Әйелдер дәрігерлерді, дәрігерлер әйелдерді кінәлайды

1051

0

«Басты міндеттің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәби өлімі көбейді. Ана өлімі де аз емес. Перинаталды қызметті тексеруге тапсырма бердім. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылдануы керек еді. Алайда барлық жұмыс аудит деңгейінен аса алмай, тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Осы мәселені жүйелі түрде шешу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айдағы  Үкімет отырысында.

Ана мен бала денсаулығы − медицина саласының ең өзекті мәселесі. Дабыл қағарлық жағдай. Сыр өңірінде де ана мен бала өлімі жиілеп барады. Өткен жылы дәл осы кезеңде 94, ал биыл 113 нәресте жарық дүние есігін ашпастан қош айтысты. Сондай-ақ, жыл басынан бері Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласында ана өлімі тіркеліп отыр.

Босануы күрделеніп, бір ота жасалған әйел бірнеше  рет пышаққа түсу жағдайлары жиілеп кетті. Қала тұрғыны Жұлдыз өзіне отаның дұрыс жасалмағанын, бірнеше рет пышаққа түсіп, салдарынан дәрігерлер жатырын алып тастағанын әлеуметтік желіге жазды. Дәл осыған ұқсас оқиға Сандуғаш есімді жас ананың да басынан өткен. Қазір ол үйінде, ұлына қарап отыр. Әйтсе де, босанудан денсаулығына ғана емес психикасына зиян келген.

− Дәрігерлер өз қателерін түсініп кешірім сұрады. Жақындарым кешірім бергенімен, өзегім өкінішке толы. Бұған дейін екі рет өзім босандым. Еш қиындық болмап еді. Толғағымды бақылауда ұстап, дер кезінде босандырып алғанда, мұндай болмас па еді? Қаншама дәрігерді оқыттық деп жатады. Білікті мамандар болмағаны ма? − дейді ол.

Қызға көңіл бөлуді қойдық

Болашақ ана емханаға уақытылы бармайды, жас аналар мектебінен кеңес алмайды. Босану бөлмесіне психологтар дайындығынан өтпей барады. Салдарынан аймақта жас аналардың бірінші босануда-ақ кесарь тілігіне алынуы жиілеп кетті. 

Жиырма жастағы Нұрай толғақтың ауырлығына шыдамай кесарь тілігіне келісім берген. Себебі, жас анаға қолдау білдіретін қасында ешкім болмаған.

− «Бірінші баланы өзің босануың керек еді» деп бәрі сөйлеп жатыр. Толғақ жаныма қатты батты, шыдамадым. Ауыртпайтын дәрі салыңыздаршы, тезірек босандырып алыңыздаршы деп жалындым. Назар аудармады. Акушерлер сәл шыда өзің тууға мүмкіндігің бар деп демеу көрсеткенде бұлай болмас па еді. Алғаш босанушы аналарға психологиялық көмек керек қой. Шыңғырып жатсақ та, шыда деп кетіп қалады, − дейді жас ана.      

Қала тұрғыны Жұлдызай Нақыпова «қызға көңіл бөлуді қойдық. Болашақ ана ретінде оның денсаулығына үлкен мән беруіміз керек» дейді.

− Қазір жас қыздарға ана болу үшін дұрыс тамақтанудан, жылы киінуден бастап үйрету керек. Ата-ана жұмыс басты болып кеткен. Қызының болашақ ана екенін түсініп, денсаулығына мән бермейді. Жастардың жейтіні чипсы, ішетіні кола. Ақуызға бай тағамға үйретпейміз. Содан денсаулық жоқ. Тоңазытқыштан алып суық су ішеді. Содан бүйректерін құртады. Қазіргі жас келіндердің көбісі енені тыңдамайды. Енесі құрсаққа бала біткеннен бастап келінін жамандықтан қорғап, ұрпағының болашағы үшін жақсылыққа бағыттап отырады. Осыны түсіне бермейді келіндер, − дейді ол.

Мамандар тапшы

Ахуалдың бұлайша күрделенуіне не себеп? Мамандардың айтуынша, бүгінде облыстағы жүкті әйелдердің 99%-інде экстрагенитальды аурулар кездеседі, яғни, олардың басым бөлігі қауіп-қатер жағдайында босанады. Кейінгі екі жылда өңірде 22 ана өлімі тіркелді. Ал, биылғы көрсеткіш бойынша республикада төртінші орында тұрмыз. Облыста жыл сайын медицина мамандарын дайындауға қаржы бөлінеді. Әйтсе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов өлім-жітімнің бұлайша жиілеуіне экологиялық жағдайдың кесірі зор дейді. Сондай-ақ, маман тапшылығы да кері әсерін тигізіп отыр.

− Ана мен бала өліміне тікелей әкеп соғатын көрсеткіштердің бірі − кадр тапшылығы. Облыс бойынша босандыру ұйымдарының жалпы акушер гинекологтармен қамтамасыз етілуі 94 процент, ең жетіспейтін маман бізде анестезиологтар 65 процент ғана қамтылған. Неонатолог мамандармен қамтамасыз ету 90 процентті құрап отыр. Облыс бойынша босандыру ұйымдарының барлығында 106 акушер-гинеколог жұмыс жасаса, оның 71 проценті оперативтік техниканы меңгерген, оның ішінде алтауы ғана кең көлемді оталар жасай алады,  − дейді С.Пазылов.

Бұл дегеніміз облыс бойынша ең күрделі жағдаймен бетпе-бет күресе алатын 6 ғана кәсіби маман бар деген сөз. Олардың қолы 7 ауданға бірдей жетпесі белгілі. Әсіресе, шалғай елді мекендерде қауіп үдеп барады. Мәселен биыл Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласында қатарынан ана өлімі тіркелді. Сондықтан мамандар мәселесі шешілгенше оңалту шараларына басымдық берген жөн.

Жүктілікке дейін дайындық керек

Облыс орталығындағы №1 емханада 464 әйел жүктілігі бойынша есепте тұр. Үш гинекологиялық аймақта дәрігерлер бар. Мамандар кабинет жетіспесе де, жүктілік кезде бақылаудан өтуге барлық жағдайды жасап қойыпты. Екі УДЗ аппараты бар. Аймақтарды аралап әуре болмас үшін жүкті әйелдерге арнайы терапевт дәрігер бөлінген. Жыл басынан бері бір сәби өлімі тіркелген. Алайда зерттеуден құрсақ ішіндегі ақау анықталмаған. Қарбалас жұмысына қарамастан аталған емхананың бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Гүлнар Сұлтангереева біздің сұрақтарымызға жуап берді.

− Дені сау анадан ғана дені сау бала туады. Сондықтан жүктілігі бойынша дер кезінде есепке тұрып, ем алса дейміз. Өзімізде тәжірибелі мамандар бар. Ананың аяғында ісік, бүйрегі ауру, кіші дәретінде белок көп болса емделуі керек. Әйтпесе бала өмір сүруге қабілетсіз болып туады. Ерте босанып қоймас үшін жүктілікке дейін дайындық қажет. Әйелдің денсаулығындағы ақауды көріп тұрып, әзір көтермеуге кеңес береміз. «Босанатын өзім, асырайтын күйеуйім шаруаларыңыз болмасын» деп сөйлейді. Осыдан соң денсаулығы жоқ әйелден науқас бала туылады, − дейді дәрігер.

Сол жағалауда емхана жоқ

Бұл емханада 17 аймақ бар. Соңғы жылдары сол жағалау шағын ауданы да қосылды. Тұрғындары күн санап көбейіп жатқан шағын ауданға дәрігерлер зыр жүгіріп қызмет қылып жүр. Әйтсе де, маман тапшылығы, ал кейбір тұрғындардың ем алуға деген көзқарасы нашар дейді мамандар.

− Сол жағалау шағын ауданы екі аймаққа бөлінген. 24 аймақта бір жасқа дейінгі 64 бала бар, 25 аймақта 175 бала тіркелген. Біз баланың денсаулығына алаңдаймыз. Қабылдауға шақырсақ, кейбір аналар жолақым жоқ деп келмейді. Арнайы көлік бөлдік. Келмесе іздеп барамыз. Қажет болса ішке алып келіп тексереміз. Ауруханаға жатпаймыз дейтін жағдайлар кездеседі. Аймақтық дәрігер тапшы. Үш дәрігер тұрақтамай кетіп қалды.  Себебі халықпен түсінісіп жұмыс істеу қиын, − дейді білікті маман.  Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін жаңа шағын ауданға шынында емхана салу қажет.

Қаладағы ірі емханалардың бірі − №6 емхана. Мұнда 1025 жүкті әйел есепте тұр. Жыл басынан бері 12 бала шетінеген. Олардың 8-і − салмағы жетпей туған балалар. Әйелдердің босануға дейінгі бақылауына барлық жағдай жасалған дейді жауапты мамандар.

− Баланың шетінеуіне ана құрсағында ақаулар болуы, анасының дұрыс ем алмауы себеп болады. Дұрыс тамақтанбайды. Қабылдауға газдалған сусын ішіп келетін келіншектер бар. Әйел көтермей тұрып емделуі керектігіне мән беруі қажет. Емханада бір жасқа дейінгі 3528 бала бар. Олардың арасында әртүрлі туабітті аурулармен ауыратын, мүгедектігі бар бүлдіршіндер кездеседі. Баладағы туабітті ақаудың алдын алу үшін анасы дер кезінде тіркеліп, екі баланың арасын тым жақын қылмай, жүкті болудың жауапкершілігін сезінсе дейміз, − дейді бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасары Дара Айболқызы.

Аталған емхана жыл басында жаңа УДЗ аппаратын алдырыпты. Бұрын ультрадыбыстық зерттеуге тексерілу үшін жеке емханаларды жағалап кететінбіз. Тәжірибелі УДЗ маманы Гүлжан Ибраева жұмыс істеп отыр. Күніне оннан аса жүкті әйелді тексеруден өткізеді. Бұрынғыдай емес емдеу ошақтарында материалдық-техникалық жағдайлар жақсарған. Әйтсе де жүктілікті жоспарлау дегенді біздің қазақы болмыс әлі де қабылдай алмайтын секілді.

Ал  қалалық №3 емханада  жыл басынан бері 1150 жүкті әйел есепке алынған. Олардың 601-і денсаулығына байланысты қауіпті топта. Экстагенитальдық аурулармен ауыратын  68 жүкті әйел бар. Олар бүйрек, жүрек, неврологиялық, эндокриндік аурулармен ауырады.  Қазіргі таңда 809 жүкті әйел бар. Ағымдағы жылдың 6 айында ана өлімі тіркелмеген. Бірақ  8 нәресте шетінепті.

− Акушерия-гинекология бөліміне өткен жылы кольпоскоп аппараты алынды. Екі КТГ эксперттік ультрадыбыстық аппаратпен қамтылған. Толық жұмыс істеп тұр. Емханада 4 ультрадыбыстық зерттеу дәрігері бар. Босануға дейінгі күтімге қажетті барлық жағдай жасалған, жүктілікке дейінгі барлық кабинеттер қамтылған. Отбасын жоспарлау кабинеті, күндізгі емхана, әйелдер қарау, дәрігерге дейінгі қарау бөлмесі бар, − дейді №3 емхананың бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Нұрия Жұмағалиева. 

Аудандардағы ана мен бала орталығындағы ахуалды білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Мая Мирзановамен хабарласып едік, ауырып қалғанын айтты. 

Облыс әкімінің назарында

Аймақ басшысы ана мен бала мәселесін басты назарға алды. Облыс әкімдігінде арнайы алқа мәжілісін өткізді. Онда саладағы мәселелердің оң шешім табуын тапсырды.

− Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар! Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.  Біз үшін әрбір ана мен әрбір баланың өмірі қымбат. Біз сол балалардың әрқайсысын өз баламыздай көруіміз керек! − деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Мәселені зерделеп біз облыс орталығындағы ең ірі үш емханаға бардық. Техника мен білікті мамандар бар десе де олқылықтар орын алған. Алыс ауылдар мен аудандағы жағдайды өзіңіз бағамдай беріңіз. Әйелдер дәрігерді, дәрігер әйелдерді кінәлайды. Аймақ басшысы ана мен баладан қаржыны аямаймыз деді. Қоғам бала өміріне, ана саулығына көзқарасты дұрыстау қажет. Мәселені оңтайлы шешу үшін аналар да, дәрігерлер де жауапкершілікті күшейтсе игі.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<