Еңбек жолын Жалағаш ауданы К.Маркс атындағы колхозда есепші болып бастаған Бохан Сүлейменов 1942 жылдың қаңтар айында Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанған.
– Оңтүстік Батыс майданының құрамындағы №75 гвардиялық атқыштар дивизиясы, №231 гвардиялық атқыштар полкінде бронебойщиктерді дайындайтын қысқа мерзімді оқу-жаттығу курсынан өткеннен кейін, осы полктің №1 атқыштар батальонында танкке қарсы қолданылатын калибрі 14,5 миллиметрлік ПТРД-41 (противотанковое ружье Дегтярева) мылтығының расчет командирі әрі көздеушісі болып тағайындалады.
Соғыстың алғашқы айларында қолданысқа енгізілген бұл қару түрі орта және жеңіл салмақты танк пен броньді машинаны 150-300 метрге дейінгі қашықта жоюға арналған болатын.
Бұл өте қауіпті мамандықтың бірі болып есептелетін, өйткені шайқас басталысымен жаудың самолеттері, танктері, артиллериясы мен жаяу әскерлері бірінші кезекте алдыңғы шептегі танктерге қарсы қолданылатын зеңбіректердің расчеттері мен бронебойщиктердің көзін жоюға талпынатын.
Осы қарумен қаруланған әскери бөлімдердің жауынгерлері алғашқы шайқаста-ақ түгелге дерлік неміс танктерінің шынжыр табанын астында тапталып қаза тапқан оқиға көптеп кездесті.
«Мылтығының оқпаны ұзын болғанымен, иесінің өмірі қысқа» деген қызыл әскерлер арасында кең таралған мақал осы мамандық иелері жайлы айтылған.
Ұлы Отан соғысы кезінде шешуші рөл атқарған Курск шайқасына бастан-аяқ қатысқан Бохан атамыз Поныри деген деревняның маңында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қасындағы көмекшісі қаза тапқаннан кейін жеке өзі ПТР мылтығымен жаудың 2 танкісінің ұрымтал тұстарын көздеп атып, өртеп жібереді.
Бұл оқиғаны көзімен көріп, куә болған №231 гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Маковецкий өз қолымен толтырған Марапаттау парағында Б.Сүлейменовті І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсына отырып, оның ерлігін былай деп сипаттайды:
«…Орел-Курск бағытындағы шайқастарда ол өзін батыр әрі ержүрек жауынгер ретінде көрсете білді. 1943 жылдың 6 шілдесінде жау танктерінің шабуылын тойтару кезінде жалғыз өзі ПТР мылтығымен жаудың 2 танкісін, оның ішінде 1 «Тигр» танкін қиратып, өртеп жіберді. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттауға лайық…»
Ұлы Отан соғысының тарихына жүгінсек, немістердің дүниежүзіне белгілі «Цейс» фирмасының қуатты оптикалық көздеу және бақылау құралдары орнатылған калибрі 88 миллиметрлік ұзын оқпанды зеңбірекпен қаруланып, қалың броньді сауытпен құрсауланған салмағы 57 тонналық Т-VІ «Тигр» маркалы бұл неміс танкісі кеңес танктерін алыстан, яғни 2,0-2,5 шақырым қашықта камулятивті және подкалибрлі снарядтармен атқылап, өртеп жібере алатын аса қаһарлы қару түрінің бірі болатын. Ал соғыстың алғашқы кезеңінде калибрі 76,2 миллиметрлік зеңбіректермен қаруланған кеңестік танкілер мен танкке қарсы қолданылатын зеңбіректер «Тигр» танкін тек 400-500 метр қашықта, онда да броньді сауыты жұқа екі бүйірі мен артқы жағына ғана оқ жаудырып, қирата алатын.
Осыдан-ақ ашық майдан даласында атынан ат үркетін неміс танкілерімен жекпе-жек шайқасқа шығып, жалғыз өзі ПТР мылтығымен екі танкті қиратып, өртеп жіберген Бохан атамыздың тегін кісі емес екенін аңғара беріңіз.
Ол 1945 жылдың наурыз айында Вена қаласының түбінде шабуылға көтерілген жауынгерлерге бас көтертпей оқ жаудырып тұрған жаудың пулемет нүктесін жойған тағы бір ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Венаны алғаны үшін» медалімен марапатталды.
Оңтүстік Батыс, Орталық және ІІ Украина майдандарының құрамында Украина, Молдавия, Беларусь республикалары мен Еуропаның Польша, Австрия, Чехословакия секілді бірнеше мемлекетін неміс-фашист басқыншыларынан азат ету операцияларына қатысқан гвардия аға сержанты Бохан Сүлейменов Жеңіс күнін Чехословакияның астанасы Прага қаласында қарсы алды.
Майдан даласында үш рет жараланып, қайта сапқа қосылған ол 1946 жылдың күзінде аман-есен туған жерге оралды. Соғыс жылдарында тұралап қалған ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіруде еңбек майданының жауынгеріне айналды.
Соғыстан кейінгі жылдары тағы І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.
Күлпара әжеміз екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген соғыс және еңбек ардагері Бохан Сүлейменов 2000 жылы Бұқарбай батыр ауылында қайтыс болды.
Қанат ЖАПАҚОВ,
Жалағаш аудандық
тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<