Жақында облыстық телеарнаның құрылғанына 35 жыл толу іс-шарасы салтанатпен аталып өтті. Тәуелсіздікпен қатар келген оның қызметі тұрғандардың үлкен қызығушылығын тудырумен қатар көптеген қиындықтарды да бастан кешірді. Нарық экономикасының алғашқы жылдары кәсіпкерлікке байланысты жылт еткен жаңалықты халыққа жеткізуде үлкен роль атқарды.
Қызылорда қаласындағы дәмді нанымен танымал теміржол наубайханасы қайта жарақтандырылып, ашылу рәсіміне облыс әкімі қатысатын болыпты. Ол кезде телекомпанияда 2-3 камера ғана болатын. Тілшілер екі камерамен көрші аудандарға іссапарға кетіпті де, қаладағы түсіру тобы да белгіленген уақыттан кешігіп жатты. Теміржол бастығының «Волгасы» үш рет келді. «Сағат түскі үште ашылуға тиіс наубайханаға облыс басшысы С.Шаухаманов келіп күтіп тұр. Телевидение келмей, жиынды бастамаймыз дейді, тездетіңдер енді» деп дызақтап кетеді. Камера жоқ, біз не істей аламыз. Сонымен не керек, жарты сағат кешігіп, құстай ұшып жиынға жеттік-ау әйтеуір.
Жиылған жұртшылықтың алдында Сейілбек ағамыз көсіліп сөйледі.
– Бұл телевидение халық үшін керек, халық мына жаңа кәсіптің қалай басталып жатқанын көруі керек. Әр ауданда, әр ауылда осындай наубайханалар, дүкендер, шаштараздар, моншалар ашып, жеке кәсіппен айналысуға тиіспіз. Мал бағып, күріш өсіріп қана қоймай, оны өңдейтін цехтар салуымыз қажет. Мына наубайхана бұрын бірер өнім ғана шығарса, қазір оннан астам түрін ұсынып отыр. Кәсіпкерлік деген осылай басталады, – деп ойын тарқата жеткізгенде көпті күттіріп қойған біздің үстімізден ауыр жүк түскендей болды.
Сол жылдар қиын кезең болатын. Жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу кезеңі оңай өткен жоқ. Бірде облыс басшысымен Жаңақорған ауданындағы Бірлік кеңшарына бардық. Таудың етегіндегі бау-бақшалықта Израильдің тамшылатып суару технологиясы пайдаланылып, жұмысымен таныстық. Қараша үйде түстендік. Елдің жағдайын сұрап отырған басшы «кімнің қолында қанша мал бар» деді. Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы осындай сауал болатынын сезді ме «Пәленшеде 200 сиыр, түгеншеде мыңға тарта қой бар» деп кідірмей жауап берді. «Малдан айырылып қалмаңдар» деген басшы уақыттың қиын екенін сездіріп, ақыл-кеңесін беріп жатты.
Атағы дүрілдеген кеңшарлардың дәурені өтіп, бір ауылда қолдарында мөрі бар ондаған төрағалардың пайда болып жатқан кезі еді.
Ақынның жары
Екі мыңыншы жылдардың басында қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбдірашов өмірден озып, Аралдан делегация бардық. Аудан әкімі бастаған топ құрамында білім, мәдениет және ақпарат бөлімдерінің басшылары болып, жерлесімізді соңғы сапарға шығарып салу рәсімдеріне қатыстық. Ақын Кеңсайға жерленді. Бір байқағаным, сол маңда күміс көмей әнші марқұм Мәдина, «Тамашаның» тарландары Тоқсын мен Мейірман мәңгі тыныстап жатыр екен.
Жарасқан ағамыздың ұрпақтары туған жерден келген бізге арнайы қонақасы берді. Ақынның төрде ілулі тұрған үлкен портреті рух беріп тұрғандай еді. Нәзік жеңгей мен ұлы Рүстем сағыныштарымен бөлісіп, қимастықпен еске алды. Ақынның жары өлеңдерін жатқа оқиды екен.
– Ақбұлақтар, ақбұлақтар
Қазір көктем, алдың жаз
Шапқылап қал!
немесе
Ақын кетіп барады көшеменен
Екпінінен асау жел, өседі өлең
– деп басталатын жырларын апай Жәкең сияқты екпінмен жатқа оқығанда таңданып қана қоймай, риза болыстық. Талай өлеңнің алғашқы оқырманы болғанын естігенімізде одан сайын сүйіспеншілігіміз артып, олардың рухани үндестігін көргендей болдық.
Ақынның жары жырлаған өлеңдер осылай керемет әсер қалдырып еді…
«Соңғы парыз» Сырда жазылды ма?
Телерадиокомпания басшылары «Қызылордаға Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов келіпті, жолығып, сұхбат алып келіңдер» деген тапсырма берді. Жазушы облыс әкімдігінің резиденциясында жайғасқан екен. Қазіргі «Торғай Петролеум» компаниясының қызыл ғимаратында орналасқан жайлы мекенге келгенімізбен, суреткер қызметкерлер арқылы сұхбаттасуға мүмкіндігі жоғын жеткізді.
Тоқсаныншы жылдардың басындағы бұл сапардың сырын кейін білдік. Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының досы Сейілбек Шаухаманов естелігінде мынадай жолдар бар: «Сонау жылдары Әбекең «Соңғы парызын» Қызылордаға келіп жазды. Әбекең: «Маған ешқандай ерекше күтімнің немесе қазы-қарта, жал-жаяның қажеті жоқ, тек таза, тыныш орын, күріш ботқа, көже, сүт қатқан шай болса болғаны, мені ешкім мазаламасын» деді.
Кітап жазудың қаншалықты қиямет жұмыс екендігіне көзі жетеді. Әбенің күн-түн демей, басына орамалын таңып алып, қою шайға терлеп-тепшіп қанып алып, жазу столынан тұрмай жұмыс істегенін айтады. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана демалдыратын мезгіл жетті-ау дегенде, Тереңөзек ауданына көл басына, таза ауаға алып барған екен.
Жазушы жанкешті жұмыс істейтін еді. Алматының у-шуынан қашып, туған жеріне кетіп қалатынын әріптестері де білетін. Әлем әдебиетінде озық шығармалар қатарында аталатын «Соңғы парыздың» Сыр бойында жазылғаны да бір тарих болып қалмақ.
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
жазушы-журналист





