2200 шақырымды велосипедпен бағындырады

771

0

Осы аптада әуесқой велошабандоз Дамир Көшеев велосипедпен Алматы қаласынан Сыр еліне жетті. Ақтөбеге дейін мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсерем деген ерікті сапар барысында мұқтаж отбасылардан шыққан жеткіншектерге қайырымдылық көмек көрсетуді көздейді. Саяхатшыны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Каюпов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов пен қаладағы велосүйер қауым ерекше ілтипатпен күтіп алып, маңызды сапарда сәттілік тіледі.

– «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанат­тандырған Қызылорда жайлы айтылған сөздер. Бүгінде өңір дамуы айшықты. Білім, өнер, мәдениет саласы өрлеу жолында. Спортта да серпіліс айтарлықтай, соның ішінде велоспорт түріне қызығушылар саны артқан. Қызылорда карантин уақытында ашық аспан астындағы жаттығу залына айналды. Тәуелсіздік даңғылы бойында велосипед теуіп, бос уақытын тиімді өткізетін жастар көбейген. Алғашқы астанаға, қасиетті топыраққа қош келдіңіз! Қолға алған бастамаңыз сәтімен болсын, – деген тілегін жеткізді Р.Каюпов.

Шынында, қызығы мен қиыншылығы қат-қабат мұн­дай айшылық сапарға шығуға екінің бірінің батылы бара қоймайды. Ал, Дамир үшін бұл алғашқы тәуекел емес. Шара барысында волонтер жазда «Абайға жол» акциясы аясында ұлы ақынның туған жеріне жаяу сапар шеккенін айтты.

– Сапарға неге көлікпен, атпен, тым болмаса велосипедпен бар­майсыңдар деп сұрап жатты. Бірақ, біз стереотиптерді бұзғымыз келді. Жалқау халық емеспіз. Бастапқыда экспедиция құ­ра­мында төрт адам болдық. Алайда, арамыздағы екі адам ұзақ жолға шыдамады. Мәреге туған бауырым Дәулет Көшеевпен бірге жеттік, Абай жерленген кесенеде болып, ұлы ақын туған өлкенің керемет жерлерін араладық. Бұл іс – ұлы ойшылдың мерейтойына қосқан аз да болса үлесіміз, – дейді Дамир.

Ал, бұл кезекті сапардың мәні тіпті бөлек. Жоспар бойынша Дамир 5 облысты велосипедпен жүріп өтуге тиіс. Жол бойы кездескен ауыл-аймақтарды аралап, ондағы смартфон, планшет секілді техникаларға мұқ­таж оқушылардың ті­зімін жасайды. Шеру ұйым­дас­тырушылары тиісті қара­жатты жинап, көмекке зәру жандарға жіберіп отырады. Айрықша жобаға демеу­шілік танытқандардың бірі – кәсіпкер Қайрат Құ­дай­берген. Бизнесмен шеткері ауыл­дар­дағы интернеттің қалай жұмыс істейтінін, балаларға қашықтан білім алуға қандай жағдай жасал­ғанын білгісі келеді және көмекке мұқтаж жандарға қол созуға асық.

Қайырымдылық қанат қаққаны жақсы. Мұндай шаралар жұртшылықтың назарын аудара отырып, игі істердің өркен жаюына да серпін береді.

М.СНАДИНҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<