10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады

507

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады.

Облыс әкімі Президенттің Ұлытау облысына жасаған сапарының қорытындылары негізінде әзірленген аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын ұсынды.

Ұлытау өңірінің экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды құжат 240-тан астам іс-шараны қамтиды. Олар әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды және өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуді көздейді.

Мемлекет басшысына таныстырылған кешенді жоспарда инвесторлар тарту, қатты күйінде келетін пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту мен жаңа кен орындарын игеру, геологиялық кластер құру мен оны дамыту мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған.

Келесі жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынады. Сонымен қатар әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады. 

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәдени-ағарту нысандарын жөндеу және қайта құру туралы да айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделген. 

Мемлекет басшысына баяндалған өзекті мәселелердің тағы бірі – облысты ауызсумен және сапалы жолдармен қамтамасыз ету. Қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жұмыстары және су бұру жүйелері қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар облыстық маңызы бар 289,5 шақырым жолды, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолды жөндеу мен қалпына келтіру жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп орындауды тапсырды.

Көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға және барша армян халқына Еревандағы «Сурмалу» сауда орталығында болған жарылыстан көптеген адамның қаза болуына байланысты жеделхат жолдады.

Жеделхатта Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<