильм кейіннен басқа да облыстардың қызығушылығын тудырды. Рес­публикалық телеарналардан бірнеше мәрте көрсетілді. Тарихи тақырыптағы алғашқы деректі фильмімен-ақ есімі Сыр елінен асып, басқа облыстарға жеткен Қаршығаның қаламынан бұдан кейін туған түбі бір түркінің ортақ бабасы – Қорқыт жайлы «Қорқыт», Алаштың ардақты ұлы туралы «Мұстафа Шоқай» фильмдері де көзі қарақты көрермендер мен зия­лы қауым өкілдері тарапынан жоғары бағаланды. Жалаңтөс баһадүрдің 430 жылдығына арнап 2006 жылы түсірген 3 бөлімді хабары да сәтті шықты. Самарқанды 30 жыл бойы билеген Жалаңтөс баһадүр жайлы деректі фильм түсіру мақсатында көршілес Өзбекстанға сапар шекті. Ташкент-Самарқан-Науаи-Нұрата сапарында тағы бір құндылықты туған еліне ала келді. Нұратадағы Әйтеке би жатқан Сейітқұл әулие зиратын таспаға түсіріп, тағы бір қазынаның шетін ашты. Осы сапардан соң «Әйтеке бабамыздың жатқан жері белгісіз екен» деген ел ішіндегі қауесет ыдырап, оның ұрпақтарының арасында әйгілі Әйтеке биге кесене орнатуға қозғау салынды. Сөйтіп, бұл жолы да қайырымды істің басы-қасынан табылады.

Мұнан кейін де Нұратаға екі рет жолы түсті. Соңғы сапарында ол Сейітқұл әулие мен Әйтеке би кесенесінің ашылуына еңбегі сіңген қайраткер ретінде қатысты. Осы салтанатқа қонақ ретінде қатысса да, қолынан микрофонын тастамаған ол «Даналық ізімен» атты екі бөлімнен тұратын хабарды Сыр көрермендеріне тарту етіп қайтты. Бұған «Сыр өңірінің тұлғалары» және «Алаштың ардақтылары» атты әрқайсысы он фильмнен тұратын деректі топтама-телебаянды қосып айтсақ, осының бәрі аса ауқымды да жауапты іс, қыруар еңбек екендігі салмақтана түседі. Туған жерінің тарихын түгендеген хабарлары оның «Туған өлке» бағдарламасында жалғасын тапты. Атан түйеге жүк болардай осыншалық шаруаны тындырып үлгерген  нәзік жанның қайтпас қажыр-қайратына, шыдамдылығына қалайша қайран қалмассың?!

Өмірін өлеңмен өрген, әнмен көмкерген

 

Тағы бір айта кетерлігі, жеке шығармашылығы журналистиканың ығында қалып қойғанымен, әдеби ортадан алшақтаған жоқ. Сыр елінің құрметті ақыны, өзінің сүйікті қаламгер апасы Қатира Жәленова­ның сөзімен айтсақ, «ол мықты журналист қана емес, мықты ақын да». Оның «Қарлығаш» жыр-топтамасынан бастау алған шығармалары «Аңсаған атамекенім» атты жыр жинағы арқылы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Кезінде 1994 жылы «Атамұра» баспасынан 10 мың данамен жарық көрген жыр жинағындағы жастардың да, есейіп ел ағасы атанған жандардың да жүрек қылын шерткен жырлары жас­тығының астында, қойын қалтасында, жазу үстелінде, тіпті, малшы мен егіншінің қонышында жүріп оқитын кітабына айналды. Сол жылдар жұмыстан қысқарған ерлер үйде, ала дорба асынған әйелдер түзде жүрген өте бір ауыр кезең екенін әлі күнге дейін ешкім ұмыта қойған жоқ. Соған қарамастан Алматыдан ақын құрбысы Гүлнар Шәмшиеваны ертіп келіп, Сыр жұртшылығы алдында тұңғыш жинағының тұсаукесерін жасады. Сұраныс азайып тұрған тұста 10 мың данамен кітап шығарған оның тәуекелшіл қажыр-қайратына сырбойылықтар қатты сүйсінді.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қ.Есімсейітованың бұдан кейінгі лирикаға толы сырлы өлеңдері «Жалын» альманағында, «Отан деп соққан жүректер», «Тұмар», «Жүректегі жауһарлар», «Киелі Сыр» жинақтарына, «Сырдария кітапханасының» 200 томдық сериясына енді. 2015 жылы Мәдениет және спорт минис­трлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Ұмытпа мені», «Таусылмайтын жол», «Менің әлемім» және «Боз даланың үні» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағы жарық көрді.

Журналистік сапармен Вьетнам, Өзбекстан, Москва, Қырым, Украина, Грузия және Қытай секілді алып мемлекеттерге табаны тиген Қаршыға Құрмашқызы 2009 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойына орай Қызылорда қаласында «Арасынан сені көрем ақ нұрдың…» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Оған жиналған облыс басшыларынан бастап қарапайым қызылордалықтардың санында шек болмады.

Кеште сырбойылықтар Қаршығаның бұрынғы «Алтын жұлдызына» тағы бір «алтын» қосылғанының куәсі болды. Мерейтойға арнайы келіп қатысқан «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің президенті Әбді-Әлі Нұрманов оған «Баспасөз саласындағы ерен еңбегі үшін «Алтын медалін» тақты. Бұл алтын медаль «Жалаңтөс баһадүр», облыстың 70 жылдығына орай берілген «Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін», «Әйтеке би», «Қазақ хандығына 550 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарының қатарын толықтыра түсті. Қаршығаның Сыр еліне төккен тері жарқыраған медальдармен ғана өлшенбесі хақ.

Жазудан бөлек, қажет тұста образға еніп, нысанаға алған кейіпкерді сомдай білу – үлкен өнер. Қаршыға Құрмашқызының екінің бірінің бойында кездесе бермейтін осындай таптырмас қасиеттің болуы – оның сегіз қырлы жан екендігінің тағы бір дәлелі. Оның үстіне, кейіпкеріміз студент кезінде қолына домбыра алып, айтысқа да шыққан. Содан болар, қазіргі таңда қазақтың айтыс өнерінде әділқазылар алқасының құрамында отырып, талай таланттың томағасын сыпырып, суырыпсалма ақындардың халыққа танылуына, бағының жануына үлкен үлес қосып келеді. Соынмен бірге ол Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалына жетекшілік етеді.

«Өмірлік ұстанымым – барға қанағат ету»

 

– Қазір ойлап отырсам, біздің тұстастарымыздың бойында үлкендерге жол беру, сыйлау деген қасиет көбірек болды-ау деймін. Кейде әлі ештеңенің байыбына бармай жатып, креслоға құмар, біреуге ақыл айтқыш жастарды көргенде шынымен жан дүнием құлазып қалады. Бұл – қызғаныш емес. Меніңше, жастар қызуы мол, күш-жігері қайратқа толы шақтарында креслода отырып емес, қайнаған өмір ортасында жүгіріп жүргені жөн болар еді, – дейді өмірден көргені мен түйгені мол Қаршыға апа екеуара әңгімеде.

– Өмірімнің жалғасы ұлым – Асқарға бар болмысыммен берерім де, үйретерім де осы жүріп өткен жолдарымнан түйгендерім. Ал, қызым – Ақжібегім өмірден өз жолын тауып, өмірлік серігі Нұрғали екеуі 4-5 ұл-қыз өсіріп отыр. Өзі – суретші-дизайнер, жолдасы – шекара қызметінің офицері, полковник.

Мен бұл өмірде ата-ананың парызын өтеуден асқан үлкен бақытты білмеймін. Анам – Рсалды 69 жасында өмірден озды. Ал, нағыз шежіреші, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, жер-су атаулының тарихын жатқа білетін әкем Құрмаш тоқсанның төріне шықты. Ол кісіден әлі де көп нәрсе үйренсем деймін… Жалпы, әке-шешем дүниеге 12 ұл-қыз әкелген екен. Ағаларым Піржан мен Құрманғазының дүниеден өткеніне ондаған жылдың жүзі болды. Қалған бауырларымның ортасында, кіндік қаным тамған атамекенім – Сыр өңірінде халқыма әлі де қызмет ете берсем деймін. Менің өмірлік ұстанымым – өз сеніміме, ұстанымыма, сүріп жатқан өміріме, жалпы айтқанда, бәріне – қанағат ету. Аллаға мың мәрте шүкіршілік етемін. Алдан әлі де күтерім көп, – дейді ол.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<