Өмір мен майданға шыңдалған

205

0

Фото: автордан

Майдангер Әлжан Жалғасбаев әкесі Көшен репрессияға ұшырап, мал-мүлкі кәмпескеленген соң, Қазалыдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 7 сыныптық білім алған. Арнайы жолдамамен Жамбылдағы  педагогикалық училищеге түсіп, 1938 жылы орта арнаулы оқу орнын бітірген. Сол жылы осы облыстың Свердлов ауданындағы орта мектепте мұғалім болды. Қызметпен қатар Шымкент қаласындағы екі жылдық мұғалімдер институтын сырттай бітірген. Жамбыл қаласындағы Микоян атындағы орта мектепте еңбек етіп жүріп, Кеңес армиясы қатарына алынған.

Ол жастайынан басқа түскен қиын­дық­қа мойымай, қайта шыңдала түсті. Өмірдің ащысы мен тұщысын әбден татты. Жігерін жанитын қиындықтар өмір жолында көп кездесті. Жақсы адамдарға қарап бой тү­зеді, өз-өзін тәрбиеледі, білім алуға ұм­тыл­ды. Әлжан Жалғасбаевтың тұлғалық қа­сиеті осылай қалыптасты.

Өзбекстанның Бұқара қаласындағы По­дольск артиллериялық училищесінде 1941-1942 жылдары оқыған соң, 1943 жыл­дың  наурызынан танкке қарсы жа­уын­герлік полктің 1514 артиллериялық взво­ды командирі болған. Сол жыл­дың мамыр айынан бірінші танк кор­пусы 44-мото­ат­қыштар бригадасы артил­лериялық бата­реясының коман­дирі қызметін атқарған.

1945 жылдың қазан айынан бастап армия қатарынан демобилизациялан­ғанға дейін аталған бригаданың жеке ар­тиллериялық дивизионы ко­мандирінің орын­басары болып, Беларусь, Балтық май­дандарында ерлік көрсеткен.

Бейбіт өмірдегі жұмысы Қызылорда атқару комитетіне қарасты мәдени-ағар­ту мекемесі об­лыстық бөлімінің меңге­ру­шілігінен басталды. Қа­зақстан компартиясы орталық комитетіне қа­расты екі жылдық пар­тия мектебінде оқыды. Сая­си және ғылы­­ми білімін тарату қоғамының жа­уапты хат­шысы болып, Қызылорда пе­даго­ги­­калық инс­титутында білім алды. Оқу­мен қа­тар кеңес баспасының қалалық бө­лі­мінде жұ­мыс істеді.

Жары, жоғары білімді мұғалім Қа­лантай Тәжі­баевамен Бақытгүл, Сәуле, Ба­қытжан, Ғалымжан, Сәлімжан, Болатбек есімді перзенттер тәрбиеледі.

Майдангердің дүниетанымында адам­гершiлiк, ерлік, Отанға деген махаббат бас­ты орында еді. Өмiрге парасатты көзқарасы, елiне сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрмет­тей бiлуі жанында жүрген, көзкөрген аза­маттардың естеліктерінен аңғарылып тұр. Дүниеден озғанша халықпен бiте қайнасып өмір сүрді. Білім мен ғылым жетiспеген ор­таны көрсе, олардың ертеңiн ойлап, мұң­ға бататын. Соғыстан кейінгі өмірін ұс­таздыққа арнауы да сондықтан.

Табиғатынан зерек әрі батыл жан тың­даушы­ларын таңғалдырып, ерлікті, елдікті дәріптеуден жалықпайтын. Керек жерінде кімнің де болса бет-жүзіне қарамай, ойын бүкпей, батыл айтып, адам бойындағы жасық қасиеттерді сынға алатын.

Соғыс және еңбек ардагерінің пайым­дауынша, тіршілікте көрген қызығың мен қуанышың өткінші жаңбырдай қысқа, бұл­дыр сағымдай тұрақсыз, сондықтан адам ойындағы барлық асылын, бойындағы қуа­тын жақсылыққа жұмсауға тиіс. Өмірді босқа өткізіп, қапы қалмау үшін әрбір кісі ақыл-парасаты мен күш-қайратын пайдалы іске жұмсап, мәнді өмір сүруге міндетті. Өзі де дәл солай өмір сүрді. Адал еңбегінің арқасында халықтың ризашылығына ие болды, еңбегі елеулі болып, жоғары баға­лан­ды.

Ол 7 орден (3 «Қызыл Жұлдыз» , 3 «Ұлы Отан соғысы», «Александр Невский» ордендері), 8 ме­даль­мен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Пре­зидиумының мақ­тау қағазымен марапатталған. Қы­зыл­орда қаласындағы №11 орта мектепте Ә.Жал­­ғасбаев сабақ берген дәрісхана музейге ай­налып, алғашқы әскери даярлық пәні­не қатысты және батырдың ерлігін баян­дайтын кішігірім экспозиция құрылды. Со­нымен қатар Тасбөгет кентінің бір кө­шесіне Әлжан Жалғасбаевтың есімі бе­рілді.

Батыр денелі, озық ойлы Әлжан Кө­шенұлын жұртшылық жақсы танитын, жан­дарына жақын тартатын. Мектепте ұйым­дастырылған музей, Тасбөгеттегі оның атына берілген көше ерлік даң­қының еш­қашан өшпейтінін айғақтап тұрғандай. 

Ғалымжан ЖАЛҒАСБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<