Әлеуметтік желідегі жастар тілі

1399

0

«Кез-келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара»

Әбу-Насыр әл-Фараби

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні барлық адамдар қолданады. Әсіресе жастардың тарапынан белсенділік өте көп. Иә, әлеуметтік желі арқылы біз бір-бірімізбен сөйлесеміз, ақпарат алмасамыз, тіпті өзімізге қажет дүниелерді оңай жолмен іздеп, тауып жатамыз. Бірақ, оның тек жақсы жағы ғана бар деп айтуымыз қате. Себебі, соның салдарынан көптеген жағдайлар туындап жатады. Соның бірін алатын болсақ, қазіргі таңдағы ең ауқымды, шешілмей жүрген мәселелердің бірі – қазіргі жастардың тілі.

Қазір заманның дамығаны соншалық әлеуметтік желінің түр-түрін пайдаланамыз. Бірақ жазу сауаттылығына, мән бермейтін жастар қатары көбейіп келеді. Сөздерді қысқартып жазатын жастар да бар. Мұндай қателікті жастар ғана емес тіпті үлкендер тарапынан да байқауға болады. Қазақ халқының жазу стилі де, сөйлеуі де әдемі. Сол әдемілікті құртуды қажет емес деп санаймын. Керісінше осындай қателіктерді бізден кейінгі жас буынның қайталамауына ат салысқан жөн деп ойлаймын. Жалпы, бүгінгі жастар әлеуметтік желіде сленг сөздерді жазу арқылы тіл нормасының бұзылуын арттырады.

Жастар арасындағы коммуникацияның әлеуметтік желіде өзгерісі – сленг сөздердің көбеюімен және сөздерді дұрыс қолданбаумен сипатталады.  Жастар арасында сленг сөздерді ауыстырғанда, олардың өзгеріп кетуіне, өзара байланысына және коммуникациялық аймағына тигізетін әсері ұшан-теңіз. Бұл арқылы тек тіл нормасы ғана бұзылмайды, тіл байлығы сарқылады. Сленг сөздердің пайда болуы және әлеуметтік желіде пайдалануы жастардың тіл нормасын бұзуды алғаш реттеп қарастыруға көмекші болуы мүмкін. Сленг сөздер жастардың әлеуметтік желіде пайдалануы арқылы саяси, сарапшылықтық және экономикалық ерекшеліктерін салыстыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл дүниенің шектен тыс қолданылуы расында орфография ережесінің жоғалып кетуіне әкеледі. Тіпті ережеге бағынбаушылық қағидасын қалыптастыруы ықтимал. Сол үшін жаңа сөздерді пайдаланғанда мағынасына, дұрыс-бұрысын бақылауға алу керек.

Қорыта айтқанда, бүгінгі жастар жазу, сөйлеу сауаттылығына аса мән берсе нұр үстіне нұр. Әлеуметтік желідегі сауаттылық – қоғам сауаттылығының негізгі бастамасы!

Нұрилаәсем ТҰРМАХАНОВА,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

3-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<