Әлеуметтік саланың жауапкершілігі үлкен

513

0

Өткен жылы пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына сындарлы сәт туды. Күн сайынғы динамиканы бақылау бір бөлек, вирусқа шалдыққан азаматтарды емдейтін төсек-орын табу өте өзекті-тұғын. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 төсек-орын әзірленді. Шұғыл шараларды қабылдаудың нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған модульдық жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысын бастады. Осы және әлеуметтік салаға қатысты кейінгі жылдардағы өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Балжан Шәменова кеңірек тоқталды. Сондай-ақ бұл Балжан Мөрәліқызының басқа қызметке ауысуы алдындағы БАҚ өкілдерімен есепті кездесуі болды.

Негізгі мамандығым қар­жы­гер болғандықтан, бюд­жет­ті жоспарлау және оның тиім­ді жұм­салуына ерекше мән бердім, – деді ол бас­­­па­сөз мәс­лихатында. – Әсі­ре­се, ауруханаларға қа­жет­­ті құ­рал-жабдық сатып алу­ға кө­ңіл бөлдік. Жасыратыны жоқ, ай­мақта дәрігер­лердің тап­­­шы­лығы бар. Кадр тапшы­лығын азайту мақса­тында ауру­ха­на­­лар­дың бас дәрігерлеріне өз бюд­жетінің есебінен пәтер жалдау тө­лемдерін қамтамасыз етіп, ай­мақта сұранысқа ие ар­найы дәрігер мамандарды ша­қырдық. Бұл өте өзекті қадам болды. Тағы бір маңызды мә­селе – ана мен бала өлімі көр­сеткішінің өсуіне жол бермедік деп санаймын. Өткен жылы аймағымызда 10 бала өлімі орын алса, оның 3-еуі – коронавирус салдарынан болған. Биыл ана мен бала өлімі жағдайлары тіркелген жоқ. Сонымен бірге ауруларды ерте анықтау және алдын алу мақсатында скрининг зерттеулерді кеңінен жүр­гізуге, оның ішінде есту қа­бі­летінің нашарлауын жә­не өзге де патологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында жүйелі түрде жұмыстар кеше­нін жүргіздік.
Балжан Мөрәліқызы білім беру саласында қолға алынған жұмыстан да хабардар етті. Айталық, 2021 жылы 77 жас түлек Ресей Федерациясының тех­никалық жоғары оқу орында­рын бітіріп келсе, оның ішінде 45-і (58%) тұрақты және уақытша жұмыстармен қам­тыл­ған, ал 20-сы (26%) оқуын әрі қарай жал­ғастыруда (аспирантура), 8 адам облыста ұсы­нылған жұмыстардан түрлі себептермен бас тартқан.
Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілген гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 2019-2021 жылдарда 239 грант алушы қаржыны мақсатсыз алғанды­ғы анықталып, мемлекет қар­жысын бюджетке қайтару жұ­мыстары жүргізілуде.
2021 жылы «Жұмыспен қам­ту жол картасы» аясында 18 инфра­құрылымдық жобаға 3,7 млрд теңге бөлініп, жұмыс жасал­ған. 17 жоба бойынша 693 адам жұмыспен қамтылып, міндетті зейнетақы жарнасы (97 процентіне) толы­ғымен ау­дарылған. Биылғы жы­лы іске қосылған 7 нысанда 16 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Оған қоса, жұмыспен қамту­дың белсенді шараларын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қосымша 7,6 млрд теңге қаржы бөлінді.
– Өткен жыл – білім сала­сы үшін де тәуекелдерге қарсы тұруға жол ашқан жыл болды. Мектепке дейінгі және орта білім деңгейінде жан басына шаққан қаржыландыру (поду­шевое финансирование) жүйесіне ауысты. Әсіресе, же­ке балабақшыларды қаржы­ландыру мәселесі өте өзекті еді. Бірақ біз ол қиындықтарға қарамастан жан басына қар­жы­­ландыру тәртібін сәтті жү­зеге асырдық. Былтыр об­лыс­тағы барлық білім беру ұйым­­да­рының вертикалды бас­қару жүйесіне көшіп, бө­лін­ген қаражаттың мақсатты жұм­салуы, білім саласындағы инди­каторларға қолжеткізу шараларын қабылдауда нақты жұмыстар ұйымдастырылды. «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздарға қол­дау шараларын кешенді түрде жүр­гіздік. Айлық жа­лақы­сының ар­туына, жас ұстаз­дардың көп­теп келуіне мүм­кіндік берген жыл болды. Ұстаздарды қар­жылай қолдау және үздік бі­лім мекемелеріне сыйақы қар­жысын көбейттік. Бұрын үздік мектеп 17 миллион теңге алса, өткен жылы екі есеге ұлғайтып, 34 миллион теңгенің сертификатын ұсындық. «Жас­тар жы­лы» аясында техни­ка­лық жә­не кәсіптік білім ұйым­дары­ның материалдық-тех­никалық базасын жабдықтау бойынша «Жас маман» жобасы іске асты. Жобаға қатысушы 9 кол­ледждің кадрлар даярлау бағыттары бойынша шеберхана мен зертханалардың заманауи құралдармен жабдықталып, құзыреттілік орталықтары ашыл­ды, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында «Жастар жылы», мемлекеттік-жекешелік әріптестік және әлеу­меттік салаға қатысты жү­зеге асқан өзге де жұмыстар сөз болды. Қорытындысында Балжан Шәменова БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, ал­дағы уақытта басқа қызметке ауысатыны туралы айтты.
– Мен қай кезде де Сыр елі­нің дамуына бар күш-жігерімді салып, жинаған тәжірибемді арнап, әріптестерімді қолдауға дайынмын, – деді Балжан Мө­рәліқызы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<