Назар Қосмамбетов 1900 жылы Жалағаш ауданы «Ақарық» ауылдық округі, №13 «Көкпая» колхозында, бүгінгі Есет батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі зергер Қосмамбет Қараев 1845 -1917 жылдары өмір сүрген, анасы Бегімай Қаракеліні 1914 жылы дүниеден озған. Он жеті жасында ата-анадан айырылған Назар 1917 жылы Өзбекстанның Жоғарғы Шыршық жағына аталастарымен бірге ілесіп көшеді. Ол жақта ағайындарымен табысып, он жылдай еңбек етіп, әбден есейіп-жетіліп Қызылорда каласына 1928 жылдың басында оралды.
Елге келген соң, жұмысқа да, қоғамдық өмірге де араласа бастаған Назардың сауаттылығы мен белсенділігін байқаған жергілікті билік басындағылар оны Мәскеу каласына 3 айлық орталық курсқа біліктілігін арттыруға жіберді. Оқуын үздік тәмамдап келісімен Алматы қаласына ет өнімдерін дамыту бағытындағы аймақтық курсқа қайта оқуға жолдама берді. Мәскеу мен Алматы оқу орындарында біліктілігін арттырып келген әкем партия жолдамасымен, әуелі 1929-1930 жылдары Қызылорда облыстық ет дайындау конторасы директорының орынбасары, 1930-1934 жылдары облыстағы №10 совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысына дейін партия тапсырмасымен Шымкент қаласының нан өнімдері конторасында, кейін Тереңөзек ауданының сельпосында өмірінің соңына дейін асхана мен теміржол дүкенінің меңгерушісі болып абыроймен еңбек еткен.
Әкемнің Қызылорда қаласы мен Тереңөзек ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен игі істерін ұрпақтары үлгі етіп отырамыз. Әсіресе, 9 мамыр күні соғыста шейіт болған және Жеңісті жақындату үшін тылда аянбай еңбек еткен әйелдер мен жасөспірімдерге арнап Құран бағыштап, жеті күлше таратып тағзым етеміз. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа, жандары жәннаттық болсын.
Бөлім командирі, сержант Назар Қосмамбетов 1942 жылы Брянск майданы, 48-армия, 73-Новозыбка атқыштар дивизиясы, 471-атқыштар полкінің, 3-батальоні, 3-ротасының құрамында соғысып, 1944 жылы бір аяғынан айырылып елге оралды.
Нақты деректерге қарағанда 73-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Д.Смирновтың ұсынысымен ССРО ЖК Президиумының атынан алғаш алған «За отвагу» медалі мен Алғыс хаты, ерекше жағдайда берілетін «Сталинский значок» иегерлері қатарында. Сонымен қатар, майдандағы ерлігі үшін І дәрежелі ҰОС, «Қызыл Ту» ордендеріне және бірқатар марапатқа ие болған.
Мен, Мэлс Назарұлы – үйдің кенжесімін. Әкемнен екі жасымда айырылғанмын. Оны ес білген соң анамның айтуымен және суреттерден көріп-біліп таныған жанмын. Бүгінде ел катарлы бауырларыммен бірге жетіліп, білім алып Отанымыз бен ел-жұртымызға әке жолына сай қызмет жасап, саналы ұрпақ тәрбиелеудеміз. Ата-анадан жетеуміз, Назарқыздары – Нұрсан, Гүлбахрам, Роза, Анаргүл, Сәрсенгүл және Назарұлдары Сабыр мен Мэлс.
Енді апама, Сағира Омарқызына әкем айтқан, ал анамның маған жеткізген өмір мен өлімнің жанталас сәтінде әкеміздің қалай ажалдан аман қалғаны жайлы әңгімесін айтып берейін: (бұл әңгіме бірінші рет жария болуда).
«Бұл оқиға, Орел қаласы маңында болса керек-ті. Бір үлкен операция барысында 471-полк шегініске ұшырайды да, блиндажда батальонның картасы мен туы ұмыт қалып кетеді. Жау болса жақындап, жер мен әуеден оқ борап тұрады. Сол мезетте, есін жиған командирі қазақ Назар Қосмамбетов пен қырғыз жігітіне карта мен туды жылдам жеткізуді бұйырады. Бұйрық талқыға түспейтінін түсінген екі жауынгер жандарын шүберекке түйіп, блиндажға қарай ұмтыла түседі. Сұмдық жағдай ту мен картаны қойындарына тығып, шыға берісте басталыпты. Оларды қырғидай құйындап келген неміс истрибителі атқылай бастайды да, оқ қырғыз жауынгеріне тиеді. «Жаралыға жәрдем көрсетем дегенше жаңағы жендет қайта оралып атқылағанда, мен де аяғымнан жараландым. Дегенмен әлде де ойым оған көмектесу еді, бірақ жауынгер досым үзіліп кетті» деген екен.
Содан, содан деп мен де сұрақты анама жаудыра түсетінмін. Апам болса «сосын әкең ту мен картаны қойнына салып, аяғын буып алып, еңбектеп командиріне аманатын табыстау үшін жылжи бастапты. «Кенеттен құлағыма дыбыстық белгіміз жетті. Сол сәтте, мен де белгімді беріп көмекке келген достарыммен табыстым, тапсырма ойдағыдай орындалды» деп, әкең күрсініп айтатын еді».
Сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған, от жалынына шарпылмаған қазағымның отбасы жоқ шығар. Қазақстан халқының 20 пайызы, яғни 1 миллион 200 мыңнан астам адам қанды соғысқа қатысты, қынадай қырылды. Қаншама жанға кіндік қаны тамған топырағы бұйырмай, жат жерде шейіт болды десеңізші?!
Біз, ұрпақтары – өмірінің жалғаушысы, оларды ешқашан жадымыздан шығармаймыз.
Бүгінде Қара ұлдары Қосмамбет, Досмамбет, Есмамбет ұрпақтары кең-байтақ еліміздің шығысы мен оңтүстігін мекендеп жатыр. Атап айтсақ, Сырдария мен Жалағаш аудандары, Шымкент қаласы мен Жетісай ауданы, Өзбекстанның Ташкент қаласы мен Жоғарғы Шыршық ауданы, Талдықорған, Алматы мен Астана қалаларында еңбек етіп, сол өңірлердің өркендеуіне үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өніп жатқан жағдайлары бар.
Мэлс НАЗАРҰЛЫ,
мемлекеттік қызметтің
ардагері, заңгер
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<