Әрбір жоба нәтижелі аяқталуы тиіс

225

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістен кейін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет мәжілісте берілген тапсырмаларды нақтылау бойынша арнайы жиын өткізді.

Жиында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен «Ауыл аманаты» жобасын ауданда жүзеге асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Басқосуда аудан басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай, Бозкөл, Кәукей ауылдарында салынған дәрігерлік амбулатория құрылыстарында орын алған кемшіліктерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Қазалы аудандық көпбейінді аурухана ғимаратына 46 төсекке арналған қосымша блок қосу арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін айтып, бұл жұмыстарды да сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауға керектігін жеткізді.

Сонымен қатар екінші мәселе «Ауыл аманаты» жобасын әрбір ауылда жүзеге асырып, өнім өндіруді арттыру, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобаларды несиелендіру бағытында бірлесе жұмыс жасап, ауылдық жерлерде бау-бақша өнімдерін өсіруде және жылыжай мәселесін қолға алуды тапсырды. Бұдан бөлек ауданда басталған әрбір жобаның өз мерзімінде нәтижелі аяқталуына жұмыс жасау керектігін айтты.

Жиында күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек жылу беру маусымының өту барысы қосымша қаралып, аудан орталығы мен ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жылу желісін газға ауыстыру мәселесі қаралды. Мейрамбек Зинабдинұлы бұл ретте көмір қорының жеткілікті болуы, әлеуметтік нысандардың қазандықтарын қайта жаңғырту, тұрғындарды коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету, ажыратуларды болдырмау, алдын алу шараларын қабылдау өте маңызды екенін айтып бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Мұнымен қоса өрт қауіпсіздігі мәселесінде тілге тиек етіп, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығына кент, қала және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізу керектігін жеткізді.

Аудан басшысы жиын барысында орта және шағын бизнесті дамыту, аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, аббаттандыру жұмыстарын жүргізу, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын-алу, тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту сынды халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу жолында аянбай жұмыс жасауға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<