Ұйқы тығылған көзін ашты да, қалың көрпе астында ашылып-шашылған келіншегін оятып алармын деп былайырақ ысырылды. Күздің қара суығы сумаңдап, жұқалтаң қабырғаның қуыс-қолтығынан сыңалау тауып, ішке кіруге құштар. Таң атысымен Мырзабай атқаратын шаруа шашетек. Жақын маңдағы ұжымшардан ертелетіп келіп, сүт сататын сарғыш мәшиненің үй іргесінен өтіп бара жатып, «мен келдім ғой, оу, қайдасыңдар, қапы қалмаңдар!» дейтін дабылын күтіп жатыр. Әзір тым-тырыс. Екі бүлдіршіні іргеліктегі ескілеу диванда. Жеп-жеңіл тыныс алғандары анық естіледі. Көрпелері ашылып қалмады ма деп мойнын созып, сол жағына ұзағырақ қарады. Бала немелердің есіл-дерті дала. Күн жылт етсе бітті, бірнәрселері ұмыт қалғандай, аяқтарына ілінгенді сүйретіп тысқа жүгіреді. Ал күздің қара суығы бала түгілі үлкендерді ұрып жыққандай. Қазан айындағы жағдай мынау, ертең қараша туғанда не болмақ? Ертеңді-кеш үйде болған соң, бала-шағаның анау-мынаусына басымен жауап беретін адам – Мырзабай.
Базаркүлдің қаладағы жұмысынан қолы босамайды. Шетелдік компанияның бас корпусында еден жуушы. Еден жуатындығын Мырзабай ғана біледі. Өзгелер үшін – менеджер. Ерте кетіп, кеш келеді. Төтенше отырыс ұйымдастырылса, түннің бір уағына дейін жұмыстары түгесілмейді. Бір жақсысы, беймезгіл уақытта алаөкпе боп көлік іздемейсің. Компанияның жеңіл мәшинесі ақы-пұлсыз есік алдына әкеп тастайды. Айлығы уақытылы, ара-тұра қосымшасы және бар. Оу, мынадай қысылтаяң заманда ондай жұмысты қайдан таппақсын?! Бәле-жаласынан аулақ, денсаулық берсін Базаркүлге! Мырзабайдың және бір қуанатыны, кеше кешкілік кішкентайы жөтеліп, ыстығы көтеріліп мазасызданып шығып еді. Қазір тәубе, баланың ұйқысы тыныш.
Әйелі тамағын кенеп, әдейі жөткірінді, ояу екен:
– Мырзаш?
– Оу.
– Арбатқа баруды да сирексіттің ғой.
– Бармайын деп жүрген кім бар. Осы күнгілерге түсінбеймін-ақ. Көлде жүзген аққуға, құйрық-жалы күлтеленіп, жүйткіп бара жатқан арғымаққа қызығушылықтың пәсі әлі күнге дейін бір бәсеңдер емес. Ойға шақыратын, ойландыратын, адам баласының ерекше көзқарасын жиып-теріп бір нүктеге әкеп тоқайластыратын сюрреалистік тақырыпқа жазылған картинаға назар салмайды, жаныңнан ыздиып өте шығады. Азын-аулақ қаражатқа қан сорпаң шығып жазған шығармаңды көзің қиып, қалай бере салмақсың. Түбі жаман болмасымыз анық. Түс көремін, түсім тәуір, соңғы жағы тіпті керемет…
– Нені айтасың?
– Түсімді-дағы…
– Құдай шебер-ай… сағат қанша болды? Сенің ертегіңді езіп жатқанда жұмыстан қалып қоймайық. – Базаркүл тысқа шығып келді: – Мырзабай, ұйықтап кеткеннен саумысың? Сүт сататын мәшиненің гүрілін естімедің бе? Сержантайға май қосып, сүт пісіріп бер. Тамағының қызылы әлі қайта қойған жоқ. Тысқа шығарма, үсті-басын жылы ұста…
Сарғыш бедонды қолына алған Мырзабай асығыс-үсігіс сыртқа атылды.
***
Арадан апта өткен соң Базаркүлдің шай-суын күні бұрын әзірлеп, ошаққа сексеуілдің томарын молынан қаластырып, үй ішін тап-тұйнақтай жинастырған Мырзабай ұйықтар алдында келіншегінің жамбасын сипап жатып, бір бұйымтайдың шетін шығарды.
– Базар…
– Ау…
– Білесің ғой мені. Селтеңбай жүрісті жаным сүймейді. Нәтижелі шаруамен айналысқанды ұнатамын.
– Ал?
– Арбатқа барғанмен суреттің неге сатылмайтындығын енді түсіндім.
– Бәли.
– Таңдан, таңданба солай, үнемі бір қозғаушы күш жетпейді де тұрады.
– Ол не тағы?
– Ол – аруақтарға Құран бағыштау…
– Не дейсің? Асықпай, аптықпай түсіндірші дұрыстап.
– Елге барып, ата-баба рухына тағзым етіп, мал шалып, бата алып, тазарып қайтуым керек жуық маңда! Онсыз болмайды. Түс жорысым ылғи соған саяды.
– Дұрыс-ақ, сен кеткенде балаларға кім қарайды?
– Апам бар ғой…
– Апаң көнсе. Шалының қасынан қарыс сүйем шыққысы жоқ, ауру баққан кісінің жағдайы белгілі.
– Дегенмен, о жағы саған, сенің жеткізіп айтуыңа байланысты. Айта алмасаң өзім-ақ… Ары-берісі мықтағанда екі-үш күн. Апамды білем ғой, апам күйеу баласының өтінішіне қарсы келмейді.
– Көрерміз…
– Маладес, қатын!..
– Сен секілді ертеңді-кеш қағаз шимайлап, үйде омалып отырғанымыз жоқ. Бізге тыныштық бер, ертең жұмыс.
Мырзабай келіншегінің аяқ-басын қалың көрпешемен қымтай түсті.
***
Ежелден белгілі ауыл тірлігі… Таңның атысы, күннің батысы, қолдағы азын-аулақ мал-текенің арқасында ас-суларын әзер айырып отырған теңіз жағалауындағы ауыл тұрғындары суретшіге қажет асай-мүсейлерін арқалап, аудан орталығынан тәулігіне бір мәрте қатынайтын шолақ автобустан түс әлетінде түсе қалған Мырзабайды құдды ғарышкерді күтіп алғандай, тікелерінен тік тұрып қарсы алды. Мырзабайдың марқұм болған әке-шешесін танитын бірді-екілі қартаң кісілер көздеріне жас алып, өткен шақты емірене еске түсірді… «Дәукеңнің орны ойсырайып тұр, ардың-гүрдің мінезі болғанымен қолы ашық, торға түскен торта-тобырды елге түгелдей таратып беретін дарқан көңіл азамат еді, – деп, бет сипасты. Анасы туралы да аңызға бергісіз әңгімелер айтылды: – Дер кезінде жанымызда жүрген жақсы адамдардың баршаға болсын-ай дейтін тілеуқор ниеттерін бағаламағандықтан тағдыр бізді де аяған жоқ. Кімге шағым айтамыз, біздің осы көрген азабымызды өзімізден өзге тірі жанның басына бермегей. Осымен тоқтам болса да алғысымыз шексіз-ді. Ай, қайдам-ау, қайдам?! Табиғат жарықтықтың мұнша сезімталдығы мен мұнша көрегендігін кім білген. Төрт көзіміз түгел отырғанда ұлы теңіздің ұлтанын ала шаңдаққа толтырып, құмды өлкенің жалғыз жанарындай жарқырап жатқан айдын шалқардың тұқымын тұздай құртып, қу тақырға айналдырып алдық. Ой, жалған-ай, сол, сол ғой… оның арғы астарына ақылгөйсіп, кесепат-кеселдің тууына кімдер себепші болды деп, болары болып, бояуы сіңген жағдаяттың ащы өзегін қуалап, бекерге арамтер болудың қажеті қанша?! Ниеттен ғой барлығы! Ниеттері түзу ақперен адамдар айналамызда толып жүргенде о заманда-бұ заман теңіз тартылды дегенді естіген кім бар?! Сенің әке-шешең құдайдан тілеген адамдар болып шықты негізі! «Мына сұмдықты көргенше қарамызды батырып, мәңгілік мекенімізге барып жайғасайық» деді де, кетіп қалды. Жөн олардыкі. Ертеңгілік көзімізді тырналап ашармыз-ау, тіріміз деп тілімізді мың мәрте кәлимаға келтірерміз-ау. Сосын, сосын ше… Күн тас төбеге тырмысқанша төңірек ішін тартып, шарадай тыныштық орнап тұрады да кенет… о құданың құдіреті бір есалаң табиғат-анамыздың шабын түртіп қалғандай, аяқастынан аласат құм борасын төпеп бір біреді-ай! Қарға адым жерге жетуің азап. Төбеңнен жауған қиыршақ құм арқа-басыңнан көктей өтіп, аяғыңнан бір-ақ шығады. Құм, құм. Шілде айында ақ боранның астында қалғандайсың. Ішкен-жегенің құммен аралас. Аузы-басың қышырлаған қызыл құм…
Бір тұтам тірліктегі көрейін деген көресің осы ма?! «Әке-шешем өмірден ертерек өтті-ау деп қайғырма, уәйім жеме, айналайын! Ниеті адал адамдардың баратын жері белгілі. Жұмақтың төріне жайғасқан жерлестерінің ортасында жүрген шығар шалқып-тасып. Біз болсақ, міне… ұлы теңізді жоғалтып алып, зар илейміз. Ниеттері бұзықтарды топырақтың өзі жатырқайды білем, не ары, не бері емес, тозақ өткелінен өте алмай жүрген күйдеміз…».
Ниеті жақсы кісілердің жұрағаты саналатын Мырзабайдың тұлға-бітімі барған сайын биіктей түсе ме қалай?! Адам-ау, Мырзабайдың күллі шығармашылық мұрат-мақсатының ту тігері осы маң – сюрреализм. Әлгі пайым-түсінік түгелімен осы тақырыптың аясына сыйып кетеді. Арпалысқан талай толғақты ойларды әрі кетсе бір-екі қимыл-әрекетке сыйғыза біледі. Бір қиыны, ол айла-тәсілді көп пенде түсіне бермейді. Және көп пенде түсінбейді екен деп, басты бағытынан сырт айналған да суретші жоқ. Бүгін болмаса ертең, бәрібір бір жерден жарып шығады Мырзабай! Бай-манаптардың сұлу бикештерін бейнелесем дегені бергі жақтағы күлдібадам арман ғана. Олай етсе асығының алшысынан түсерін де жақсы біледі. Тіршіліктің бел қайыстырар тауқыметінен ылдым-жылдым құтылары да санасында сайрап тұр… Бірақ ондай оңай олжаны жаны қаласа, бүйтіп жүре ме асай-мүсейлерін арқалап.
Әрине, ауылға сыбай-салтаң келіп, көздеген шаруасын тындырған соң тәулігіне орталықтан бір мәрте қатынайтын шолақ автобустың артқы орындығына жайғасып, кете барса Мырзабайды біреу етегінен тартып ұстап қала ма? Ойда-жоқта тосын тақырып кезіге қалса әртүрлі бояулар салған қорапшасын, кенеп, мольберт тақтайшаны қайдан іздейді. Ойпыр-ай, туған жердің кереметін айтпаңыз! Мұндай идея бұрын-соңды ойға оралса қайда қалды. «Ниеті жақсы және ниеті нашар адамдар»… Мырзабай оларды таразыға тартудан аулақ. Ауылдастарының арасына сына қаққысы келмейді. Ойбай-ау, ниеттері нашар болса бұлар мына құм суырған өңірдегі жатаған ауылды қызғыштай қорып, неғып отыр?! Олақ тоқылған өрмектің жеңішке тініндей тарқатылып, бірер тұрғын суы мол, нулы жерге қоныс аударсыншы, сөз жоқ, ауыл бір-ақ күнде қызыл құмның астында қалар еді. Ертеректе Мырзабай да осы тақырыпқа бір туындысын арнаған. Ойдан шықты ма, шықпады ма, ол жағына төрелік айта алмайды. Өткенде келіншегі: «Жаңа жыл жақындады, әліміздің келгенінше үйдің іші-сыртын әктеп, сырлап жаңалайық, балаларға жеңіл-желпі киім әперейік, сенің әке-шешеңнің жоқтығына мен кінәлі емес шығармын, біздікі қалт-құлт етіп жүр ғой әзірге, сол кісілерді шақырып дәм таттырайық, сен енді бекерге жата бермей, қимылдасаңшы?!» деп қиылып сұраған соң, сол суретті шаң басқан жертөледен әзер тауып, сулы шүберекпен жан-жағын сүртіп, Арбатқа алып шыққан. Базаркүлдің көкейін түсіну үшін жан қинаудың қажеті шамалы. Бір тиын табыс таппағанымен тұрмай, көкірегі көк тірейтін «классиктің» итшілеп, жоқтан бар жасап, қашанғы артын жабады. Еркек емес пе?! Мырзабайдың бақайына татымайтын суретшілердің әйелдері қазір бұлармен ауыз ұшымен ғана амандасады. Кейбірі тіпті сәлемдеспейді. Міне, осылардың бәрін жіпке тізген моншақтай етіп, Мырзабайдың есіне салудың не пайдасы бар. Өзіне мәлім, Мырзабайдың жүйкесі де үлбіреген ақ мақта. Тозаң тұтса суық ұрған гүл қауызындай солып түседі. Аманы жақсы әзірге.
Мына құм төбе сол суреттегі негізгі нысана. Мырзабай ауылдың үлкен-кішісімен түгел амандасып шыққан соң, кішкене бой жазайыншы деп, бала күннен бауыр басқан осы төбеге тырмысып шыққан-ды. Төбе басынан төңірек түгел көрінетін. Әсіресе, күн батардағы көкжиектің ал-қызыл жалынға оранатын көрінісін айтпаңыз! Нағыз суретші – Табиғат. Бұлардыкі әл-дәрмені жеткенше соның шалғайына жармасу, табиғат жарықтықтың мінезі кіді, жақтырмаса сенің жәдігөй қылығыңа көз қырын да салмайды, ат үстінен аударып жібергендей, сілкіп-сілкіп орта жолда тастап кетеді. Одан кейін келеге келуің екіталай. Артық па, кем бе, кім білсін, Мырзабай өзін бұл ортадан көргісі келмейді. Турасын айтқанда, өйтіп өлгісі келмейді. Таздың басындай қылтанақ өспейтін осы құм төбе… Ұйтқыған жел, құм көшкін… Адамның арбиған саусағы құм астынан сумаң етіп шығып тұр… Кескіндемедегі бар көрініс осы-тын… Көргендер тамсанып, түкірігін жұтты. Суреттегі оқиғаны сөзбен өрнектеп, қиюластыруға келгенде шебер ғой біздің халық: «Экологияға қарсылықты мұнан асырып қалай айтпақсың?!» Бағасы осымен шектеледі. Түкірігін жұтып, таңқалғандарын қайтейін, жеме-жемге келгенде бейтаныс біреу: «пәлен теңгеге сатсаңызшы» деп пәсін сұрамайды. Сұрамаса – сұрамасын. Үш доңғалақты қызыл мотоциклдің жүк салғышына суретті ақ матамен мұқият орап салған соң, Мырзабай күн кештеде Арбаттан сәл көңілсіздеу күйде, басы салбырап келе жатады…
Ауыл үш топқа бөлінген. Естиярлар естелік айтумен күн кешуге дағдыланған, өздерін сөйтіп алдарқатады. Болашақтан күтетін үміттері де шамалы. Мына Мырзабайдың әке-шешесі секілді ниеті жақсылардың жандарына жақындап, топырақ осы төңіректен бұйырса, басқасына бекерге «желіндемейді». Екіншілері – Мырзабайдың ауылда қалған бірен-саран ауру-сырқау замандастары. Жүздері қорқынышты, көздерінде жастықтың да, жылылықтың да тұтамдай белгісі жоқ. Белдері бүкірейген, тістері түскен. Сенің жүзіңе жалтақ-жалтақ қарағыштап, тамақ жібітетін нең бар дегендей, әлдене дәметеді. Онысы бір-екі жартылықтың құны. Қалтаңа қол жүгіртсең жұтқыншағы жыбырлап, әйелі ұл тапқандай ыржың-ыржың күледі. Жә, теңіз тартылсын-ақ, бірақ мына жайсаңдардың бет-ажарын суалтқан ненің зауалы?! Суретшіге сұранып тұрған тақырып. Үшіншілері – Мырзабайдың жанын түсінетін аздаған зиялы қауым өкілдері. Мұғалімдер, ауылнай, клуб, балабақша меңгерушісі, пошта, балық зауытының басшылары. Ауылға тұрбамен таза су тартып жатқан мекеме жұмысшылары да тірі суретшіні көруге асық.
Ауылға құрметті қонақ келді деп қадірлеп, күн сайын үйлерінен дәм татқызатын да солар. Мырзабайды там-тұмдап әңгімеге тартады. Өркениет әлеміндегі шығармашылық үрдіс, қоғамның бет алыс бағдары, «түбі бізді не сақтап қалады?» дейтін күрделі сұрақтың жауабын да үн-түнсіз отырып, Мырзабайдан күтеді. Әсемдік, сұлулық… жүректің тазалығы, кісілік пен кішілік… Отырыс түн жарымынан ауа бере тарасады. Мырзабайдың әке-шешесін көргендер «тамаша ұл тәрбиелеп өсірген екен» десіп, сырттай алғыстарын жаудырады. Мырзабайдың да көкірегі көтеріліп-басылады, ауылға ара-тұра келіп тұрғанның артықтығы жоқ екен-ау деп, ішінен үгітіледі. Ендігі жолы Базаркүлді бірге ала келеді. «Елдің жаман байын қалай сыйлайтындығын көрсін! Бәлкім, одан кейін маған күңкілдеуін доғарар…».
Асты-үстіне түсіп жатқан шынайы ықылас-пейілге «мен не істемекпін, менің тарапымнан да бір шаруа орындалуы керек шығар?» деп, Мырзабай да аздап мазасызданады. Бірақ қандай парыз атқарарын тап басып айта алмайды. Бірде пошта бастықтың кең жайылған мол дастарқаны үстінде Мырзабай ойламаған жерден «ұсталып» қалды. Кеу-кеумен барған сайын қызуы үстемеленген әңгіме-дүкенге туралап араласпағанымен Мырзабайдың «шабыты» буырқанды аяқастынан… Мә, безгелдек, бұрын-соңды мұндай желөкпелігі жоқ-ты. Ақберген, әлде Бақберген… осындай есімді кісі өмір сүреді екен бұл ауылда. Бір қызығы, ағайынмен мүлде араласпайды, біреудің үйіне бас сұқпайды, қуанышты, не қайғылы жағдайға да ортақтаспайды. Өзімен-өзі. Бала-шағасы да солай тәрбиеленген. Мейлі, кімнің қалай өмір сүргендігінде кімнің қандай шаруасы бар. Аман болсын да бұйырған несібесін теріп жеп, жүре берсін. Біреуге кесірін тигізбесе жарады. Жер жетеді, құмды өңірдің қай «жетістігін» қызғанады. «Ойбай-ау, мәселе олай болмай тұр ғой» деп зар илейді жерлестері Мырзабайға көздерінің астымен жалтақ-жалтақ қарап. Алғашында мұның мәнісін Мырзабай да түсінбеген. «Бұл не, мұның аяғы қайда барып тірелмекші?»… Сүйтсе әлгі бар болғыр күн сайын қолына қалам алып, ақ қағазға бір нәрсе түртпесе бойына ас жұқпайтын кеселге ұшыраған біреу болып шығыпты. Арыз жазғанда кісі жаңылдырады. Және айтқан уәжіне иланбасқа шараң жоқ. Бәрі, баршасы қолмен қойғандай, арасына бармақ батпайды, жұп-жұмыр. Біреудің баласы мектепке жылтырап киініп барса, ол қайдан табылған төтенше табыс, бәріміздің тұрмыс-дәрежеміз бір деңгейде емес пе дейтін көрінеді… Бейуақыт той жасағандар артынша тексерістің шырмауына ілігеді… Бірақ Атыөшкір арыз жазады екен деп, ел соның қас-қабағына қарап отыра ма; біреу шілдехана жасайды, біреу үйленеді, біреу тұрмысқа шығады. Бір шәугім шай мен бір асым ет қайда қалмай жатыр. Біреу үйіне бір мәшине шөп түсірсе де, біреу үйінің төбесіндегі ескі шифрды қызыл черепицамен жаңаласа да әңгіме. Мектептегі оқытушылардың дені нашар. Көпшілігі бүгінгі методикалық талапты орындауға қауқарсыз… Клуб меңгерушісі неге ауласын силикат кірпішпен қоршап алған. Кімнен қорқады, яғни таза емес… Айта беретін несі бар, құм өзегіндегі ауыл өсекші ауыл, арызқой ауыл атанды. Отыз үйдің бірінің тауығы артық жұмыртқаласа да, сымсыз телефон зың етіп орталыққа жетіп барады.
– Кім, аты кім дедіңіздер? – Мырзабай да бір сұрақты бүйірден қойып қалды.
– Азан шақырып қойған есімі ұмытылған бүгінде. Оның қазіргі аты – Атыөшкір. Атыөшкір дегенде жылаған баланың үні шықпайды. Ауылдан көшіріп жіберуге біздің құқымыз жоқ. Не істерімізді білмейміз. Біздің айла-амалымыз таусылды, – деп балабақша меңгерушісі суып қалған шайын асығыс ұрттады.
– Біз шаршадық… Берекесі ортаймаған ел едік… бүйте берсе өзгелерге күлкі болатын жайымыз бар.
– Атыөшкірдің бетін кім қайтармақ? Күннен күнге өршіп барады. Тек, әйтеуір, түнде жатқан жас жұбайлардың «бұлар не істеп жатыр?» деп терезесінен сығаламағаны ғана қалды.
– Ал, қызық! – Мырзабайдың тыңдап қана тыныш отырғаны жөн еді.
– Қызық болғанда, сол қызықты бұғаулайтын күш тек сенің қолыңда ғой деп, саған базына айтқалы отырған жоқпыз ба, Мырзабайжан-ау?! – Мектеп директоры көзәйнегін алып, суланған жанарымен Мырзабайдың жүзіне тура қарады.
– Жөн, жөн-ақ, – Клуб меңгерушісі Мырзабайдың жанына жақын келіп жайғасты. – Суретін қалай салсаң олай сал, саған ақыл үйрететін күш қайда бізде! Әзілдеп салсаң тіпті жақсы… Үлкейтілген портретін клубтың қабырғасына іліп қоялық. Бәлкім ақыл кірер, ұялар… Сол үшін саған да айтар алғысымыз шексіз. Оны туған жерге деген перзенттік парызын орындадыға санаймыз. Шын, солай, мені мына отырғандардың бәрі қолдайды, қуаттайды. Атыөшкірді сөйтіп жөнге салмасақ…
***
Мырзабай портреттің шаруасын екі күнде табандап отырып, толық аяқтады. Айнымаған Атыөшкірдің сойып қаптаған нақ өзі! Аздап күлімсірейді. Көз алдында күлтеленіп тұратын әжім іздерінің бірі жоқ. Мойында томардай қара галстүк. Ақ жейде. Шашын сол жағына жылмитып тараған…
Кімнен естігенін, фотосын Мырзабайдың қолына кімнің апарып бергенін қайдам, «суретші сенің бейнеңді кенепке түсіру үшін арнайы келіпті-міс» деген хабарды да ұзынқұлақ жеткізді ғой сол күннің ертеңінде. Атыөшкірдің дегбірі қашты. Үйге бір кіріп, бір шықты. Келіндеріне де, немерелеріне де бір түрлі суық көзқараспен қарады. Әрбір дыбысқа кірпідей жиырылады. Ақыры өзі сол ойға мықтап табан тіреді. Әркім өз жағдайын өзі білуге тиіс. Әу бастағы азан шақырып қойған есімінің көп жыл өткен соң дәл сол сәтте сарт етіп, еске түскеніне таңы бар. Жұдырықтай жүрегі алып ұшып, қалай дегенде де Ақберген бір іске мықтап бекінді: «Мейлі, мені мың жерден көк есекке теріс мінгізіп, бет-аузымды қисайтып сала берсін. Десе де мен әлі тірімін ғой. Кейіпкер өз бейнесін қағаз бетінен көргісі келсе, кімнің таласы бар…».
Әп, бәрекелді! Күн кештете Мырзабай тоқтаған үйге асығып-аптығып жетіп барды. Суретші бояу-бояу қолын сүртіп, анау-мынау дүниелерін жинастырып жатқан-ды. Ақберген тірі жанмен амандаспады. Сол баяғы жау жапырғандай тиюлі қабақ. Әлдекіммен алыса кетуге де тастүйін дайын. Кепсін деп терезе алдындағы үстелге шығарып қойған суретін көргенде тіл-ауызы байланып қалғандай, көздері жасаурап, қолдарын арлы-берлі ербеңдете берді. Бұл неткен керемет! Адамды өстіп те айнытпай бейнелеуге болады екен-ау, ә?! «Өзім әдемі кісі екем ғой, – деді ішінен, – ал, істеп жүрген тірлігім…».
– Сенің әке-шешеңмен жүз шайысқан жерім жоқ еді… – Бар айтқаны осы. Сөйтті де апыл-ғұпыл сыртқа шықты.
Алматыға келген соң Мырзабай суретті аукционға салды. Саған өтірік, маған шын, сурет жарты сағат ішінде қомақты қаржыға сатылып кетіпті. Кім алды, о жағы құпия. Мырзабай Ақбергеннің осы қалада тұратын ұл-қыздары сатып алған шығар деп топшылайды. Мәселе онда емес, мәселе содан соң әйгілі арызқойдың жаздым-жаңылдым, ендігәрі қалам ұстасам қолым сынсын деп, жерлестерінің алдында мың-сан мәрте иіліп-бүгіліп, кешірім сұрағанын айтсаңшы?! Енді бұл жаққа жолы түссе Мырзабайды өзім күтіп алып, сый-сияпатын жасап, өзім шығарып саламын дейтін көрінеді… Мырзабайдың да жолы оңғарылды. Арбатқа табаны тиісімен әлдекімдер аңдып тұрғандай, шығармасын шайымға жеткізбей қағып әкетеді. «Баяғыдан өстуім керек еді. Әрине, туған жер алдындағы перзенттік парыз мұнымен өтелмес, дегенмен шүкіршілік…».
Үш доңғалақты мотоциклін жеңіл мәшинеге ауыстырған Мырзабай келіншегін кешкілік жұмысынан күтіп алып, қала сыртындағы қоржын тамына қарай құйындатып келе жатады.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ





