30 жылдыққа – 30 игі іс

1667

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және «Алғыс айту» күніне орай өңірде аймақ басшылығының бастамасымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны, «Қазақстан. Тәуелсіздік. Ассамблея» тақырыбындағы салтанатты шараны өткізу жоспарланғанын айтты.

– Қазір кешенді шаралар жоспары жасалды. Қоғамда ынтымақтастық пен өзара қолдауға бағытталған «Еліме алғыс айтамын!» айдарын ашып, «Шын жүректен» тақырыбында бейнероликтер әзірленеді. Әр сала үздіктерін қатыстыра отырып, «30 жылға – 30 тілек» құттықтаулар легін дайындау, тәрбие сағаттарын ұйымдастырып, «30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында қоғамның осал топтарына көмек көрсету күн тәртібінде, – деді Б.Мастеков.

Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған ең алғашқы этномәдени орталық  –облыстық татар этномәдени бірлестігі. Бірлестікке биыл 30 жыл толып отыр. Басқосуда бірлестіктің жоспарланған жұмыстары жайлы облыстық татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллина тарқатып айтты. Бұған дейін Сыр өңіріндегі әр этностың рухани құндылығы, қазақ жеріне келу тарихы жайлы, оның тілі мен мәдени мұраларын насихаттау мақсатында «Ұлылық ұясы», «Ізгілікке толы жылдар» айдарымен арнайы бейнесюжеттер жарық көрген. Ал, алдағы уақытта елге еңбегі сіңген этнос өкілдері жайлы «Тұлғалар» айдары қолға алынатын болады. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы да атаулы мереке қарсаңында өз тартуларын ұсынады, індет өршіген уақытта олар волонтерлік бағыттың дамуына күш салған болатын.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 35 этнос өкілі тұрады. «Достық үйінде» 11 мәдени бірлестік, аудандарда 6 және 9 қоғамдық құрылым жұмысын жемісті жалғастыруда. Өткен жылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау бағытында «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері және «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобалары жүзеге асты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<